Кінәнің бәрін кәсіподаққа артуға болмайды
Кінәнің бәрін кәсіподаққа артуға болмайды
Фото: mbk.ru
321
оқылды
Өркениетті елдерде жұмыс­шы­лар­дың мүддесін қорғауда кәсіп­одақ­тың рөлі зор. Ал біздің кәсіподақ осы әлеу­мет­тік маңызын жоғалтқан. Өйткені ат­­­­­қарушы билік өткен отыз жылда түр­лі тәсілдермен оларды әбден жаныш­тап, «азу ті­сін қағып» алған. Сол себепті ең­бек қа­тынастарына байланысты дау-да­май туын­даған кезде жұмысшы қауы­мы кә­сіподақтарға сенім арта бер­­мейді. Қазақстанда үш тәуелсіз кә­сіподақ бірлестігі бар: Кәсіподақтар федерациясы, «Аманат» Қазақстан кәсіподақтарының ынтымақ­тас­тығы және «Қазақстанның еңбек конфедерациясы» кәсіподақта­ры­ның республикалық бірлестігі. Кәсіподақтар федерациясының төрағасы Сатыбалды Дәулета­лин­нің айтуынша, олардың құрамына елдегі жалдамалы жұмысшылардың 3 миллионға жуығы кіреді.
«Біздің жүйеге 26 салалық, 17 өңірлік және 17 мыңға тарта бас­тауыш кәсіподақ ұйымдары кіреді. Жалпы, республика бойынша жұ­мысшылардың 40 пайызы кәсіп­одақ қозғалысымен қамтылған. Оның ішінде басқа кәсіподақтар да бар. Кәсіподақтардың басты мін­деті – жұмысшылардың еңбек және әлеуметтік-экономикалық құқын қорғау», – дейді Кәсіподақ­тар федерациясының төрағасы.
  Ереуілшілер кәсіподақтарға неге сенбейді? Кейінгі жылдары еңбек ұжым­дарының ереуілдері мен түрлі на­разылық акциялары үдеп кетті. Мәселен, 2021 жылы республика бойынша 31 наразылық шарасы өтсе, 2022 жылдың төрт айында ғана олардың саны 34-ге жеткен. Ал ел ішін дүрліктіріп тұрған ере­уілдердің көпшілігі кәсіподақ­тар­дың қатысуынсыз өтуде.   [caption id="attachment_213570" align="alignnone" width="1437"]кәсіподақ © коллаж: Елдар Қаба[/caption] Қазақстанның кәсіподақтары баяғы кеңестік жүйенің сарынымен мемлекет қолдауы арқылы құры­лып, 90-жылдардың басында оның құрамында 7,5 млн-ға дейін адам болған. Әйтсе де, ол кездің ұйымы жұмысшыға шипажайларға жол­дама алып беру, мереке-мейрамдар кезінде сый-сияпат үлестіру сияқ­ты функцияны атқарды. Бұл құ­ры­лымдарды көп жағдайда атқарушы биліктің маңайындағы адамдар басқарды. Олар әлбетте жоғарғы жақтың айтқанымен жүрді. Ал ымы­­раға көнбеген тәуелсіз кә­сіподақтар қудаланды, қоқан-лоқы көрді. Олардың қыз­метін мем­лекеттік институттар жүйелі түрде мансұқтап отырды. Соның сал­дарынан көптеген тә­уелсіз кә­сіп­одақтар жабылып тын­ды, ал жа­ңаларының қалыптасуына мұрша бермеді. Бір сөзбен айтқан­да, ең­бек ұжымдары өздерінің шын мә­ніндегі көшбасшыларынан айы­рылды. Сол себепті жұмысшы­лардың наразылығын кәсіби одақ­тар емес, жекелеген топтар, қо­ғамдық белсенділер ұйымдас­тыр­ды. Мұндай жағдайда нақты бас­шысы жоқ, ашуға мінген топты са­басына түсіру оңай емес екені белгілі. Мұның кесірін кешегі Қаң­тар қасіреті кезінде анық көрдік.
Қаңтар оқиғасы тәуелсіздік жылдарында бұқаралық сипат алған ең ірі ереуіл болды. Оған Жаңаөзенде сұйытылған газ баға­сының қымбаттауына байланысты жұрттың жолды жауып тастауы түрткі болып, сосын ол бүкіл Маң­ғыстау өңіріндегі мұнайгаз кәсіп­орындары жұмысшыларының кө­те­рілуімен жал­ғас­ты. Кейін Жез­қаз­ғандағы «Қа­зақмыс» компа­ниялар тобының жұмысшылары Жаңаөзенді қолдап наразылық ак­цияларын өткізді. Оларға Бал­қаш мыс балқыту за­уытының жұ­мысшылары мен Теңіз кенішінің мұнайшылары қосылды. Ереуіл­ші­лерге басқа қа­лалардағы да еңбек ұжымдары мен жұмыссыз жандар қолдау көрсетті. «Аманат» Қазақ­стан кәсіподақтары ынтымақтас­ты­ғы белсендісі Жанат Айту­ғанов­тың айтуынша, нара­зылық акция­ларын жергілікті еңбек ұжым­дары басқарған. «Ереуіл­ші­лерді еңбек ұжымдарының ара­сы­нан шыққан белсенділер басқарып, әр ұжым өз деңгейінде тәртіпті сақтап тұрды. Олар өздерінің ара­сына бөтендерді кіргізбеді, аран­датуға жол бермеді», – дейді Ж.Айтуғанов.
  Еңбек дауының тұтануына не себеп? Еңбек қатынастарында нара­зы­лықтың туындауына себеп көп: жа­лақы, әлеуметтік мәселе, жайсыз еңбек жағдайы, т.б. Егер дау-дамай дер кезінде шешілмей, кәсіподақ жұмыс берушімен ортақ мәмілеге келе алмаса, ол бірде болмаса бірде жұмысшыларды көшеге алып шы­ғады. Ал оның арты адам өлі­міне, қаншама материалдық шы­ғын­дар­ға, экономикалық дағда­рыс­қа ұрын­дыратынын өмір талай көрсетті.
«Жұмысшылардың ереуілге шығуы – кәсіподақтардың емес, Үкіметтің кемшілігі. Біз Консти­туциядан бастап, кәсіби одақтарға қатысты өзімізге заңмен берілген құзырет шегінде жұмыс істейміз, жұ­мысшыларымыздың құқын Жар­ғыда бекітілген талаптар ая­сында қорғаймыз. Ал Еңбек за­ңында қандайда бір даулы мәселені шешу үшін жұмысшылардың жалпы жиналысы өткізіліп, онда кворум сақталуы керек делінген. Егер екі тарап онда да ортақ ке­лісімге келе алмаса, онда жаңадан келісім комиссиясын құрамыз. Оның отырысында да кворум сақ­талуы тиіс. Бұл өте ұзақ процесс және кворум жинау оңай емес. Мә­селен, 1000 адам жұмыс істейтін компанияларда жиналыстың өтуі заңды болуы үшін еңбекші қауы­мының елу пайыздан астамы, яғни 501 адам жиналу керек. Мұнша адамды қайта-қайта жинау мүмкін бе? Оның үстіне жиналыс өткізеді екенмін деп мұнай, металлургия, энергетика сияқты салаларда жұ­мыс процесін тоқтатып қоя алмай­сың. Сондықтан біз Үкіметке еңбек дауларын шешудің жеңілдетілген механизмін енгізуді сұрап, ұсыныс жолдағанбыз», – дейді Еңбек конфедерациясының бас хатшысы Мұрат Машкенов.
Оның айтуынша, Қазақ­стан­дағы еңбек дауларының ереуілге ұласып кетуінің бір себебі осында жатыр. Одан да қауіптісі, егер Үкі­мет, жұмыс беруші және жұмысшы қауымы ортақ әлеуметтік келісімге келмесе, дүрбелең оқиғалар әлі де қайталана беруі ықтимал. Өйткені алда оқу маусымы басталады, бала­ларды мектепке дайындау керек, одан әрі қылышын сүйретіп қыс жақындап қалды. Тарифтердің бәрі өсіп жатыр. Азық-түлік бағасы ша­рықтап барады. Инфляция ырық берер емес. Енді электр энергиясы қымбаттайды деген әңгіме естіледі. Ал жұмысшылардың жалақысы өскен жоқ, адамдарға өмір сүруі қиындап барады. Мұның бәрі еңбекші қауымның наразылығын тудыратыны сөзсіз.
«Бізге Халықаралық еңбек ұйы­мының «Дамушы елдерді ерек­ше ескеру арқылы ең төменгі жалақыны белгілеу туралы» №131 конвенциясын ратификациялау қажет. Әлемдік тәжірибеде ең тө­менгі жалақы орташа айлық жала­қының 50 пайызы деңгейінде бе­кітіледі. Бұл Қазақстанның мыса­лында шамамен 125 мың теңге болуы керек. Сондай-ақ бірқатар елдерде төменгі жалақы «ең төменгі тұтыну бюджеті» деп аталатын күнкөріс деңгейімен есептеледі», – деді Кәсіподақтар федера­ция­сының төрағасы Сатыбалды Дәулеталин.
Еңбек кодексінің 107-бабына сәйкес, қызметкердің жалақысы еңбек шартының, ұжымдық шарт­тың және жұмыс беруші актіле­рімен белгіленеді. Бұл шарттар кәсіподақ өкілдерінің қатысуымен рәсімделеді. Бірақ бүгінде елімізде жасалған 154 635 ұжымдық шарт­тың тек 25-30 мыңға жуығына ғана кәсіподақтар қол қойған. Ал қал­ған шарттардың мазмұны қандай, ол жұмысшылар мүддесіне қай­шы келмей ме, ол жағы күмән тудырады.   Парламентте кәсіподақ өкілдері неге жоқ? Батыста кәсіподақтың ықпалы орасан. Олардың жұмысшы құқы­ғын қорғаудағы табандылығы тәнті етеді. Еуроодақ елдерінде кәсіп­одақ өкілдері тіпті жоғарғы заң шығарушы органдарда жұмыс істейді. Олардың қатысуынсыз ең­бек қатынастарына қатысты бірде-бір заң қабылданбайды. Егер қан­дай да бір саланың еңбек ұжымы ереуілге шықса, олар бірден кәсіп­одақтың қолдауына ие болып, жұмысшылар қозғалысы үлкен күшке айналады. Мұндай жағдайда Үкімет пен жұмыс берушінің на­разы топпен мәмілеге келуден басқа амалы қалмайды. Ал Қазақстанда кәсіподақ­тар­дың Еуроодақтағы сияқты Пар­ламентте өз өкілдіктері жоқ. Мұн­дай жағдайда жұмысшы қауы­мы­ның әлеуметтік-экономикалық сипаттағы мәселелерін шешу оңай­ға түспесі тағы белгілі. Оның үс­ті­не, министрліктердің, ведомство­лардың және Үкіметтің регламен­тінде кәсіподақтардың ұсынысына міндетті түрде құлақ асу керек де­ген талап қойылмаған. Олар кәсіп­одақтарды көңілдері қаласа тың­дайды, қаламаса тыңдамайды.
«Наурыз айының ортасында Қазақстан Үкіметі, жұмыс беруші­лердің республикалық бірлестігі және кәсіподақтар арасында 2021-2023 жылдарға арналған Бас ке­лісімге қол қойылды. Еңбек ко­дек­сіне сәйкес, Бас келісім жоғарыда аталған үш тараптың әлеуметтік әріптестік жөніндегі жазбаша рә­сімделген құқықтық актісі болып саналады. Мұнда жұмысшылардың еңбек жағдайы, жұмыспен қам­тылуы және әлеуметтік кепілдері мен міндеттері бекітілген. Оның бұған дейінгі Бас келісімдерден ерекшелігі құжатта нақты көрсет­кіштер мен нәтижелер бойынша тараптардың өзара міндеттері қарастырылған. Егер бұған дейінгі Бас келісімде бұл міндеттер тек декларативті түрде қарастырылса, бұл құжат нақты нәтижеге сүйен­ген», – дейді Мұрат Машкенов.
Тағы бір жақсы жағы, Қазақ­станның кәсіподақтары уақыт оз­ған сайын халықаралық демо­кра­тиялық кәсіподақтар қозғалыс­тарына барынша интеграцияланып барады. Жалғыз біз емес, көршілес өзбек, қырғыз ағайындарда да осы оң үрдіс байқалады. Әйтсе де, Еуропада капитализм, тиісінше еңбекші табы Орталық Азияға қа­рағанда ертерек қалыптасқан­дық­тан, жұмысшы қауымның мүддесін қорғау мәселесіне келгенде, біздің олардан үйренеріміз әлі көп. Са­рапшылардың айтуынша, бұл істе Өзбекстанның аяқ алысы жа­ман емес көрінеді. Ала шапанды аға­йындарда барлық халықаралық стандарттарға сәйкес кәсіподақтар туралы жаңа заң 2019 жылдан бастап жұмыс істейді. Бірақ көп жылғы сүйексіңді дағды қойсын ба, олар да посткеңестік елдердің бә­ріне тән әдеттен әлі арыла алмай жат­қан жайы бар. Өйткені осы үш жыл­дың ішінде Өзбекстанда жа­ңадан бірде-бір тәуелсіз кәсіподақ құрылмаған. Әйтсе де, Cottoncampaign, UGF, ғаламдық кәсіподақ және басқа да халықаралық ұйым­дардың арқасында Өзбекстанда мақта жинау науқанына мемле­кеттік деңгейде бала еңбегін пайда­ланбауға қол жеткізді. Жалпы, «Әр елдің салты бас­қа...» демекші, Еуро­паның да, Азияның да өзіне тән саяси, әлеу­меттік-экономикалық ерекше­ліктері бар. Алайда қай мемлекеттің де кәсіподақ ұйым­да­рының жұ­мысын жандандыруы үшін халық­аралық еңбек стандарт­тарына сай заңнамасы мен инсти­туциялық ортасы болуы тиіс. Бұл – баршаға ортақ қағида. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың саяси рефор­малар жариялағанына қарамастан, кәсіподақтар әлі де мемлекеттің назарынан тыс қалып, жұмыс беруші оған зиянды элемент ретінде қараудан арыла алмай келеді. Ал енді еңбекші қауым үшін кәсіподақ керек пе дегенге келсек, сөзсіз керек! Бірақ жұмысшы қауымның қандай кәсіподақты таңдайтыны өзіне байланысты: өзінің құқын қорғайтын ұйымды ма, жұмыс берушінің сөзін сөй­лейтін ұйымды ма?!