Сұлтанов неден сүрінді?
Сұлтанов неден сүрінді?
Коллаж: Әсел Балтақызы
1,046
оқылды
«Тарихта тәттінің құрбаны болған тұңғыш министр». Сауда және интеграция экс-министрі Бақыт Сұлтановтың отставкасына сарапшылардың берген бағасы осы. Шынында, Сұлтанов елде туындаған қант тапшылығына орай Президенттен сөгіс естігеніне тура бір ай өткенде қызметімен қош айтысты. Сарапшылар құмшекердің жетіспеушілігі тек мұзтаудың ұшы ғана екенін, министрлікке сеніп тапсырылған салаларда өте көп мәселе қордаланғанын айтады. Әрине, Сұлтановтың сүбелі үлесі дейтін жетістіктері де бар. Сонымен, Бақыт Тұрлыханұлы министр ретінде не істеді, не істей алмады?   ТӘЖІРИБЕЛІ МИНИСТР ДЕ ТОҚЫРАЙДЫ 2018 жылы санаулыларға ғана бұйырған Астана қаласының әкімі мәртебесін иеленген Б.Сұлтанов 2019 жылғы 17 маусымда Үкіметке қайта оралып, жаңадан ашылған Сауда және интеграция министрлігін басқаруға тағайындалды. Оның алдында ұзақ жылдар бойы халықаралық сауда мен ынтымақтастыққа жауап берген Экономикалық интеграция істері министрі Жанар Айтжанова «портфельсіз министр» аталатын. Себебі министр атағы болғанымен және Үкімет мүшесі саналғанымен ол министрлікті басқармайтын, үлкен штаты, өзіне бағынышты комитет, департамент, кәсіпорындары да болған жоқ. Тек Үкімет отырыстарына қатысып, дауыс беру құқығы, Премьердің жекелеген тапсырмаларын орындау өкілеттігі болды. Оның тұсында Қазақстан ДСҰ-ға кірді, Еуразиялық экономикалық одақ құрылды. Ал Б.Сұлтановқа Ж.Айтжановада болмағанның бәрі берілді. Өйткені халқы аз, нарығы шағын Қазақстан үшін бүкіл әлеммен сауда жасау, жаңа нарықтарды жаулау, осы мұратқа жету үшін қаптаған халықаралық ұйымдар мен интеграциялардың мол әлеуетін іске жарату – өмірлік маңызды, стратегиялық міндетке айналды. Сол себепті «Қаралы қаңтар» оқиғаларынан кейін Бақыт Сұлтановтың мәртебесі күрт өсіп, биылғы 11 қаңтардан бастап, ол Үкімет басшысының орынбасары – Сауда және интеграция министрі биік лауазымдарын қатар атқара бастады. Оның үстіне, Б.Сұлтанов – Үкіметтегі ең ұзақ министр болған тұлға. Ол 1995 жылы Қаржы министрлігінің бөлім бастығы ретінде бастап, содан бері түрлі лауазымдарда Қазақстан экономикасына басшылық етіп келді. 2007 жылы Экономика және бюджеттік жоспарлау министрі, 2013 жылы Қаржы министрі, 2019 жылдан бері Сауда және интеграция министрі болды. Смайылов Үкіметінде оны мен тек 2013 жылдан Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігін басқарған Тамара Дүйсенова ғана тайталаса алатын, ал басқа министрлердің еңбек өтілі аздау. Бірақ жаңа жағдайда Үкіметте көп отырған емес, көп бітірген озады. Көшбасшы да, халық та жаңа Үкіметтен жасампаз істерді, тегеурінді талпыныстарды талап етеді. Ал министрлік ісінде тоқырау байқалады.   САУДАНЫҢ КӨ­РІГІ ҚЫЗДЫ Халық алдындағы есептерінде, түрлі сұхбат, баспасөз мәслихаттарында Бақыт Сұлтанов өзінің Сауда және интеграция министрі ретіндегі дәуірі жаһандық коронавирус пандемиясы тұсына тап келгенін алға тартып, ақталатын. Мысалы, 2021 жылғы 22 маусымдағы халықпен есептік кездесуін: «COVID-19 пандемиясы экономикамыздың осалдығын көрсетті. 2020 жылы ЖІӨ-нің төмендеуі экономиканың көптеген секторына, сауда саласына да кері әсерін тигізді» деп бастады. Б.Сұлтанов командасының жетістігі қатарында сауда секторының дамуын атап өтуге болады. 2020 жылғы пандемия, төтенше жағдай, қатаң карантин салдарынан сауда және басқа нысандар толық тоқтады. Ресми дерек бойынша, осы кезеңде Қазақстан сауда айналымының 1 триллион теңгеден астамын жоғалтты. Алайда 2021 жылы сауда саласы тез қалпына келіп қана қоймай, даму даңғылына түсті. Нәтижесінде, былтырғы жылдың ортасында ішкі сауда 2019 жылғы пандемияға дейінгі көрсеткіштен 500 миллиард теңгеге асып түсті. Министрлік 2020 жылы ТЖ кезінде өңірлердің әкімдіктерімен бірлесіп, 473 сауда орталығы мен 337 базарда шағын және микробизнесті жалдау ақысынан босату немесе төмендету жұмысын жүргізді. Дағдарысқа қарамастан, өткен екі жылда сауда саласына 400 миллиардтан астам теңге инвестицияның құйылуына қол жеткізді. Сыртқы саудада да прогресс бар. Экономикалық зерттеулер институтының сарапшысы Ернар Серiктің назар аударуынша, Қазақстанның сыртқы тауар айналымы 100 миллиард доллардан асып отыр. 2021 жылдың қорытындысында Қазақстанның әлеммен сауда-саттығы 101,5 млрд долларды құрады. Бұл 2020 жылғыдан 17,4 пайызға, ал коронадағдарысқа дейінгі 2019 жылғыдан 3,8 пайызға көп. Бұл ретте экспорт 26,9 пайызға – 47,5 миллиардтан 60,3 млрд долларға дейін өсті. Бұл да пандемияға дейінгі 2019 жылғы көрсеткіштен 3,9 пайызға жоғары. Қазақстанда 600-ге жуық белсенді экспорттаушы бар. Министрлік алдағы 3-4 жылда ол санды 1000-ға дейін жеткізу міндетін қойған. 2020 жылы министрлікке қарасты QazTrade компаниясы базасында кәсіпкерлерді қолдаудың жаңа құралы – Экспорттық акселератор іске қосылды. Өткен жылы картоп, сәбіз және өзге көкөністің тапшылығы туындағанда министрлік форвардтық сатып алуды енгізді. Соның арқасында енді мемлекет солтүстікте былтырғы күзгі картоп таусылған, ал оңтүстікте жаңа өнім жинала бастаған маусымаралық кезде осы тетік арқылы нарықтағы теңгерімсіздікті өңіраралық ағынмен реттей алады. Әрине, бұл қымбатшылықты жеңе алмас, бірақ биыл былтырғыдай көкөніс жетіспеушілігі байқалмайды. Сұлтанов дәуірі заманауи технологияларға жүйрік қазақстандықтардың есінде бір бастамамен қалуы мүмкін: министрлік 2021 жылғы мамырда азаматтарға Amazon.com, eBay сияқты интернет алаңдарында сауда жасауға жол ашылды. Бұл сондай-ақ отандық кәсіпкерлер алдынан әлемнің 190 елімен сауда жасау мүмкіндігін туғызды. 2020 жылдан Alibaba платформасында тауарлар экспортын ілгерілетуде отандық өндірушілерге қолдау көрсетілуде. Қытайлық платформада 100 отандық компания 45 млн долларға экспорттық келісімшарт жасады. Олардың ішінде «Арал тұз», «Еуразиан фудс», «Агро продакт», «Ақтөбе биф», «Саумал» сияқты компаниялар бар.   КӨ­ТЕРЕ АЛМАЙ, ТАСТАП ЖІБЕРДІ Әйткенмен, министрліктің қызметінде кемел істерден гөрі кемшіліктер көп болып тұр. Мысалы, тұтынушылардың құқығын қорғау осы министрлікке жүктелген. Алайда тұтынушылардың құқығы жаппай аяқасты болып жатыр. Министрліктің салаға жауапты комитеті бұл бағытта еш қауқар таныта алмады. Тұтынушылар құқығын қорғауға бағытталған реформаларды аяқсыз қалдырды. Комитетке төраға тұрақтамай, жиі ауысып тұрады. Бұл ретте ведомство тек «Бек Эйр» әуе компаниясының 1,7 мыңнан астам клиентіне 110 млн теңге қаражатын қайтара алғанымен көзге түсті. Ел басшылығы екі жылдай бұрын Ұлттық тауар өткізу жүйесін құруды жүктеді. Сұлтановтың ұжымы тиісті бастама-жобаларды қоғаммен, фермерлермен, сауда желілерімен кеңінен талқыға салуға кірісті. Әйтсе де, талқылау тым ұзаққа созылып кетті. 2022 жылғы 14 шілдеде Үкіметтің кеңейтілген отырысында Қасым-Жомарт Тоқаев осы тапсырманы орындаудың түлкібұлаңға салынуын қатаң сынады. Мемлекет басшысы Үкіметке салада атқарылған жұмыстың есебін қазан айында баяндауды тапсырды. Мұны енді вице-премьер – Сауда және интеграция министрінің міндетін атқарушы Серік Жұманғаринге жасауға тура келеді. Б.Сұлтановтың өзі бюрократияны айыптайды: бұған жеке сектор тартылғандықтан әр инвестордың бастамасы мүдделі мемлекеттік органдарда ұзақ уақыт бойы сараптамадан өтіпті. Себебі шенеуніктер «құзырлы органдар әлдебір компанияның мүддесін ілгерілеттің, оның бәсекелестерін жығып бердің» деп қудалауынан қорқып, мұндай ұсыныстарға келісім бермеуге тырысады. Былтыр жыл ортасында ғана министрлік МЖӘ шартына қол қою кезеңіне шыға алды. Алғашқылары ашылып үлгерді. Бірақ бір-екі орталық ахуалды өзгерте алмайды. Жалпы алғанда, министрлік 24 көтерме-тарату орталығын іске қосуы тиіс.   ЖҰМАНҒАРИНГЕ ЖҰМЫС КӨ­П Сарапшылар Бақыт Сұлтановтың интеграция мәселесінде сүрінгеніне сенімді. 2010 жылы Кеден одағы аясында Қазақстан Бразилия, Мексикадан қант құрағын баж салығынсыз әкелуге қол жеткізген. Алайда бірнеше жыл бұрын ресейлік қант өндірушілер Еуразиялық одаққа кірмейтін елдерден қант импортына тыйым салу ұсынысымен шықты. Интеграция мәселесіне Сұлтановтың министрлігі жауап беретіні мәлім. Үш жыл бұрын Қазақстан одақта қант құрағына баж салығын енгізуге келісті. Содан Қазақстан ресейлік қантқа тәуелді болып қалды. Ресей елімізді арзан қантымен қамтып тұрды. Алайда оларға енгізілген батыстың санкциялары бәрін өзгертті. Өз нарығын қорғаған Мәскеу одақтастарына қант экспорттауға тыйым салды. Мұның соңы республикамызда қант тапшылығының туындауына, халықтың дүкенде құмшекерге таласуына соқтырды. Үкіметтің таяудағы кеңейтілген отырысында Қ.Тоқаев еліміздің қазір импорттық қантқа 90 пайыз тәуелді екенін, бұған ЕАЭО аясындағы шешімдер және Үкіметтің мемлекеттік мүддені табанды қорғай алмауы себеп болғанын қаперге сала келе, Бақыт Сұлтановқа сөгіс жариялады. Бүгінде оның креслосына жайғасып жатқан Серік Жұманғарин «министрлік жұмысында олқылық өте көп екенін» мәлімдеді. Олай болса, жаңа министрдің жаңа реформаларын жүзеге асыратыны аңғарылады. Серік Жұманғарин дүйсенбіде Сұлтанов командасымен кездесіп, олардың ұсыныс-идеяларын, жоба-жоспарларын тыңдағанын, енді сарапшылармен, аграршылармен, бизнес қауымдастықтар өкілдерімен кездесіп, ақыл-кеңес алатынын жеткізді. Үш аптада істің байыбына барып, өзгерістерге білек сыбана кіріспек. Санкция аясында біраз тоқыраған Еуразиялық одақ аясындағы интеграцияны жандандыру, онда тоз-тоз болған мемлекеттік мүддемізді қалпына келтіріп, ұлт ұпайын түгендеуде кезек күттірмес көкейкесті мәселе болса керек. Ол үшін білікті, табанды, қажырлы, ең бастысы ұлтжанды келіссөзшілер командасын қалыптастыру маңызды.