КСРО-да, Қазақстан аумағында 80-жылдары «митингілік демократия» белең алды. Билік шешімі мен саясатына ықпал еткісі келген азаматтар лек-легімен көшеге шығып, ереуіл, шеру өткізуді әдетке айналдырды. Сөйтіп, одақ күйреп тынды. Тәуелсіздік басында шеру өткізу заңы мен талабы қатайтылды. Енді халыққа қайтадан «бейбіт шеру» бостандығы берілмек. Сарапшылар қазақстандық қоғамда билік әкімшілік ресурс пен жазалау тетіктерін қолдану арқылы ұстап тұрған тағат-төзім тәртібі тарқап, шиеленіс температурасы арта бастағанын айтады. Үкімет халықтың талабына құлақ аспаса, пікірімен санаспаса, арты не болатыны тарихтан белгілі. Сондықтан мемлекеттің азаматтармен ынтымақтаса, ақылдаса білгені жөн.
Шетелдіктерге тыйым салынады
«Бейбіт жиналыстарды ұйымдастыру және өткізу тәртібі туралы» заң жобасының тұжырымдамасында айтылғандай, қолданыстағы заңнамада шеру ұйымдастырушысының, қатысушылардың, журналистің және өзге де адамдардың құқығы, міндеттері және жауапкершілігінің нақты тізімі жоқ көрінеді. Сондықтан әкімдіктер бейбіт митингке рұқсат бермеуге бейім тұрады. Салдарынан негізінен санкцияланбаған шерулер өтеді. Шетелде әрине, басқаша. Мысалы, АҚШ-та митинг ұйымдастырушысы шараны 1 миллион доллар көлемінде сақтандырады. Егер шеру бейбіт емес, басқа сипат алса, оның келтірген шығыны сақтандыру сыйақысынан өтеледі. Жаңа заң жобасына сәйкес, Қазақстанда бейбіт жиналыс өткізудің аралас тәртібін енгізу көзделіп отыр. Ол «хабарлама» және «регламенттелген» түрлерінен тұрады. Біріншіден, 250-ден артық адам қатыспайтын жеке пикет, шағын митинг, ұсақ жиналыстар үшін хабарлама тәртібі қарастырылған. Аты айтып тұрғандай, оны өткізу үшін ұйымдастырушы жергілікті әкімдікке сол ниеті туралы хабарлама жіберсе, жеткілікті. Тиісті мерзім ішінде атқарушы органнан жауап келмесе, бейбіт жиналысты өткізуге келісім алынды болып саналады. Екіншіден, 250-ден көп қатысушы жиятын үлкен шеру, демонстрация, митинг және жиналыс үшін «регламенттелген тәртіп» қарастырылады. Яғни, өткізу тәртібін әкімдік белгілейді. Ол ұйымдастырушыға шеруге сұралып отырғаннан басқа жерді ұсынуы мүмкін. Жобаның тағы бір жаңалығы: ұйымдастырушыға халықты көп жинау үшін шерудің уақыты, орны, жүру бағыты туралы ақпаратты хабарлай отырып, көшеде ұйымның рәміздерін, иллюстрациялық материалдарды таратып, жүргіншілерді осы іс-шараға қатысуға шақыруына, үгіт жүргізуіне рұқсат етілмек. Қолданыстағы тәжірибе бойынша көшеде елді шеруге шығуға үндеуге рұқсат етілмейді. Митингке шақыру әлеуметтік желі, WhatsApp топтары арқылы жасырын жүргізіледі. Жаңа заң жаңа шектеу де енгізбек. Мысалға, терроризм мен экстремизмді қаржыландыратын ұйымдар мен тұлғалар тізбесіне енгізілген адамдар, ұйымдар мен компаниялардың бейбіт митингті қаржыландыруына тыйым салынады. Ілеспе заң жобасында жаза түрлері қарастырылған. Егер бейбіт жиналыс немесе көшедегі заңсыз шара салдарынан азаматтарға, қоғам мен мемлекетке елеулі зиян келсе, ұйымдастырушыларға, қатысушыларға және оларға техникамен, көлікпен көмектескендерге 200-ден 500 АЕК-ке (1 млн 325 мың 500 теңгеге) дейін айыппұл салынуы немесе 50 тәулікке дейін қамауға алынуы мүмкін. Ал елеулі зиян деген не? Бұған да анықтама беру ұсынылады. Оған сай, елеулі зиян деп «бейбіт жиналысты не заңсыз жария іс-шараны ұйымдастырушылардың, қатысушылардың адам денсаулығына немесе мүлкіне зиян келтіретін, елді мекеннің тіршілігін қамтамасыз ету, көлік немесе әлеуметтік инфрақұрылым, байланыс объектілерінің жұмыс істеуіне кедергі жасайтын іс-әрекеттері» танылады. Сондай-ақ шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдарға бейбіт жиналыстарға қатысуға тыйым салынатын болды. Егер шерушілер арасынан жатжұрттық азамат ұсталса, оған 50 АЕК айыппұл салып, елден аластау ұсынылып отыр. Қолданыстағы заңда БАҚ өкілдерінің шеруді жариялауы регламенттелмеген. Салдарынан құқық қорғау органы қарсылық шарасын смартфонға түсіруші журналист пен шеру қатысушысын айыра алмай, екеуінің де қолын қайырып әкетеді. Сондықтан жаңа заң жобасында Ақпарат және қоғамдық даму министрлігіне бейбіт жиналыстарға қатысатын журналистер қызметінің қағидаларын бекіту және БАҚ өкілінің айырым белгілерін әзірлеу жүктелмек. Мысалы, қақтығыс ошағында журналистер ашық қызғылт сары түстегі, PRESS жазуы бар жилет киіп жүреді.Шерудің «шефі» – полиция
Әлемде билікке қарсылық білдірудің бейбіт тәсілдерін реттеудің мол тәжірибесі қалыптасқан. Бірақ олардың барлығы қатысушылардың құқық қорғау органдары бұйрығына қалтқысыз бағынуын көздейді. АҚШ астанасы Вашингтонда кез келген демонстрация-шеру өткізу үшін кемінде 15 күн бұрын өтініш беру қажет. Бұл құжатты 3 құрылымның біріне не полиция басқармасына немесе Капитолий мен үкіметтік ғимараттарды қорғау жөніндегі полицияға, болмаса, егер паркте өтсе, бас қаланың Ұлттық парктерінің қызметіне жолдауға болады. Осы органдардан рұқсат алмай, шеру өткізгендер жедел әрі аяусыз тұтқындалады. Наразылық акциясын тоқтату және тарату үшін полицейлерге суатқыштар, арнайы газ құралдары, электрошокерлер, иттер, бронды машиналар, баррикадаларды қирату құралдарын пайдалануға рұқсат етілген. Бұдан бөлек, полиция LRAD дыбыстық зеңбірегімен қаруланған, оның айналасында 8,85 шақырым радиуста тұруға адам жаны төзбейді: құрылғы тарататын 150 децибел құлақ тұндырып қана қоймай, тәнде қатты ауырсыну сезімін тудырады. Кейбір мәлімет бойынша, жыл сайын Вашингтонда орташа есеппен шеруге шыққан 1 мыңға жуық адам қамауға алынады. Ұқсас жаза Израиль тәжірибесінде бар: суатқыштарға «Сасықкүзен» аталатын күлімсі иісі қолқаны қабатын субстанция қосылады. Оның астында қалған демонстранттарда бүлінген киімін шешіп, лақтырып тастаудан басқа амал жоқ. Нью-Йорк штатында өтінім іс-шара өткізілгенге дейін 45-60 күн бұрын берілуі тиіс. Бұл құжат сыртында сол өтінішті өңдеу үшін 25-35 доллар төлем төлеу, 1 миллион долларға дейінгі мөлшерде жауапкершілікті сақтандыру, көшедегі күтіліп отырған іс-шаралар жоспары, сонымен бірге полиция департаментінің, Өрт сөндіру, медициналық және көлік қызметтерінің, жалпы қалалық үйлестіру басқармасының рұқсаты талап етіледі. Америкада жиналғандар жергілікті биліктің нұсқауын бұзса, қатысушылар күш қолдануға үндей бастаса, көшелерде қозғалысты тоқтатса, бұзақылық немесе әдепсіз әрекеттерге жол берсе, онда полиция кез келген уақытта шеру-митингті таратып жіберуге қақылы. Францияда, соның ішінде Парижде 15 күн бұрын полицияға өтініш беру керек. Бұларда да шеруді құқық қорғау органдары «жатқызып, өргізеді». Егер мэрдің не полиция өкілінің тарау туралы 2 рет ескертуі елеусіз қалса, содан кейін ұсталғандар 1 жылға түрмеге қамалады немесе айыппұл салынады. Әлдеқалай шерушінің бойынан қару табылса, 3 жылға сотталуы мүмкін. Қоғамдық медиатор, әлеуметтанушы Ақайдар Жайсаң бейбіт шеру-митингтермен әуестене беру қоғамға абырой әпермейді деген пікірде. Себебі дұрыс реттемесе, бұл тетік «қоғамдағы келісімді демократиялық жолмен күйрету құралына» айналуы ғажап емес. «Митинг демократиясы кезінде сайлаушылардың неғұрлым көп дауысын алған білікті саясаткер емес, әлеуметтік желіде, алаңдарда көп жақтастар жиған белсенді алға озады. Тобыр демократиясы жақсы зерттелген тақырып, бұл құбылыс талай мемлекеттің түбіне жеткен. Өйткені шеру демократиясы ымырасыз болып келеді, келіссөз үстеліне отырмайды және көбіне, алға қойған мақсатына жетпей тоқтамауды жөн көреді. Бұл бейбіт жиналысқа тыйым салу керек деген сөз емес. Ел үшін ең өзекті мәселелерде қазақстандықтарға өз ойын көшеде де білдіруге мүмкіндік беру қажет», – дейді әлеуметтанушы. Үнемі жабулы күйде қайнаған қазанның неге соқтыратынын қазақтар жақсы біледі.