Алматы қаласының әкімі Ерболат Досаев Наурызбай ауданының тұрғындарымен кездесуінде ArtSport бағдарламасы төңірегіндегі жағдайға қатысты пікір білдірді.
Кездесуге келген тұрғындардың бірі, қала басшысына «Менің балаларым ArtSport бағдарламасы бойынша спорт секцияларына тегін барады. Біздің қызмет провайдеріміз 1 қыркүйектен бастап қаржыландыру тоқтатылатынын хабарлады. Бағдарламаның болашағы қалай болады?», – деген сұрақ қойды.Әкімнің жауабынша, 1 қыркүйектен бастап бұл бағдарламаны қаржыландыру тоқтатылатыны рас. Оның айтуынша, осы күнге дейін қызмет көрсетіп келген барлық жеткізушілерге 1 қыркүйектен бастап қаржыландыру тоқтатылатыны туралы алдын ала хабарланған.
«Жергілікті бюджетте көрсетілген қызметке ақы төлеуге қаражат жоқ. Бірінші кезекте қаржыландыру мәселесін шешу керек, бюджетте қаражат қарастырылмаған»,– деді Е.Досаев.Әкім өз сөзінде мен бұл бағдарламаның қала үшін маңызды әрі қажет екенімен келісетінін айта келе, халықтың әлеуметтік осал топтары санатындағы балаларға арналған спорт секцияларының қалалық бағдарламаларын әзірлеу мүмкіндігін қарастыруды тапсырғанын айтып кетті. «Мен өзімнің орынбасарым Арман Қырықбаевқа осы санаттағы мұқтаж жандарға ғана бағытталған бағдарлама дайындауды тапсырдым»,– деді Алматы қаласының әкімі.