Ауылды дамыту – ауқымды міндет
Ауылды дамыту – ауқымды міндет
594
оқылды
Сырдария, Жа­лағаш аудан­дарында жыл бойы атқарылған жұмыс­тардың нәтижесі көз қуантады. Қызылорда облы­сының әкімі Нұрлыбек Нәлі­баев­­­тың осы қос ауданға жаса­ған сапарында ауыл тұр­мы­сының оңала түс­кені бай­қалады. Алдымен өңір басшысы Сырдария ауданындағы Нағи Ілиясов ауылында болды. Қазақстанның Ең­бек Ері Абзал Ералиевпен бірге ауыл ішіндегі жаңадан салынып жат­қан «Еңбекшілер аллеясын» көрді. Бүгінде 2 250 халқы бар ауылда «Нұрлы жол» және «Ауыл – ел бе­сігі» бағдарламалары аясында 126,3 млн теңгеге ауылдық округінің кі­ре­беріс жолына күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілген. Сондай-ақ 39,7 млн теңгеге көпбалалы отбасыларға 3 тұрғын үй салынған. Бұған қоса 525,9 млн теңге қаражатқа 11 көше қайта жаңғыртылыпты. Әрдайым ауылдың гүлденуіне қомақты үлес қосқан «Абзал және К» ТС жеке қаражаты есебінен ауылды абаттандыру және тұрғындарды әлеуметтік қамсыздандыру бағыттарына 797,2 млн теңге қаржы бөлді. Оның ішінде 384 млн теңгеге спорт кешенін салып, 137 млн теңгеге ауыл ғимаратын жаңадан көтерген. Сондай-ақ, Ұлы Отан со­ғысында қаза тапқандарға арналған ескерткіш құрылысы жүргізілген. Осындай игі істерге оң бағасын берген облыс басшысы ауыл тұр­ғын­дарының тұрмыс сапасын көтеруге басымдық берілуі керек екенін айтып, жүзеге асып жатқан жобаларды уақытылы әрі сапалы аяқтау қажеттігін алға тартты.
«Әрбір жоба халықтың игілігіне арнап жасалады. Оның шарапатын сол ауылдың тұрғындары сезініп, әрбір іс сапалы әрі уақытылы аяқ­талуы керек. Туған жерді бірге көр­кейтуге тиіспіз. Ең бірінші кезектегі әлеуметтік мәселелерді шешсек, ауыл халқының тұрмыс сапасын жақсартамыз», – деді облыс әкімі.
Келесі кезекте Жалағаш ауданына қарасты «Таң» ауылындағы «ТАҢ ЛТД» серіктестігінің егіс ал­қабына барып, ауыл шаруашылы­ғы саласындағы әртараптандыру ба­ғы­тының мамандарымен пікір алмасты. Жалпы ауылда мемлекеттік бағ­дар­ламалар арқылы 569,2 млн теңгеге 14 көше орташа жөндеуден өт­кі­зілген. Сонымен қатар 333,2 млн теңгеге мектепке күрделі жөңдеу жұмыстары жүргізіліп, 140 млн теңгеге дәрігерлік амбулатория салын­ған. Мұнымен қоса «Таң ЛТД» ЖШС жеке қаражаты есебінен «Таң» елді мекенін абаттандыру және тұрғындарды әлеуметтік қамсыздандыру бағыттарына 701 млн теңге бөліпті. Нәтижесінде ауылда мешіт ғимараты жөңделіп, бөбекжай қайта жаңғыртылып, спорт кешені ғимаратының құры­лысы жүрген. Сонымен бірге 150 млн теңгеге ет өңдеу цехының құры­лысы бастау алған. Қызылорда облысының әкімі Н.Нәлібаев өнім өндіру мәселесіне де ерекше тоқталды. Негізінен импортқа тәуелділікті төмендету үшін ауылдардың ауылшаруашылық әлеуеті жоғары болуы керек. Бұл ретте, шаруалар орақ түсу маусымына толықтай дайын.
«Өнімнің мол болғаны халықтың еңбегінің өтеуі. Президенттің, Үкімет басшысының қолдауы негізінде биыл су көлемі былтырғы жылғыдан жоғары болды. Бірлескен келіссөздердің арқасында аймақта айтарлықтай қиыншылық туындамады. Келесі жылы да мол өнім алу үшін жерді алдын ала дайындап, егіс алқаптарына қажетті жұмысты осы кезден бастап анықтау қажет. Ас­тықтың көлемі мол болып, қажеттілікті толық өтей алсақ, азық-түлік қауіпсіздігін тұрақты түрде ұстап тұра аламыз. Егін егуге икемі бар отбасыларға бос жерлерді табыстап, егін егу мәселесін де тапсырдым. Бақша дақылдарын өзіміз өндірсек, өзге өңірдің өнімдеріне деген сұранысты болдырмаймыз», – деп нақтылады Н.Мәшбекұлы.
Биыл аталмыш серіктестікте 25 мың тонна күріш өндіріледі деп жос­парланған. Тамыз айының үшін­ші онкүндігінде күрішке орақ түспек. Ауылда атқарылған жұмыстар мұнымен шектелген емес. Аталмыш елді мекенде биыл спорт кешенін ұлғайту мақсатында 150 спортшыға арналған кешеннің іргетасы да қаланып жатыр. Бұл нысан 2023 жылы ел игілігіне беріледі.

Ербақыт ЖАЛҒАСБАЕВ, Қызылорда облысы