Еліміздегі мәрмәр ұнтағының 80% Текеліде өндіріледі
Еліміздегі мәрмәр ұнтағының 80% Текеліде өндіріледі
520
оқылды
Жетісу өңірінің шұрайлы да, шырайлы аймағының бірі – тентек өзендері мен асқар таулары, тамаша табиғаты арқылы танымал Текелі өңірі.  Кезінде кеншілер қаласы атанған елдімекенде жергілікті жердің байлығын пайдаланып, өндірісті өркендетіп отырғандар баршылық. Ел аумағында демей-ақ қояйын, Жетісу өңірінде  мәрмәр ұнтағын алғашқылардың бірі болып шығара бастаған кәсіпорын да осы Текелідегі «Art-KZ» ЖШС. Құрылыста кеңінен пайдаланылатын  түрлі құрғақ қоспаларға, бояуларға қосылатын ерекше ұнтақтың ел аумағындағы өндірісінің 80% текеліліктер түгендеп отыр. Соның арқасында бұрындары шет елдерден тасымалданатын өнім қазіргі кезде өзімізде шығарылады және онда Жетісу облысының үлесі қомақты.    width= Серіктестіктің атқарушы директоры Евгений Майерленің айтуынша, кәсіпорын 2008 жылы құрылған. Ал мәрмәр ұнтағын шығару «Алатау мәрмәр» ұйымынан бастау алған. Бүгінде «Art-KZ» ЖШС 15 мың тонна шикізат өндіреді. Сонымен қатар айына 300 тонна дайын құрғақ қоспа шығарады.    width= Мұнда шығарылатын мәрмәр ұнтағы AlinEX брендінің өнімдері «Белоснежка», «Радуга», Selena сияқты белгілі бояулардың құрамына қосылады. Қазіргі кезде дайын құрғақ қоспалар да өздерінде өндіріледі. Текеліде шығатын шикізаттар мен өнімдер негізінен, Талдықорған, Алматы және елордаға жіберіледі. Инвестор осыдан 3 жыл бұрын өз қаржысына құрал-жабдықтарды жаңартыпты. Зауытта 50 адам еңбек етеді, ал жалпы мәрмәр кластерінде 500-дей адам еңбекпен қамтылған. Бүгінгі күні 15 адамды жұмысқа алуға дайын, кәсіпорындағы диірменге машинист керек. Машинистердің жалақысы 200 мың теңгенің үстінде.
– Бүгінгі жастар қол еңбегінен қашады, одан гөрі блогер болып, интернетте отырғанды ұнатады. Бірақ біздің жаңа құрылған облысымызға өнеркәсіпті өркендетіп, құрылыстың қарқынын арттыру керек. Экономика үшін оның маңызы зор. Біз өз тарапымыздан қолымыздан келгенше отандық құрылыс саласын дамытуға үлес қосып келеміз, жұмыс орындарын ашып, өндірісті жолға қойдық, – дейді Евгений Эмильевич.
 width= Жалпы, Текелі моноқаласының облыс өнеркәсібі өндірісіндегі үлесі – 13,1%. Мұнда құрылысқа қажетті құрғақ қоспалар, ашытқы, жолдың жиектастары, таурит, сүт өнімдері шығарылады. Биыл 7 айда қала экономикасына 2909,6 миллион теңге инвестиция тартылған. Қаладағы 1500 шағын және орта бизнес субъектісінде 3800 адам жұмыс істейді. Шағын және орта бизнесте жыл басынан шілдеге дейін 6425,0 миллион теңгенің өнімі өндіріліп, қызметі көрсетілген.

Болат АБАҒАН, Жетісу облысы