Өскеменде полицейлер 65 миллион теңгенің есірткісін тәркіледі – видео
Өскеменде полицейлер 65 миллион теңгенің есірткісін тәркіледі – видео
Фото: polisia.kz
Өскеменде полицейлер құны 65 миллион теңге болатын есірткіні тәркіледі. Polisia.kz-тің дерегінше, полицейлер Ұлттық ұланмен бірлесіп, арнайы операция өткізді. Нәтижесінде, 3,5 мың бірреттік дозаға тең салмағы 1 келіге жуық синтетикалық есірткінің аса ірі партиясын Өскеменге әкелмек болған 35 жастағы алматылықты ұстады. Оны қолға түсірген кезде көлікте жұбайы да  отырған. Күдікке ілінбес үшін өзімен бірге әдейі қасына ертіп алғаны мәлім болды. Біраз уақыттан соң екінші күдікті де қолға түсті. Ұсталған 29 жастағы ер адамнан 2 мың дозаға тең 600 грамм синтетикалық есірткі тәркіленді. Өскеменге арнайы келген Ақтөбе қаласының 24 жастағы тұрғыны да ұсталды. Тінту барысында одан құрамында 0,5 келіден астам альфа-PVP психотроптық сұйықтығы бар 5 пластикалық ыдыс тәркіленді.
«Полиция Өскеменге шамамен мөлшері 8 мың бірреттік есірткі дозасын жеткізбек болғандардың жолын кесті. Есірткінің қара базардағы құны шамамен 65 миллион теңгеден асады. Қазір күдіктілердің үшеуі де қамауға алынды. Олардың әрекеттері Қылмыстық кодекстің 297-бабы 3-бөлігі бойынша сараланады. Санкцияда 10 жылдан 15 жылға дейін бас бостандығынан айыру түріндегі жаза көзделген», – деді ШҚО Полиция департаменті бастығының орынбасары Талғат Шаяхметов.
  https://youtu.be/Xtv2xwbv3kE Бұған дейін Абай облысында 18 жастағы 3 студент есірткімен ұсталған еді.