Украинаның оңтүстік-шығысын басып алып, «квазимемлекет» құрған сепаратистер 2019 жылғы наурызда «сыртқы саясат тұжырымдамасы» деген қағазын көрсетіп, «ДНР-дің Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымына қосылу ниетін» жариялады. Бірақ Қазақстан және Беларусь бұған жол бермейтінін аңғартты. Ресей үкіметі жанындағы Қаржы университетінің саясаттану департаментінің доценті Геворг Мирзаян ешкім мойындамаған ДНР-дің мұнысынан бір нәтиже шығарына сенбегенін айтады. – Еуразиялық құрылымдарға кіру оңай емес, онда бәрін Мәскеу жалғыз шешпейді. Ымыра қажет етіледі. Қазақстан мен Беларусь президенттері, әрине Путинге құрметпен қарайды. Бірақ оның беделі мен ықпалы ДНР-ді ҰҚШҰ-ға қосуға жетпейді. Өйткені Нұр-Сұлтан мен Минск Мәскеуден тәуелсіз бағдар ұстанудың маңызды әрі пайдалы екенін түсінді. Себебі егер ДНР ҰҚШҰ-ға кірсе, бұл оның тәуелсіздігін тану болып есептеледі. Салдарынан Қазақстан мен Беларусь Батыс санкцияларының объектісіне айналады, инвестиция құлдырайды, Украинамен ынтымақтастық доғарылады. Бұл Нұр-Сұлтанға да, Минскіге де керек емес, – дейді саясаттанушы Геворг Мирзаян. Мәжіліс осы аптада ҰҚШҰ-ға қатысты бірден 3 халықаралық құжатты мақұлдап, Сенатқа жолдады. Сенат қабылдаса, ары қарай олар ел Президентінің қол қоюына жіберіледі. Арасында «1992 жылғы 15 мамырдағы Ұжымдық қауіпсіздік туралы шартқа өзгерістер енгізу туралы екінші хаттаманы ратификациялау туралы», «2002 жылғы 7 қазандағы ҰҚШҰ жарғысына өзгерістер енгізу туралы» 2 және 3-хаттамаларды ратификациялайтын заң жобалары бар. Бұл өзгерістерге сәйкес, мүшелік сыртында «ҰҚШҰ серіктесі» және «ҰҚШҰ бақылаушысы» институты енгізілуде. Мысалы, серіктес мемлекет кеңесу кезінде тіпті дауыс беруге құқылы. Ресейлік сарапшылар ДНР дәл осы мәртебелердің бірін иеленетін болар деген болжам жасаған. Алайда еліміздің Сыртқы істер министрлігі серіктес не бақылаушы мәртебесін алушы елге шарт жүзінде қатаң шектеу қойғанын айтады. – Серіктес және бақылаушы мемлекеттерге тиісті талап пен критерийлер қойылады. Атап айтқанда, бақылаушы мемлекет, біріншіден, БҰҰ мүшесі болуға, екіншіден, БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің санкциясы салынбаған ел болуға, үшіншіден, ҰҚШҰ мүше мемлекеттерімен тығыз дипломатиялық қарым-қатынаста болуы тиіс. Ал серіктес мемлекет бұған қоса, ядролық қаруды таратпау келісімдері мен конвенцияларына қосылуы да – міндет. Сондай-ақ ол ешбір соғыс пен әскери қақтығыстарға қатыспауы тиіс, – деді СІМ басшысы Мұхтар Тілеуберді. ҰҚШҰ-ға Қазақстан, Ресей, Армения, Беларусь, Қырғыз Республикасы және Тәжікстан мүше. Бұл мүшелік бюджетке қаншаға түсіп отыр? – Ұжымдық Қауіпсіздік кеңесінің шешімі бойынша мемлекеттердің жарнасының өлшемі бекітілді. Қазіргі кезде Ресей барлық жарна көлемінің 50 пайызын өзі төлейді. Қалған елдерге 10 пайыздан бөліп берілді. Қазақстан шамамен 42 млн рубль жарна аударады, – деді министр М.Тілеуберді. Бұл ұлттық валютамызда 252 млн теңгеге тең. Елдос СЕНБАЙ