Орыс мектебіндегі қазақ тілі
Орыс мектебіндегі қазақ тілі
431
оқылды
1958 жылдан бастап Қазақстандағы орыс мектептерінде қазақ тілі тұрақты түрде оқытыла бастады. Алайда қазақ тілін толық мең­геріп, еркін сөйлеп жүрген өзге ұлт өкілі аз. 11 жыл мектепте білім алған түлектер мемлекеттік тілге келгенде неге шорқақ? Мемлекеттік тілдің ахуалына байланысты тіл жана­шырлары түрлі жорамал жасайды. Бірі – оқулық сапасы нашар десе, келесі бірі қазақ тілін шет тілі секілді оқыту әдістемесі жүйеленбеген дейді. Ал белсенділер мемлекеттік тілге қоғам мұқтаждығы болмайынша, тіл мәселесінен арылмайтынымызды айтып жүр. Елімізде 2011-2020 жылдар аралы­ғында Тілдерді дамытудың мемлекеттік бағдарламасы жасалды. Бағдарла­маның мақсаты бойынша осы жылдарда мемлекеттік тілде қазақстандықтардың 95 пайызы еркін сөйлеуі керек болған. Дегенмен мақсат толық орындалмағанға ұқсайды. Қостанай, Петропавл, Павло­дар және Шығыс Қазақстан, Қарағанды мен Ақмола облысында қазақ тілі ақсап тұр. Бұл жағдайға мемлекеттік меке­мелердің ресми тілдегі құжаттарға ба­сымдық беретінін қосыңыз.  

Мектептерде қазақ тілінің оқытылуы

Елімізде 7 014 мектеп бар. Оның 3 749-ы қазақ тілінде, 1 195-і орыс ті­лін­де, 2 046-ы аралас тілде оқытса, 24 мек­теп басқа да шет тілдерінде білім береді. Қазақ мектептерінде оқушылардың мем­лекеттік тілді жетік меңгеріп шы­ға­рына күмән жоқ. Дегенмен орыс мектеп­терінде қазақ тілін оқушылар толықтай меңгере алады дегенге сену қиын. Ұс­таздар мұның себебін оқу әдістемелік құралдарының кемшілігінен көреді. Нұр-Сұлтан қаласындағы №59 мектеп-лицейі директорының ғылыми әдісте­мелік жұмысы жөніндегі орынбасары Зәмзагүл Кенжеахметова бұл тұста ба­лалардың кінәсіз екенін айтады. – Мектебімізде қазақ тілі және орыс тілінде білім алатын сыныптар бар. Орыс тілінде білім алатын балалардың мемле­кеттік тілге деген қызығушылығы жоқ деп айта алмаймын. 11 жыл бойы білім ал­ған түлек қазақ тілінде сөйлей алмауы мүмкін, бірақ түсінеді. Бұл жерде екі мәселе бар – оқулықтардың әлі де шикілігі және мемлекеттік тілге қоғам сұранысының болмауы. Қазақ тілін үйрететін оқулықтар грамматикаға, тіл ережелеріне бағытталған. Мұны дұрыс емес демеймін, ғылыми жағын үйрету де оңды шешім. Алайда ол оқулықтар ба­ланы еркін сөйлеуге, еркін жазуға баули алмай отыр. Қоғамдық қажеттіліктің жағдайы айтпаса да белгілі. Осыдан кейін қажеттілікті сезінбеген оқушы тілге көңіл бөлгісі келмейді. Біз оларды кінәлай алмаймыз, – дейді ұстаз. Мектептердегі қазақ тілінің жағда­йына алаңдайтындай себеп бар. Өзге ұлт өкілдерінің қазақ тілінің болашағына сенімсіз қарайтыны байқалады. Қазақ­станда ұйғыр ұлты балаларының 47 па­йызын орыс мектептеріне, 7 пайызын ғана қазақ мектептеріне оқуға беретіні осы сөзіміздің дәлелі. Жуырда болған оқиғадан соң Қордайдағы этникалық дүнген ұлты балаларын осы уақытқа дейін қазақ мектебінде оқытпай келгені жайлы сөз тарады. – Оқиға болған Масаншы ауылында көбіне этникалық дүнгендер шоғырлан­ған. Ауылда 3 мектеп бар. Оның бірі – 825 орындық қазақ мектебі. Дүнген ұл­тының балалары да қазақ тілінде білім алады. Мемлекеттік тіл лайықты дәре­жеде оқытылып жатыр, – дейді Қордай аудандық білім бөліміндегілер. Үш мектептің біреуі ғана қазақтілді оқу орны болса, расында еліміздегі өзге ұлт өкілдерінің қазақ тілінің болашағына деген сенімі алаңдатады. Ал саясатта­нушы Дос Көшім мектептегі қазақ ті­лінің оқытылуынан бұрын, тілдік мә­селеге қоғамдық себептердің әсер етіп отырғанын жеткізді. – Мектептерде қазақ тілінің оқытылу деңгейі жақсы немесе жаман емес. Тіл комитетінің ұйымдастыруымен Солтүс­тік Қазақстан, Шығыс Қазақстан облыс­тарына 4 жыл бойы барып, 180-нен аса кездесу өткіздік. Ата-аналарға қазақ тілінің, яғни мемлекеттік тілдің бола­шағы зор екенін түсіндірдік. Отбасылар балаларының қазақ тілін білгенін қа­лайды. Бірақ мектеп әдістемесі нашар, жөнді үйретпейді деп біледі. Бір сөзбен айтсақ, ата-аналар ұстаздарға қазақ тілі жөндеп оқытылсын деп талап қоймайды. Талап болмаған соң қазақ тілі пәні мектептегі бейнелеу өнері, еңбек секілді екінші санаттағы пән қатарына еніп отыр. Мемлекеттік тілді білмеудің ақыры жікке бөлінген қоғамның өзара аразды­ғына алып келеді. Тіл мәселесінде «ұлт», «дін» түсінігінің қатысы жоқ. Барлығы біртұтас ел болуы үшін жасалады. Сон­дықтан концерттік бағдарламамен шектелмей, шынайы іске көшетін уақыт жетті, – дейді.  

Қоғамға мемлекеттік тіл қажет пе?

Бүгінгі күні қордаланып отырған Қордайдағы оқиғаға себеп болған мәселелердің бірі  мем­лекеттік тілге қатысты. Сол себепті Мем­лекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқы Ассамблеясына ұлттар мен этностардың бірлігін сақтауға ба­ғытталған тапсырмалар берген болатын. Сол тапсырмалардың бастысы – Қордай ауданындағы этникалық дүнгендерге қазақ тілін оқыту. Себебі қазақ тілі қоғам санасындағы мемлекетшіл түсініктің қалыптасуына, ынтымақтастықты сақ­тауға ықпал етуі тиіс. Мемлекеттік тілді білу – аксиома. Шетелдерде мемлекеттік тілді білуге міндеттейтін заң жобасы кездесе қоймайды, есесіне тұрақтылықты сақтау үшін адамдар мемлекеттік тілде сөйлейді. Сонда Тілдерді дамытудың мемлекеттік бағдарламасы қаншалықты өз нәтижесін беріп жатыр? Ақиқатында, халықтың 95 пайызы мемлекеттік тілді үйренді ме? Осы сауалды Мәдениет және спорт министрлігі Тіл саясаты коми­тетіне жолдаған едік. – Осы уақытқа дейін мемлекеттік тіл­ді дамыту үшін көптеген бағдарлама қа­б­ылданды. Тілдерді дамытудың мем­лекеттік бағдарламасы аясында 2011-2020 жылғы кезеңді қорытындылап жа­тыр­мыз. Көпшілік бағдарламаның 95 пайызға орындалмағанын айтып уәж келтіреді. Істің атқарылуы бүкіл елдің мем­лекеттік тілде сөйлеп кетуімен өл­шенбейді. Еркін сөйлей алатындар бір бөлек, бұл пайыз­дық көрсеткішке түсіне алатын адамдар да қосылады. Тілді дамытудың 2020-2025 жылдарға арналған бағдарламасы әзір­леніп жатыр. Тіл осылай тоқтаусыз үрдіс арқылы дамып отыратынын ұмытпауы­мыз тиіс. Қазіргі кезде республика хал­қының 43,1 пайызы қазақ тілін кәсіби, 12,7 пайызы еркін кәсіби, 22,9 пайызы еркін дәрежеде мең­герген. Ал 5,6 пайызы тілде еркін сөйлеп қана қоймай, түсіндіре алатын деңгейде, – деді комитетке қа­расты Тіл саясаты басқармасының бас сарапшысы Қанағат Оразова.  

ТҮЙІН:

Тілдік кемшіліктерді тізбей-ақ, орыс мектептерінде қазақ тілінің оқы­­тылуына жалғыз оқулықтың емес, қоғамның да септескені жөн. Бұл – өзге ұлт өкілдері мен орыстілді қауым­ды кем­сі­ту емес, бастысы – біртұтас, татулық пен ынтымағы жарасқан мем­лекетшілдік жолындағы мұрат. Қазақ тілінің болашағы барын ұғыну – қоғам­ның түсіністігі. Бар­лық тілді үйренуге болады, алайда «Өзге тілдің бәрін біл, өз тіліңді құрметте» дейтін Қадыр ақынның сөзін ұмытуға болмас.

   width=Мадияр ТӨЛЕУ