Жаһандық қауіпсіздік – басты назарда
Жаһандық қауіпсіздік – басты назарда
380
оқылды
Қасым-Жомарт Тоқаевтың жұмыс сапары Германияның ірі компаниялары басшылары – BayWa AG компаниясының басқарма төрағасы Клаус Лутц, Rhenus SE&Co.KG компаниясының басқарма мүшесі Михаэл Виферс және Reverse Logistics Systems GmbH компаниясының басқарма төрағасы Патрик Видеманмен екіжақты кездесулер өткізуден басталды. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады. Германияның ірі ауыл шаруашылығы ком­паниясының басшысы Клаус Лутцпен болған кез­десуде энергия көздерін қайта қалпына келтіру және агроөнеркәсіп кешенін цифрландыру салалары бойынша бірлескен инвестициялық жобаларды жүзеге асырудың перспективалары талқыланды. Мемлекет басшысы Қазақстанның Гер­мания бизнесімен арадағы тығыз әрі жемісті ынтымақтастықты дамытуға баса мән беретінін атап өтіп, кәсіпкердің назарын еліміздегі энер­гия көздерін қайта қалпына келтіру және тыңайт­қыштар өндіру бағытының әлеуетін арттырудың маңызына аударды. Михаэл Виферспен әңгімелесу кезінде көлік-логистика саласы бойынша бірлескен инфра­құрылымдық жобаларды іске асыру перспек­тивалары қарастырылды. Неміс бизнесмені Қасым-Жомарт Тоқаевқа Нұр-Сұлтан мен Алматы қалаларында өкілдіктері бар компанияның Қазақстандағы жұмысы және Қарағандыда үшінші өкілдіктің ашылуы туралы мәлімет берді. Компания еліміздің аумағында жаңа бірлескен көлік-логистикалық терминалды алуға және іске қосуға мүдделі екенін білдірді. Мемлекет басшысының Патрик Видеманмен өткізген кездесуінде Қазақстанда бос ыдыстарды қайта айналымға жіберудің кепілдік-қайтарымдық жүйесі жөніндегі жобаның жүзеге асырылу перспек­тивалары талқыланды. Reverse Logistics Systems GmbH компаниясының басшысы материалдар мен қалдық заттарды қайта өңдеу саласында тиісті экожүйе құру үшін Қазақ­стан­мен ынтымақтастық орнатуға дайын екенін айтты. Жалпы, кездесулер аясында Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздің шетелден, соның ішін­де Германия­дан тартылған инвестицияларды әртарап­тан­дыруға мүдделі екенін растады. Ол биз­нес өкіл­де­ріне мемлекет тарапынан жан-жақты қолдау көр­сетілетінін және бірлескен жобаларды жүзеге асыру үшін қажетті жағдай жасалатынын айтты.  width= Қасым-Жомарт Тоқаев  қа­уіпсіздік жөніндегі 56-шы Мюн­хен конференциясы аясында Канада­ның премьер-министрі Джастин Трюдомен кез­десіп, келіссөз жүргізді. Тараптар Қазақстан мен Ка­нада арасындағы сауда-­эконо­микалық, инвестициялық және мәдени-гуманитарлық ынтымақ­тастықтың қазіргі ахуалы мен перспективаларын талқылап, ха­лықаралық ұйымдар аясындағы ықпалдастықты қарастырды, сондай-ақ халықаралық күн тәр­тібіндегі өзекті мәселелер бо­йынша пікір алмасты. Қасым-Жомарт Тоқаев Джас­тин Трюдоға ілтипат білдіріп, экономика, инвестиция тарту, ауыл шаруашылығы және техно­логия салаларындағы екіжақты қатынастарды одан әрі дамыту­дың маңызын атап өтті. Мемлекет басшысы уран са­ла­сындағы канадалық Cameco компаниясының жұмысына оң баға беріп, Канада бизнесіне қа­жетті барлық жағдайды жасауды жалғастыра беруге дайын екенін растады. Джастин Трюдо кездесуге мүм­кіндік туғызғаны үшін Қа­зақстан Президентіне алғыс біл­діріп, екі мемлекет арасындағы көпжылдық достық пен серік­тестікке тоқталды. Канада үкіметінің басшысы саяси және экономикалық ре­формаларды жүзеге асыру жөнін­дегі Қазақстан Президентінің күш-жігерін жоғары бағалап, азаматтық қоғам мен демокра­тия­ны дамыту саласына қолдау көрсетуге дайын екенін жеткізді. Кездесу соңында Қасым-Жомарт Тоқаев пен Джастин Трюдо бір-бірін өзара сапар ал­масуға шақырды. Сондай-ақ Президент қа­уіпсіздік жөніндегі 56-шы Мюн­хен конференциясының ресми ашылу салтанатына қатысты. Рәсім барысында қауіпсіздік жөніндегі Мюнхен конферен­циясының төрағасы Вольфганг Ишингер, Германия президенті Франк-Вальтер Штайнмайер және Франция президенті Эм­манюэль Макрон сөз сөйледі. Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев конференция аясында өтетін панельдік пікір­таласта өңірлік қауіпсіздік мәсе­лесі бойынша «Географиялық ор­наласудың маңызы: Орталық Азия туралы әңгіме» тақыры­бында сөз сөйлейді деп жоспар­ланған. Мемлекет басшысы өңір­лік және жаһандық қауіпсіздікті қамтамасыз ету жайында өзінің ой-пікірін ортаға салады. Мюнхенде өтетін іс-шараға қатысуға 40-қа жуық мемле­кеттің басшылары, 100-ден астам сырт­қы саяси және қор­ғаныс ведом­стволарының жетекшілері, ха­лықаралық қа­ты­настар саласын­дағы беделді сарапшылар келді. Қауіпсіздік жөніндегі 56-шы Мюнхен конференциясының күн тәртібінде әлемдік дамудың және жаһандық қауіпсіздіктің өзекті мәселелері қарастырылды. Кон­ференцияға қатысушылар сауда соғыстары мен санкциялардың проблемалары, Таяу Шығыстағы ахуал, Еуропалық одақ, АҚШ, Ресей, Қытай және басқа да ел­дермен арадағы өзара қатынас­тарды, Еуропадағы қауіпсіздіктің сын-қатерлері, Еуропалық одақ пен НАТО-ның келешегі, сон­дай-ақ киберқауіпсіздік пен ден­саулық сақтау салаларындағы қазіргі заманның қауіп-қатерлері, жалған ақпараттарға тосқауыл қою және басқа да мәселелер талқыланды.