«Қазақстан» телерадиокорпорациясының Міржақып Дулатұлы туралы алты бөлімнен тұратын тарихи телехикаясының түсірілімі басталды. Тарихи тұлғаның өмір жолындағы айтулы оқиғаларға негізделген «Міржақып. Оян қазақ!» атты сериал Алаш қайраткерінің өмірі, шығармашылығы және саяси күресі жайында сыр шертеді. Негізгі түсірілім Алматы қаласы, Алматы мен Қостанай облыстарында жүргізіледі. Міржақыптың рөлін актер Бақыт Қажыбаев сомдайды, ал жары Ғайникамал рөлінде – актриса Зарина Кармен. Телехикаяның сценарийін Мұрат Есжан, Ұларбек Нұрғалым және Ұшқын Сәйдірахман жазған. Режиссері – Мұрат Есжан, продюсері – Айсәуле Әбілдаева. Сериалда Әлихан Бөкейханов рөлін Бауыржан Қаптағай, Ахмет Байтұрсынұлын Байғали Есенәлиев сомдайды. Айта кетсек, биыл Qazaqstan ұлттық телеарнасы 5 тарихи сериал түсіреді. Олар – Мағжан Жұмабаев, Әлкей Марғұлан, Дина Нұрпейісова, Қорқыт тұлғасына арналған туындылар. Ең ауқымдысы – алты бөлімнен тұратын «Міржақып. Оян қазақ!» сериалы.
Азат ҚАЗАҚ