Экономикалық одақ һәм империялық пиғыл
Экономикалық одақ һәм империялық пиғыл
164
оқылды
Жуырда Қазақстан Ре­сейдің Еуразиялық одақ шең­берін кеңейту туралы кезекті ұсынысынан үзілді-ке­сілді бас тартты. Бұл ұсы­нысты Ре­сей премьер-министрі Ал­матыда бас­­қосуда тағы да қайталап айтты. Жиынға Қазақстан, Ресей, Армения, Қырғыз Республикасы және Беларусь үкіметінің бас­шы­лары қатысқан. – Спорт, туризм, экология бұ­ған қоса денсаулық сақтау және білім саласын Еуразиялық одақтың жұмыс жоспарына ен­гіз­геніміз жөн. Біздің осындай ұсы­нысымыз бар. Ал одақтастар біздің бастаманы қолдайды де­ген үміттемін, – деді Михаил Мишустин. Ал Асқар Мамин мәймөңкелеп отырмай, жалма-жан ресейлік әріптесінің бетін қай­тарып тас­тады. – Еуразиялық одақтың әу бастағы келісім­шартында көр­се­тіл­ген міндеттердің шегінен шық­­пау маңызды. Бұл одақ тек эко­но­микалық әріптестік мақ­са­тында құрыл­ған, – деді Мамин. Қазақстан Үкіметінің басшы­сы неге се­німді сөйледі? Өйткені Елбасы мен Прези­денттің бұл ұйымға қатысты ұстанымы бе­се­неден бел­гілі. Кезінде Нұрсұлтан Назарбаев: «Кеңес Одағын жаңғырту немесе қайта тірілту деген жоқ және бол­мақ емес. Ол – тек өткеннің елесі, дол­бар мен жел сөз ғана. Бұл мәсе­леде Ресей, Беларусь және өзге ел­дердің басшылығымен көзқара­сымыз толық үйлеседі», – деп алаң көңілімізді уатқан еді. Көзқарастар қаншалықты үйлесетінін қайдам, әйтеуір қа­зақ билігі Ресеймен бұрыннан алыс­­тан сыйласуға тырысады. Кей са­рап­­шылар да Еуразиялық эконо­­микалық одақтың астары­нан империялық пиғыл іздейді. Олардың пікірінше, бұл – әуелден-ақ экономикалық мақсаты бар, на­рыққа бейімделген одақ емес, идеоло­гиялық сипаты басым саяси жоба. Мәселен, Кремль ара-тұра ортақ валюта енгізу мә­се­ле­сін көтеріп тұрады. Негізі келі­сім­де бірыңғай ақшаға ауысу жағы қарас­тырылмаған. Құжатта әр мем­лекет­тің қаржылық тәуел­сіздігі сақта­латыны нақты жазыл­ған. Одан қалса, бәзбіреулер ортақ пар­ла­мент, ортақ паспорт, ортақ аза­мат­тық деген әңгімелерді де қоңыр­сытып қояды. Бірақ соңғы уақыт­тағы оқиғалар, әсіресе Қы­рым ан­нексиясы одаққа мүше елдер­ді үр­кітіп жіберген сияқты. Қоғамда Ре­сей­дің сыртқы саясаты ұлы­дер­жавалық мүддені көздейді деген қорқыныш күшейді.  width= Қазақстан тарапы Ресейдің интегра­циялық бастамаларын біресе қолдаған сыңай танытса, біресе кейінге шегереді. Дипломатия тілімен сыпайылық сақтаса да, енді ешқашан бодандық ноқтасын ки­мейтінін емеурінмен жеткізеді. Мамандардың көбі осы одақта жетекші рөл Ресейге тиесілі және негізгі пайданы да сол көреді деп санайды. Мысалы, Кеден одағына кірген алғашқы жылдары Қырғыз Республикасында ауыл шаруашылығы, сау­да және басқа салаларда жұмыс істеп келген көптеген шағын кәсіпорын жабыл­ған. ЕАЭО ережелері қолданысқа енген соң Ар­мения Ираннан мұнай және мұнай өнім­де­рін сатып алуды қысқартқан. Себебі ЕАЭО талабы бойынша Иран өніміне тыйым са­лынған. Соның кесірінен Арменияда жа­нар­май бағасы қымбаттап, Ресей жанар­ма­йының монополиясы орнаған. Армения мен Грузия арасында шекара бойындағы ұсақ сауда да тоқтаған, өйткені ЕАЭО стан­дартына сәйкес, Грузиядан 20 келіден артық тауар әкелуге рұқсат жоқ. Жалпы, одақ мү­шелерінің қай-қайсысында болсын, қоғам наразылығын туғызатын мұндай мысал көп. Біреулер Еуразиялық одақты күні батуға таяу уақытша құрылым деп болжайды. Бе­ларусь пен Ресей арасында сауда жөніндегі дау-дамай, Қазақстан мен Ресей арасында кеден мен саудаға қатысты түйткілдер, Қа­зақстан мен Қырғыз Республикасы ара­сын­дағы шекаралық мәселелер үнемі қайта­ланып келе жатқандықтан, осылай ойлауға негіз бар. Қалай десек те, Еуразиялық одақ ел ер­кіндігіне қауіп төндіруі мүмкін. Эконо­мис­тер бұл ұйымның жұмыстары Кеңес Одағы ке­зін­дегі экономикалық және басқа да бай­ла­ныс­тарды жаңғырту арқылы жүзеге асы­рылып жатқанын айтады. Отарсыздану сая­са­тын толық жүргізіп үлгермей, қайтадан қа­мытқа бас сұғудың қатерлі қадам екенін біз­дің билік те біледі. Асқар Маминнің қатқыл жауабы мен салқын қабағы соны аңғартса керек. Өзбекстанға қарайықшы. Жан саны көп, Ресеймен шекарасы жоқ, Қазақстанның қалқасында тұр. Сондықтан шығар орыспен Одақ құрудан ат-тонын ала қашатынын жасырмайды. Күні кеше Шавкат Мирзияев өзінің саяси ұстанымын және бір қайталады. «Біздің көптеген азаматымыз Қазақстан мен Ресейге барып жұмыс істейді. Әрине, бұған бейжай қарай алмайтынымыз анық. Бірақ мен бір жайтты ашып айтайын, халықтың көкейінде күмән-күдік болмасын. Бізді ешқандай ел ешқашан тәуелсіздікті айыра алмайды. Тәуелсіздік – халық сенім артқан президенттің қолында. Біз Еуразиялық экономикалық одаққа мүше болмаймыз», – деді Шавкат әкә. Біздің дәтке қуат қыларымыз – Елба­сының уәдесі. Сонау бір жылы Нұрсұлтан Назарбаев Ұлытау баурайында берген сұхбатында тәуелсіздікке қауіп төндіретін кез келген одақтан шығып кете алаты­ны­мызды қадап айтқан. Қысқасы, бәрі де басшылардың саяси ерік-жігеріне байла­нысты шешіледі.   Ерсайын БАҒДАТ