Қасым-Жомарт Тоқаевтың жұмыс сапары Германияның ірі компаниялары басшылары – BayWa AG компаниясының басқарма төрағасы Клаус Лутц, Rhenus SE&Co.KG компаниясының басқарма мүшесі Михаэл Виферс және Reverse Logistics Systems GmbH компаниясының басқарма төрағасы Патрик Видеманмен екіжақты кездесулер өткізуден басталды. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады.
Германияның ірі ауыл шаруашылығы компаниясының басшысы Клаус Лутцпен болған кездесуде энергия көздерін қайта қалпына келтіру және агроөнеркәсіп кешенін цифрландыру салалары бойынша бірлескен инвестициялық жобаларды жүзеге асырудың перспективалары талқыланды.
Мемлекет басшысы Қазақстанның Германия бизнесімен арадағы тығыз әрі жемісті ынтымақтастықты дамытуға баса мән беретінін атап өтіп, кәсіпкердің назарын еліміздегі энергия көздерін қайта қалпына келтіру және тыңайтқыштар өндіру бағытының әлеуетін арттырудың маңызына аударды.
Михаэл Виферспен әңгімелесу кезінде көлік-логистика саласы бойынша бірлескен инфрақұрылымдық жобаларды іске асыру перспективалары қарастырылды.
Неміс бизнесмені Қасым-Жомарт Тоқаевқа Нұр-Сұлтан мен Алматы қалаларында өкілдіктері бар компанияның Қазақстандағы жұмысы және Қарағандыда үшінші өкілдіктің ашылуы туралы мәлімет берді. Компания еліміздің аумағында жаңа бірлескен көлік-логистикалық терминалды алуға және іске қосуға мүдделі екенін білдірді.
Мемлекет басшысының Патрик Видеманмен өткізген кездесуінде Қазақстанда бос ыдыстарды қайта айналымға жіберудің кепілдік-қайтарымдық жүйесі жөніндегі жобаның жүзеге асырылу перспективалары талқыланды.
Reverse Logistics Systems GmbH компаниясының басшысы материалдар мен қалдық заттарды қайта өңдеу саласында тиісті экожүйе құру үшін Қазақстанмен ынтымақтастық орнатуға дайын екенін айтты.
Жалпы, кездесулер аясында Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздің шетелден, соның ішінде Германиядан тартылған инвестицияларды әртараптандыруға мүдделі екенін растады. Ол бизнес өкілдеріне мемлекет тарапынан жан-жақты қолдау көрсетілетінін және бірлескен жобаларды жүзеге асыру үшін қажетті жағдай жасалатынын айтты.
Қасым-Жомарт Тоқаев қауіпсіздік жөніндегі 56-шы Мюнхен конференциясы аясында Канаданың премьер-министрі Джастин Трюдомен кездесіп, келіссөз жүргізді.
Тараптар Қазақстан мен Канада арасындағы сауда-экономикалық, инвестициялық және мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықтың қазіргі ахуалы мен перспективаларын талқылап, халықаралық ұйымдар аясындағы ықпалдастықты қарастырды, сондай-ақ халықаралық күн тәртібіндегі өзекті мәселелер бойынша пікір алмасты.
Қасым-Жомарт Тоқаев Джастин Трюдоға ілтипат білдіріп, экономика, инвестиция тарту, ауыл шаруашылығы және технология салаларындағы екіжақты қатынастарды одан әрі дамытудың маңызын атап өтті.
Мемлекет басшысы уран саласындағы канадалық Cameco компаниясының жұмысына оң баға беріп, Канада бизнесіне қажетті барлық жағдайды жасауды жалғастыра беруге дайын екенін растады.
Джастин Трюдо кездесуге мүмкіндік туғызғаны үшін Қазақстан Президентіне алғыс білдіріп, екі мемлекет арасындағы көпжылдық достық пен серіктестікке тоқталды.
Канада үкіметінің басшысы саяси және экономикалық реформаларды жүзеге асыру жөніндегі Қазақстан Президентінің күш-жігерін жоғары бағалап, азаматтық қоғам мен демократияны дамыту саласына қолдау көрсетуге дайын екенін жеткізді.
Кездесу соңында Қасым-Жомарт Тоқаев пен Джастин Трюдо бір-бірін өзара сапар алмасуға шақырды.
Сондай-ақ Президент қауіпсіздік жөніндегі 56-шы Мюнхен конференциясының ресми ашылу салтанатына қатысты. Рәсім барысында қауіпсіздік жөніндегі Мюнхен конференциясының төрағасы Вольфганг Ишингер, Германия президенті Франк-Вальтер Штайнмайер және Франция президенті Эмманюэль Макрон сөз сөйледі.
Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев конференция аясында өтетін панельдік пікірталаста өңірлік қауіпсіздік мәселесі бойынша «Географиялық орналасудың маңызы: Орталық Азия туралы әңгіме» тақырыбында сөз сөйлейді деп жоспарланған. Мемлекет басшысы өңірлік және жаһандық қауіпсіздікті қамтамасыз ету жайында өзінің ой-пікірін ортаға салады.
Мюнхенде өтетін іс-шараға қатысуға 40-қа жуық мемлекеттің басшылары, 100-ден астам сыртқы саяси және қорғаныс ведомстволарының жетекшілері, халықаралық қатынастар саласындағы беделді сарапшылар келді.
Қауіпсіздік жөніндегі 56-шы Мюнхен конференциясының күн тәртібінде әлемдік дамудың және жаһандық қауіпсіздіктің өзекті мәселелері қарастырылды. Конференцияға қатысушылар сауда соғыстары мен санкциялардың проблемалары, Таяу Шығыстағы ахуал, Еуропалық одақ, АҚШ, Ресей, Қытай және басқа да елдермен арадағы өзара қатынастарды, Еуропадағы қауіпсіздіктің сын-қатерлері, Еуропалық одақ пен НАТО-ның келешегі, сондай-ақ киберқауіпсіздік пен денсаулық сақтау салаларындағы қазіргі заманның қауіп-қатерлері, жалған ақпараттарға тосқауыл қою және басқа да мәселелер талқыланды.