Атырауда шахмат фестивалі өтіп жатыр
Атырауда шахмат фестивалі өтіп жатыр
492
оқылды
Атырау қаласында белгілі шахматшы Динара Сәдуақасованың ұйым­дастыруы­мен «Аtyrau Chess Festival 2022» тұңғыш халықаралық шахмат фес­тивалі шымылдық түрді. Кәсіби спортшылар мен халықаралық грос­смейстерлер, Шахмат академиясының тәрбиеленушілері қатысып жатқан ша­раны ұйымдастырушы мен қатысушыларға Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев құттықтау хатын жолдады. Халықаралық гроссмейстер Динара Сәдуақасова Президентке сенім білдіргені үшін алғыс айтты.
 «Күні кеше біздің команда Атырауда 16-24 тамыз аралығында өтіп жатқан «Аtyrau Chess Festival 2022» ұйымдастыруына байланысты Мемлекет басшысының құттықтау хатын алды. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев хатында турнир ұйымдастырушылары мен қатысушыларын құттықтады. Бұл мен үшін шынымен үлкен мәртебе! Біздің шара – Қазақстанның осы өңірінде өткізіліп жатқан бірінші халықаралық шахмат турнирі. Фестиваль ұйымдастырушысы ретінде еліміздің Президентіне сенім білдіргені үшін ерекше алғыс білдіремін», – деді Д.Сәдуақасова.
Атырау қаласында Қазақстан, АҚШ, Нидерланды, Литва, Украина, Өзбекстан, Тәжікстан, Беларусь, Ресей елдерінен келген 300-ге жуық спортшы қатысып жатқан тұңғыш халықаралық шахмат фестивалі салтанатты жағдайда ашылды. Рәсімге Атырау облысының әкімі Серік Шәпкенов, Қазақстан Республикасы Ақпарат және әлеуметтік даму вице-министрі Александр Данилов, Мәдениет және спорт министрлігінің Спорт және дене шынықтыру істері комитетінің төрағасы Самат Ерғалиев қатысты. шахмат
«Атырауда халықаралық шахмат бәсекесі алғаш рет өткізіліп отыр, бұл – біз үшін үлкен мәртебе. Мұндай бастамалар өскелең ұрпақты тәрбиелеу, оларды отансүйгіштікке және салауатты өмір салты құндылықтарына баулу үдерісіне оң әсерін тигізеді», – деді Атырау облысының әкімі құттықтау сөзінде.
Ал Д.Сәдуақасова фестивальдің басты мақсаты – Қазақстанда шахматтың спорт түрі ретінде жан-жақты дамуына лайықты үлес қосу екенін атап өтті.
«Бүгінде елімізде шахмат спорты өзіндік қайта түлеуді, танымалдылықтың жаңа кезеңін бастан кешіруде. Бұған Азия және әлем чемпионатындағы нәтижелер, тәрбие мен білім беруде шахматтың маңызын түсінетін ата-аналардың ынта-ықыласы мен қолдауы, соған байланысты шахматпен айналысатын балалар санының артуы ықпал етті. Сонымен қатар, шахматты дамыту динамикасының бұдан да үлкен өсу алаңына айналуы мүмкіндігі бар мамандандырылған спорттық іс-шаралар әлі де жеткіліксіз деп ойлаймын. Тиісті оқу орындары да соншалықты жеткіліксіз. Бүгінде балалар шахматты негізінен шахмат орталықтарында үйренеді. Бастауыш сыныптарға «шахмат» пәнін енгізу туралы ұсыныстар айтылды. Бірақ оқу бағдарламасының ауырлығына байланысты шахмат қосымша оқытылады, факультатив түрінде машықтанады. Фестивальді ұйымдастырушы ретінде біздің Шахмат академиясының қызметі аясында осы әлеуметтік сұранысты жабуға тырысамыз және бұл іс-шараның миссиясы осында жатыр», – деді Динара Сәдуақасова.
Белгілі болғандай, фестиваль қатысушылары арасында өте жас шахматшылар да бар. Мәселен 6 жасқа дейінгі категорияда облыс чемпионы Әли Сапаров екі жылдан астам уақыт академияда білім алып, өзі үшін алғашқы ауқымды жарысқа қатыспақ. Турнирдің тағы бір қатысушысы Нұрпейіс Үмбетқали қазір 13 жаста. Нұрпейіс Шахмат академиясына бірнеше жыл бойы қатысып, тәжірибелі жаттықтырушылардан дәріс алған. Республикалық деңгейде жеңіске жеткенімен, бұл оның халықаралық шахмат жарысына қатысудағы алғашқы қадамы. Айта кетерлігі, фестиваль бағдарламасына үш негізгі турнир кіреді, олардың әрқайсысының нәтижелері швейцариялық жүйе бойынша бағаланады. Сондай-ақ шеберлік сыныптары мен бір мезгілде өтетін ойын сеанстары күтілуде. Сонымен қатар фестиваль аясында халықаралық арбитрлердің бірінші семинары өтеді, онда төрешілер емтиханнан сәтті өткен соң FIDE төрешісі атағын ала алады. шахмат фестивалі Жүлде қоры 13 миллион теңгеден артық болғанын айта кеткен жөн. Қазақстан – Британ техникалық университеті өз кезегінде бакалавриат пен магистратурада оқуға гранттар бөледі, жеңімпаздардың есімдері турнирдің жабылуында жарияланады. Турнирдің мақсаты – Қазақстанда шахматты спорт түрі ретінде танымал ету және дамыту, салауатты өмір салтын насихаттау, сондай-ақ жас спортшылардың шеберлігін арттыру мен жас таланттарды іздеу. Бағдарламада үш негізгі турнир жарияланған – «Atyrau Open», «Atyrau Juniors» және «Atyrau Blitz». Фестивальдің көрермені болғысы келетіндердің барлығы Атырау шахмат фестивалі аясындағы шеберлік сабақтары мен бір мезгілде өтетін ойын сеанстарына тегін қатыса алады.