Жетісулық омарташы балды Біріккен Араб Әмірлігі, Ресей мен Қытайға экспорттап отыр
Жетісу өңіріндегі теңіз деңгейінен 1425 метр биіктікте орналасқан Жоңғар Алатауының табиғаты керемет. Шамасы жеткендер осынау жұмақ жердің игілігін көріп, түрлі кәсіппен айналысады. Олардың арасында омарташылар да бар. Олар өткен жылы 280 тонна бал өндіріпті.
Сол омарташылардың қатарындағылардың бірі – Ескелді ауданындағы «ТеkТаu» ЖШС бал арасының 300-дей ұясын ұстап, омарташылықпен табыс тауып отыр. Серіктестік жылына 100 тоннаға жуық тамаша бал өндіруге қауқарлы. Өз өнімдеріне қоса, жергілікті омарташылардан да бал сатып алып, сапасы мен тазалығы өздерінің арнайы зертханасында тексеруден өткізіп, сырты да көз тартатын ыдыстарға, қаптамаларға салып отандық нарыққа шығарады. Біріккен Араб Әмірлігі, Ресей мен Қытайға экспорттайды.
Серіктестік директоры Руслан Кутлуковтың айтуынша, кәсіпорынның басты міндеті – табиғи таза өнім өндіру. Соған сәйкес, «ТеkТаu-дың» балы әр шаңырақта болуы тиіс» деген мақсатпен жұмыс істейді.
– Балдың сапасы мен тазалығы тұрақты бақыланады. Барлығы талапқа сай болуын қадағалаймыз. Әр тұтынушыны нағыз тау балының дәмімен тамсандыруды мақсат тұтамыз, – дейді директор.
«ТеkТаu» ЖШС балдың 4 түрін – тау, орман, қыр және Алтай тауының балын өндіреді. Балдың қаптамасына ерекше көңіл бөлінеді. Мәселен, тау балы жөке ағашынан жасалған, іші балауызбен өңделген бөшкеге, сол сияқты шағын пластикалық ыдыстарға құйылады. Оған қоса балдың барлық түрі шыны банкаларға, ал бал ұяшықтары ағаш қораптарға салынады.
– Арадан көп нәрсе үйренуге болады. Ол бізге пайдалы өнім беріп қана қоймай, еңбекқорлық, шыдамдылыққа үйретеді, ұжымдасып жұмыс істеудің артықшылығын түсінуге көмектеседі. Араның бал жасауы өте күрделі. Ол гүл шырынын өзінің артқы екі аяғында болатын арнайы қуыс – «бал сауытында» сақтап, омартаға жеткізеді. «Бал сауытының» сыйымдылығы шамамен 70 миллиграмм, бірақ оны толтыру үшін араға 1000-1500 гүлге қонуға тура келеді. Өңделген шірнені ұяшықтың бір тор көзінен келесі бір тор көзіне ауыстырып, желдетіп, артық ылғалын әбден кетіреді. Мұның өзі 8-10 күндей уақытты алады. Бұл кезде одан әлі жетілмеген бал шығады. Оның булануын тездету үшін аралар қанаттарымен желдетеді. Омартаның жанына келгенде естілетін уіл – сол дыбыс. Ара балды осылай жасайды. Шырын ұяшықта тиісті қоюлық деңгейіне жеткенде балға айналады. Балы бар ұяшықтар балауызбен жабылып, өнім пісіп жетіледі. Бір киллограмм бал алу үшін омартадағы аралар шамамен 10 миллион гүлді аралап шығады. Жұмысшы ара бір күнде 5-7 мың гүлге қонады. Бір қызығы, қай жақта шырынды гүлдердің көп екенін білдіріп, басқа араларды көмекке шақырғанда ол билейді. Оның жылдамдығы мен би қимылдары шырынды алқаптың қашықтығы мен бағытын көрсетеді, – дейді омарташы.
Болат АБАҒАН, Жетісу облысы