Тұмса табиғатымен талайды тамсандырған Бурабайдың экологиялық ахуалы соңғы жылдары көптің бас ауруына айналғандай. Туристер мен демалушылардан кейін қалған қоқыстар өз алдына, аядай, мөлдіреген көлдер ластанып бара жатыр деп дабыл көтеретіндер көбейген. Бірнеше күн бұрын Бурабайдағы ең ірі көлдің бірі – Айнакөлде балық қырылды. Өкінішке қарай, бұл балықтың жаппай қырылуының алғашқы дерегі емес. 2020 жылдың күзінде де Бурабай көлдерінде балықтар жаппай қырылып, экологтар мен табиғат жанашырлары үлкен шу көтерген. Ұлттық парк басшылығы мұны бірнеше күн ауа температурасының жоғары көтеріліп, кейіннен жауған жаңбырда балықтардың бірін-бірі жаншып тастауынан деп түсіндірген. Көл суына тиісті сараптама жүргізілгенімен, жабулы қазан жабулы күйінде қалды. Су бетіне қалқып шыққан балықтарды демалуға барған жергілікті тұрғындар байқапты. Балықтардың қырылып жатқанын көл экологиясының қатты бұзылуымен байланыстырған жұртшылық жергілікті билік пен «Бурабай» мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің басшылығынан тез арада тиісті шара қабылдауды талап еткен. Себебі көлдің ластануы өңірде экологиялық жағдайды ушықтырып, түрлі қауіпті аурулардың өршуіне себепші болмақ. Жергілікті тұрғындар көлдердің ластануына жоғары лауазымды шенділердің қатысы бар екенін айтады.
«Бурабай көлдеріне экологиялық апат төніп тұрғаны анық. Көлдегі балықтардың жыл сайын қырылып жатқаны бұған айқын дәлел. Осыдан бірнеше жыл бұрын да Үлкен Шабақты көлінде балықтар жаппай қырылып қалған. Онда Бурабайға лауазымды шен-шекпенділер келердің алдында масаларды улап тастауы осындай келеңсіздікке душар еткен. Мұндай жағдайда билік басындағы шенеуніктердің жалған сөйлегендері жұрттың ашуын тудырады. Осыдан кейін билік өкілдеріне халық тарапынан қандай сенім болмақ?» – дейді Бурабай ауданының тұрғыны Юрий Теплицкий.Тұрғындар дабыл қағып, көлдегі балықтың қырылуынан қауіптеніп, суға тез арада ауқымды әрі кешенді тексеріс жүргізілуін талап еткенімен, тиісті сала өкілдері күдік тудыратындай ештеңенің анықталмағанын айтып ақталмақ болды. Ұлттық парк басшылығының мәлімдеуінше, Үлкен Шабақты көлінде қырылған балық бірді-екілі ғана жағдай. Сондықтан шу көтеруге еш негіз жоқ.
«Үлкен Шабақты көлінде табан, алабұға балықтарының қырылғаны анықталды. «Бурабай» мемлекеттік ұлттық табиғи паркі ғылыми бөлімінің мамандары көлге арнайы барып талдау жасау үшін көл суынан сынама алды. Судың гидрохимиялық анализінен балықтар қырылған судың құрамы қалыпты деген қорытындыға келдік. Жыл сайын дәл осы кезде көкшіл-жасыл түсті балдырлардың гүлдейтін уақыты. Оның барысында балдырлар көмірқышқылды газ шығарып судағы оттегіні өзіне сіңіреді. Бұл өз кезегінде балықтардың қырылуына себеп болған. Негізінен бұл көлдің таяз жерлерінде болады. Балық аулаушылар мен көлге келушілер балықтардың қырылып жатқаны туралы фактілерін ұлттық парктің жануарлар әлемін қорғау және сақтау бөліміне хабарлауына болады», – дейді «Бурабай» табиғи паркінің директоры Сергей Быков.Дегенмен жергілікті тұрғындар парк басшылығының бұл уәжімен келіспейді. Бейне түсірілім жүргізген тұрғындар көлдің айналасы түгелдей өлген балықтарға толып кеткенін әрі балықтардың тазартылмай сол күйі сасық иісі шығып жағада жатқанын жеткізді. Бурабайдағы балықтың бір мезетте жаппай қырылуына экологтар да назар аударып, тиісті кешенді тексеріс жүргізілуі қажеттігін алға тартты. Экологтардың мәліметінше, бүгінде суға қауіпті зиянды заттардың болуына судан арнайы сынама алынған. Зерттеу нәтижелері бірер күнде белгілі болмақ. Сонымен қатар көлжиегінде өлген балықтар да жеке сараптамаға жолданғаны айтылды. «Бурабай» мемлекеттік ұлттық табиғи паркі ешқандай қауіп жоқ екендігін айтқанымен, экологтар асығыс қорытынды шығарудан аулақ болып, тиісті зерттеулердің аяқталуын күтудің қажеттігін мәлімдеді.
«Егер талдаулар су қоймасында зиянды химиялық заттардың қалыпты шекті нормадан асып кеткенін анықтаса, арнайы тексеріс жүргізіледі. Біз су қоймасының жағдайын, оның күтімін толық тексереміз. Оның нәтижелері бойынша су қоймасына иелік ететін кәсіпорынға ұсыныстар беріледі», – дейді Ақмола облысы экология департаментінің басшысы Қадырхан Бейсенбаев.P.S. Сонымен Бурабай көлдерінде балықтардың жыл сайын қырылуының себебі белгісіз. Кешенді тексеріс жүргізіп, көлдердің тұтастай экологиялық жағдайын анықтау күн тәртібіндегі мәселе. Ал оның жүрдім-бардым жасалуына жол берілмегені жөн.
Ақмола облысы