Бөгеттен қауіп бар ма?
Бөгеттен қауіп бар ма?
617
оқылды
Ақмола облысы Шортанды ауданында үш бірдей ауылдың тұрғындары дабыл қағып отыр. Оған аталған елді мекендердің іргесіндегі «Основное» су қоймасындағы бөгеттің апаттық жағдайға ұшырауы себеп. Осыдан 55 жыл бұрын пайдалануға берілген гидроқұрылым содан бері ешқандай жөндеу көрмеген. Сол себепті бөгеннің топырағы опырылып, монолит конструкциялары шыдас бермей жарылыпты. Ал су құбырлардан емес, оның астыңғы жағын үңгіп ағатын жол тапқан. Су шайғаннан бөгеттің жанындағы топырақтың кей жері 4 метрге дейін ойылып кеткен. 15 жылдан бері сапасыз ауыз судың зардабын әбден тартқан жұрт енді тұтас ауылдарды су шайып кете ме деп алаңдаулы. Елордадан 60 шақырым қашықтықта тұрған Шортанды ауданына қарасты Дамса, Степное және Научное ауылдарында 5 мыңға жуық адам осы бөгеттің суын тұтынады. Маңайын қамыс басқан әрі ластана бастаған тіршілік нәрі сапасыз болса керек. Өйткені 2015 жылы бөгетке қойылған су сүзгісі істен шыққан екен. Лайланған әрі құбырдан түрлі құрттар мен басқа да жәндіктер қоса шығатын судың зардабын тартқан ауылға былтыр тағы сүзгі құрылғы орнатылған. Бірақ жұртшылық су сапасының әлі де болса жақсара қоймағанын алға тартады. Тұрғындар тіршілік нәрінің тапшылығынан бұрын Основное су қоймасындағы судан қауіптенеді. Әне-міне опырылып құлағалы тұрған бөгет суы ауылдарды шайып кете ме деген қауіп басым. Біз әңгімеге тартқан тұрғындар су қоймасының осыған дейін иесіз болғанын айтады. Бұл құжаттарды реттеп, суды тазарту мәселесін кешеуілдетіп, елеулі қиындықтар келтірген.
«Су қоймасы Дамса ауылдық округіндегі мыңға жуық халықты ауыз сумен қамтамасыз етеді. Дегенмен сонау 1967 жылы салынған бөгет содан бері жөндеу көрмеген. Судың сапасы өте нашар. Сүзгі орнатылғанымен судан әлі де сасық иіс шығады. Бұдан бөлек, бөгет әбден тозып кеткендіктен шлюздері мүлде жұмыс істемейді. Қазір апаттық жағдайда тұр. Жылдам әрекет етіп арнайы комиссия қарап, төтенше жағдай жарияланбаса, біздің үш ауыл одан әрі республикалық маңызға ие Нұр-Сұлтан–Көкшетау тасжолындағы көпірді, тіпті одан әрі Талапкерге дейін ауылдарды су басып қалуы ғажап емес. Бұл туралы біз облыс әкімдігіне дейін бірнеше мәрте шағымданғанбыз. Бірақ нәтиже жоқ. Қауіптің алдын алмаса, біз ауызсусыз әрі судың астында үйсіз-күйсіз қалатын түріміз бар», – дейді Дамса ауылының тұрғыны Гули Колошкина.
Ауылдық округ әкімі жаңадан келген инвестордың су қоймасындағы қамыстарды тазартып, балықшыларға тегін балық аулауға уәде бергенін жеткізді. Дегенмен ауыл әкімі де бөгеттің апатты жағдайы салдарынан ауылдарды су басып қалу қаупін жоққа шығармайды.
«Бізге жаңадан инвестор келді. Олар су қоймасын тазартып, жағадағы қамыстарды кесуге уәде берді. Қазір қайықтар сатып алып жатыр. Мұнымен қоса, осы ауылдық округте тұратын балықшылардың су қоймасынан 5 келіге дейін тегін балық аулауына мүмкіндік берілмек. Дегенмен біз шұғыл арада әрекет етпесек, мына бөгеттің бәрі бір мезетте құлауы мүмкін. Ал біз су тасқынына мүлде дайын емеспіз. Мұнда бір шара қабылдап, әрекет жасау үшін бізге толыққанды тексеру актісін жасау қажет. Ол үшін лицензиясы бар компания қорытынды жасап, қандай жұмыс жүргізу қажеттігін анықтауы тиіс», – дейді Дамса ауылдық округінің әкімі Гүлнар Әбдірахманова.
Ал Шортанды ауданының әкімі Дамса ауылдық округіндегі жағдайды өзінің әрі облыс әкімінің тікелей бақылауына алынғанын айтады. Бірақ жағдайды бірден шешіп тастау мүмкін болмай тұрғанын жеткізді. Әкімнің айтуынша, апаттық жағдайдағы бөгетке байланысты төтенше жағдай жариялау да талай уақытты алмақ. Әкім апаттық жағдайдағы бөгет құлағанның өзінде ауылдарды су баспайтынын мәлімдеді.
«Қазіргі уақытта жобалық-сметалық құжаттама әзірленіп жатыр. Оның өзіне біршама уақыт пен 55 миллион теңге көлемінде қаражат қажет. Дегенмен төтенше жағдай жариялау үшін бірнеше қорытынды жасалады. Ал ол бірнеше күнде бітпейді. Техникалық тексерістерді арнайы лицензиясы бар компания ғана жүргізе алады. Жақында облыстық табиғи ресурстар басқармасы мен Есіл су инспекциясынан арнайы келіп актілер толтырып кетті. Ауданға әкім болып келгелі осы мәселемен толықтай айналысып жатырмын. Көктемгі су тасқыны кезінде ауылдарды су басуы мүмкін емес. Ағын су ауылдарға кетпейді. Ол жағынан қауіп жоқ», – дейді Шортанды ауданының әкімі Сағындық Шабаров.
P.S. Сонымен, құлағалы тұрған апаттық жағдайдағы бөгетті айтып ашынған жұрттың жанайқайы жақын арада шешімі табылмайтыны анық. Тиісті органдар дереу әрекет етпесе, төтенше жағдайдың қалыптасуы мүмкін. Ең бастысы, ауыз сусыз талай жыл қиналған халық енді су астында қалмаса болды...