Алматыда өз анасын балдақ сынғанша ұрған ер адамға сот үкім шығарды
Алматыда өз анасын балдақ сынғанша ұрған ер адамға сот үкім шығарды
Фото: kaz.tengrinews.kz
3,031
оқылды
Алматыда ер адам анасын ұрып соққан. Анасын аяусыз ұрған тұрғынға қатысты сот үкім шығарды, – деп хабарлайды Almaty.tv. Қарт адамды дәрменсіздігіне қарамастан, соққыға жыққан. Оның озбырлығы жер үйдегі бейнекамераға түскен. Онда шамамен 50 жастағы азаматтың өз анасын, ең алдымен, буындырып, жерге құлатқаннан кейін балдақ сынғанша төмпештегені анық көрінеді. Өз анасына күш қолданған адам мұнымен тоқтап қалмай, сұлатып түсіріп, орындықпен ұрған.
Алатау аудандық прокуратурасының бөлім прокуроры Дінмұхамед Маханбетқұл: «Сот-медициналық сараптамаға сәйкес денсаулығына қасақана ауырлығы орташа зиян келтірілген. Сотталушы жасаған қылмысын толық мойындап, өкінетіндігін айтты», – деді.
Оқиға Алматының Алатау ауданындағы Жезқазған көшесінде болған. Келін мен ене арасындағы жанжал ушыққанда мас күйде келген ер адам анасына тап берген. Күдікті бейнежазба арқылы анықталып, ұсталғаннан кейін уақытша ұстау изоляторына қамалды. 3 ай өткеннен кейін сот отырысы өтті. Онда жәбірленушіден бөлек, айыпталушы мен оның адвокатынан жауап алынды. Ұлы қанша жерден қорлық көрсетсе де, ана жүрегі баласын жамандыққа қимады. Кешірім берді. Судья сот залынан шығып кетіп, жарты сағаттан кейін сот үкімін жария етті.
«Қылмыстық құқық бұзушылық жасағаны үшін Смирнов Александр Владимирұлын кінәлі деп танып, ҚР ҚК 107-баптың 2-бөлігі 3 және 5-пунктіне сәйкес, 1 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығын шектеу түріндегі жаза тағайындалсын. Дәл сондай мерзімде 100 сағатқа мәжбүрлі жұмысқа тартылсын», – деді Алатау аудандық сотының судьясы Гүлзат Шардарбекова.
Айыпталушы бұл талаптарды орындамаса жазасын абақтыда өтейді. Оған бұдан былай ішімдік ішуге тыйым салынды. Полиция бақылауында болады.