Ұрпақ тәрбиесі баршаға ортақ
Ұрпақ тәрбиесі баршаға ортақ
569
оқылды
Қыркүйек жақындаған сайын ата-ананың көңілін алаң билейді. Себебі биыл білім жүйесіне біраз реформа жасалды. Оқу жылы екі аптаға ұзарып, ағылшын тілі 3-сыныптан бастап оқытылатын болды. Осыған орай елордада «Саналы ұрпақ – ұлт болашағы» атты ата-аналарға арналған республикалық Тамыз конференциясы өтті. Қос министр әр өңірден жиналған 800-ге жуық ата-анамен ашық пікір алмасты. Іс-шараны «Сенімен Болашақ» республикалық ата-аналар қо­ғам­дық бірлестігі мен Қазақстан Пре­зиденті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия ұйымдастырды. Жиынның мақса­ты – қоғамда ата-ана мәдениетін қа­лыптастыру, олардың белсен­ділігін арттыру, бала тәрбиесіндегі рөлін күшейту, отбасы құндылық­тарын насихаттау, бала құқығы, бі­лімі, денсаулығы, қауіпсіздігі, т.б. өзек­ті мәселелерді талқылап, мем­лекеттік бастамаларды қолдау және жүзеге асыру. Конференцияға елі­міз­дің барлық облысынан 800-ге жуық белсенді ата-ана қатысып, ойын ортаға салды. Сонымен қатар ми­нистрлер, депутаттар, елімізге бел­­гілі қоғам және мемлекет қай­рат­керлері, ғалымдар, педагогтар, психологтар, бала құқығын қорғау жөніндегі заңгерлер, білім беру ұйымдарының ата-аналар коми­теттері мен қамқоршылық кеңес мүшелері де қатысты. Конференцияда Президент жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия төраға­сының орынбасары Ләззат Керім­құлқызы, Оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбетов, Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұр­бек, Парламент Сенатының де­пу­таты Дана Нұржігіт, ІІМ Әкімшілік полиция комитеті төрағасының міндетін атқарушы Жандос Мұрат­әлиев, «Сенімен Болашақ» респуб­ли­калық ата-аналар қоғамдық бір­лестігінің құрылтайшысы, қоғам қайраткері Нұркен Асанов сөз алып, ата-ананың қоғамдағы, бала тәр­бие­сіндегі рөліне кеңінен тоқталды. Оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбетовтың айтуынша, бала тәрбиесіне тек мектеп жауапты емес. Халықаралық тәжірибе ата-аналардың ұрпақ, бала тәрбиелеудегі рөлі ерекше екенін көрсетіп отыр. Әрине, тәрбие дегенде мектеп қана ойымызға түседі. Балалардың тәр­бие жұмысы ақсап жатса, бірінші мектепті, баланы кінәлаймыз. Ата-ананың рөлі қандай?
– Менің ойымша, бәріміз бірігіп жұмыс істесек қана саналы ұрпақ қа­лыптастырамыз. Мемлекет бас­шысы Қасым-Жомарт Тоқаев ма­ңызды міндеттер жүктеп отыр. Со­ның бірі – құндылықтар мәселесі. Президент айтқан құндылықтарды барлық бағдарламаға енгізіп, да­мытып жатырмыз. Ең басты құн­дылықтар: бірінші – терең білім, екінші – отансүйгіштік, үшінші – еңбек­қорлық. Осы құндылық­тарды сынып сағатын немесе ата-аналар жиналысын өткізіп қана емес, бағ­дарламаға енгізу арқылы жүзеге асырамыз, – деді министр.
Сондай-ақ министр білім са­ла­сындағы реформалардың маңыз­дылығына тоқталды.
– 25 мамыр – 31 мамыр. Былай қарағанда, санаулы күндер. Алайда бұл санаулы күндер қандай мәселені шешейін деп жатыр? Біріншіден, алты күн оқып жатқан, яғни сенбі күні демалмай жүрген 1,5 миллионға жуық оқушы бір жылдың ішінде 36 күн демалыс алады. Сенбі күні ата-анасының қасында болып, қосым­шаларға барып, білімін дамыта ала­ды, кітап оқып, үйде демалады. Екіншіден, бізде көп мектеп екі ауы­сымда жұмыс істейді. Оқу жүк­темесінің азайғанына байланысты екі ауысымда оқып жатқан бала­лар­дың 300 мыңға жуығы бірінші ауысымда оқитын болады. Сонымен қатар 150 мыңға жуық мұғалім енді сенбі күні үйінде болады, – деді Асхат Аймағамбетов.
Жоғары оқу орындарына да жа­ңа жүйе енгізілуі мүмкін. Негізгі мақ­сат – ата-аналарға қолдау көр­сету. Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбектің пікі­рінше, кез келген университеттің үш миссиясы бар.
– Шетелде университеттер ата-аналармен де жұмыс істейді. Жасы келген ата-аналарға көмектеседі. Мысалы, Көкшетау университеті күміс моделіне көшіп жатыр. Олар жасы келген, зейнетке жақындаған адамдармен жұмыс істейді. Ата-ана­лар­ға әдістемелік-педагоги­ка­лық көмек беруді қолға аламыз. Жо­ғары оқу орындарында педаго­гика, пси­хо­логия, физиология са­ла­сында жи­на­ған тәжірибе мен ғы­лыми ізденістерді бөлісіп оты­ра­мыз. Қазір педагогика тек балалар­мен жұмыс істеу емес, бұл көп функционалды дүниеге айналып жатыр, – деді Саясат Нұрбек.
Иә, бала тәрбиесінде мектеп пен ата-ананың, қоғамның бірлесе жұмыс істеуі аса маңызды. Бұл тан­дем бұзылған кезде ұлт болашағына да қауіп төнеді. Сондықтан рес­пуб­лика бойынша ата-аналарға ар­налған конференцияның өте бас­тауы көптің көңілінен шығыпты. Сенат депутаты Дана Нұржігіт осы идеяның қалай дүниеге келгеніне тоқталып өтті.
– Пандемияның бір пайдалы тұсы, осындай идея өмірге келді. Оның авторы – Нұркен Асанов. Баласынан «Бақыт деген не?» деп сұрағанда, «Бақыт деген – сізбен сөй­лескен уақыт» депті. Баламен сөй­лескеннен кейін туған идея осын­дай үлкен қозғалыс, ата-аналар бірлестігінің құрылуына алып келді. Бұл тек Балалар жылында атқа­рылатын дүние емес, – деді Дана Нұржігіт.
Конференцияға Павлодар об­лы­сынан келіп қатысқан Арай Ра­химжанованың айтуынша, осындай іс-шара дәртүрлі түрде өткізіліп тұруы керек. Әсіресе, ата-аналарға арналған тренингтер мен педаго­гикалық оқулықтар көпшіліктің көңілінен шықты.
– Жиын жоғары деңгейде өтті. Ата-аналар көкейде жүрген сұрақ­тарына жауап алып, құнды ақпа­раттармен танысты. Министрлер де ойларын еркін білдіріп, ата-аналармен ашық сөйлескеніне дән риза. Баланың тәрбиесіне тек мек­теп емес, мемлекет пен ата-ана да жауапты. Бұл жерде айтылған идея­ларды өз өңірімізге алып ба­рып, әлі де талқылайтын боламыз, – дейді Арай Рахимжанова.
Осылайша жаңа оқу жылы алдында ата-аналар да назардан тыс қалмай көкейде жүрген көп сауалға жауап алып қайтты.