Көрші Ресейде атышулы «Желі ісі» деген атпен мәлім болған бір топ азаматтың айналасындағы оқиға әлі басылмай тұр. Құқық қорғау органдарының мәліметінше, топ мүшелері террактілер жоспарлап, мемлекеттік төңкеріс жасауға тырысқан. Айыпталған 7 адам ұсталып, сот бәрін бас бостандығынан айырды. Арасында Арман есімді қазақ жігіт те бар екен. Бірақ журналистер олардың кінәлі екеніне әлі күмәнданып отыр.
Ресейдің федералды қауіпсіздік қызметі «Желі» (Сеть) атты террористік топты құрықтады. Ресми дерек бойынша, оның мүшелері Ресейдің Мәскеу, Санкт-Петербург, Пенза қалаларында әрекет еткен. Ұйымның негізін қалаған Дмитрий Пчелинцев. Мақсат – ресейлік анархистер мен қарулы топтың басын қосып, әскери комиссариат, қару-жарақ қоймасы, мемлекеттік орган ғимараттарына шабуыл жасап, елде төңкеріс жасау болған екен. Әрине, бұл тергеушілердің мәліметі. 2 жылға созылған іске жақында нүкте қойылғандай болды. Сот үкімі бойынша топ негізін қалады деп айыпталған Дмитрий Пчелинцев –18 жылға, Илья Шакурский – 16 жылға, Андрей Чернов – 14 жылға, Максим Иванкин – 13 жылға, Михаил Кульков – 10 жылға, Василий Куксов – 9 жылға және Арман Сағынбаев – 6 жылға сотталды.
Сотта деректер келтірілгенімен, Ресей журналистері бұл ақпаратқа сенбейді. Себебі о бастан айыпталушылар өздерінің азапталып жатқандарын хабарлаған еді. Яғни, тергеушілер оларды жоғарыда айтылған қылмыстарды мойындату үшін қинап, қорлаудың түрлі әдісін қолданып жатыр деген. Сондай-ақ журналистер бұл іс басынан ойдан құралған, жазықсыздар темір торға тоғытылды дейді. Кімдікі дұрыс, кімдікі бұрыс, әзірге белгісіз. Бірақ сот үкімі шығарылды.
Біз аталған атышулы іс жайлы неге жазып отырмыз? Оның Қазақстанға не қатысы бар? Біріншіден, Ресей тарихы қайталанып жатқан секілді. Себебі анархистер бұл елде бұрыннан бар еді. Екіншіден, айыпталғандардың арасында қазақ жігіті мен Қазақстан азаматы да бар. Үшіншіден, ақпарат нарығы еркін дамып отырған кезеңде анархияға шақыратын идеялар Қазақстанға да тарамай ма? Өйткені топтың «Желі» аталуы тегін емес. Олар ғаламтор арқылы байланысып отырған.
Дау неден басталды? 2017 жылы қазанда Пенза қаласында Егор Зорин есімді студент ұсталады. Көп өтпей, оның Илья Шакурский және Василий Куксов есімді достары да құрықталады. Кейін федералды қауіпсіздік қызметі Шакурскийдың үйінен қолдан жасалған жарылғыш зат пен Макаров тапаншасын табады. Алайда Шакурский бұл заттар үйіме әдейі тасталған деп, айыпты мойындаудан басын ала қашты. Кейін осыған ұқсас жағдай Куксов пен Пчелинцевке қатысты да қайталанды. Бірінің көлігінен тапанша табылса, екіншісінің көлігінде граната жатыр екен. Осы уақытта Санкт-Петербург қаласында IT-маман Арман Сағымбаев ұсталды. Оның үйінен алюминий ұнтағы шықты. Тергеушілердің пікірінше, Арман оны жарылыс жасау үшін сақтаған. Қолына кісен салынған қазақ жігіті де өзіне тағылған бұл айыппен келіспеді.