1958 жылдан бастап Қазақстандағы орыс мектептерінде қазақ тілі тұрақты түрде оқытыла бастады. Алайда қазақ тілін толық меңгеріп, еркін сөйлеп жүрген өзге ұлт өкілі аз. 11 жыл мектепте білім алған түлектер мемлекеттік тілге келгенде неге шорқақ? Мемлекеттік тілдің ахуалына байланысты тіл жанашырлары түрлі жорамал жасайды. Бірі – оқулық сапасы нашар десе, келесі бірі қазақ тілін шет тілі секілді оқыту әдістемесі жүйеленбеген дейді. Ал белсенділер мемлекеттік тілге қоғам мұқтаждығы болмайынша, тіл мәселесінен арылмайтынымызды айтып жүр. Елімізде 2011-2020 жылдар аралығында Тілдерді дамытудың мемлекеттік бағдарламасы жасалды. Бағдарламаның мақсаты бойынша осы жылдарда мемлекеттік тілде қазақстандықтардың 95 пайызы еркін сөйлеуі керек болған. Дегенмен мақсат толық орындалмағанға ұқсайды. Қостанай, Петропавл, Павлодар және Шығыс Қазақстан, Қарағанды мен Ақмола облысында қазақ тілі ақсап тұр. Бұл жағдайға мемлекеттік мекемелердің ресми тілдегі құжаттарға басымдық беретінін қосыңыз.
Мектептерде қазақ тілінің оқытылуы
Елімізде 7 014 мектеп бар. Оның 3 749-ы қазақ тілінде, 1 195-і орыс тілінде, 2 046-ы аралас тілде оқытса, 24 мектеп басқа да шет тілдерінде білім береді. Қазақ мектептерінде оқушылардың мемлекеттік тілді жетік меңгеріп шығарына күмән жоқ. Дегенмен орыс мектептерінде қазақ тілін оқушылар толықтай меңгере алады дегенге сену қиын. Ұстаздар мұның себебін оқу әдістемелік құралдарының кемшілігінен көреді. Нұр-Сұлтан қаласындағы №59 мектеп-лицейі директорының ғылыми әдістемелік жұмысы жөніндегі орынбасары Зәмзагүл Кенжеахметова бұл тұста балалардың кінәсіз екенін айтады. – Мектебімізде қазақ тілі және орыс тілінде білім алатын сыныптар бар. Орыс тілінде білім алатын балалардың мемлекеттік тілге деген қызығушылығы жоқ деп айта алмаймын. 11 жыл бойы білім алған түлек қазақ тілінде сөйлей алмауы мүмкін, бірақ түсінеді. Бұл жерде екі мәселе бар – оқулықтардың әлі де шикілігі және мемлекеттік тілге қоғам сұранысының болмауы. Қазақ тілін үйрететін оқулықтар грамматикаға, тіл ережелеріне бағытталған. Мұны дұрыс емес демеймін, ғылыми жағын үйрету де оңды шешім. Алайда ол оқулықтар баланы еркін сөйлеуге, еркін жазуға баули алмай отыр. Қоғамдық қажеттіліктің жағдайы айтпаса да белгілі. Осыдан кейін қажеттілікті сезінбеген оқушы тілге көңіл бөлгісі келмейді. Біз оларды кінәлай алмаймыз, – дейді ұстаз. Мектептердегі қазақ тілінің жағдайына алаңдайтындай себеп бар. Өзге ұлт өкілдерінің қазақ тілінің болашағына сенімсіз қарайтыны байқалады. Қазақстанда ұйғыр ұлты балаларының 47 пайызын орыс мектептеріне, 7 пайызын ғана қазақ мектептеріне оқуға беретіні осы сөзіміздің дәлелі. Жуырда болған оқиғадан соң Қордайдағы этникалық дүнген ұлты балаларын осы уақытқа дейін қазақ мектебінде оқытпай келгені жайлы сөз тарады. – Оқиға болған Масаншы ауылында көбіне этникалық дүнгендер шоғырланған. Ауылда 3 мектеп бар. Оның бірі – 825 орындық қазақ мектебі. Дүнген ұлтының балалары да қазақ тілінде білім алады. Мемлекеттік тіл лайықты дәрежеде оқытылып жатыр, – дейді Қордай аудандық білім бөліміндегілер. Үш мектептің біреуі ғана қазақтілді оқу орны болса, расында еліміздегі өзге ұлт өкілдерінің қазақ тілінің болашағына деген сенімі алаңдатады. Ал саясаттанушы Дос Көшім мектептегі қазақ тілінің оқытылуынан бұрын, тілдік мәселеге қоғамдық себептердің әсер етіп отырғанын жеткізді. – Мектептерде қазақ тілінің оқытылу деңгейі жақсы немесе жаман емес. Тіл комитетінің ұйымдастыруымен Солтүстік Қазақстан, Шығыс Қазақстан облыстарына 4 жыл бойы барып, 180-нен аса кездесу өткіздік. Ата-аналарға қазақ тілінің, яғни мемлекеттік тілдің болашағы зор екенін түсіндірдік. Отбасылар балаларының қазақ тілін білгенін қалайды. Бірақ мектеп әдістемесі нашар, жөнді үйретпейді деп біледі. Бір сөзбен айтсақ, ата-аналар ұстаздарға қазақ тілі жөндеп оқытылсын деп талап қоймайды. Талап болмаған соң қазақ тілі пәні мектептегі бейнелеу өнері, еңбек секілді екінші санаттағы пән қатарына еніп отыр. Мемлекеттік тілді білмеудің ақыры жікке бөлінген қоғамның өзара араздығына алып келеді. Тіл мәселесінде «ұлт», «дін» түсінігінің қатысы жоқ. Барлығы біртұтас ел болуы үшін жасалады. Сондықтан концерттік бағдарламамен шектелмей, шынайы іске көшетін уақыт жетті, – дейді.Қоғамға мемлекеттік тіл қажет пе?
Бүгінгі күні қордаланып отырған Қордайдағы оқиғаға себеп болған мәселелердің бірі мемлекеттік тілге қатысты. Сол себепті Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқы Ассамблеясына ұлттар мен этностардың бірлігін сақтауға бағытталған тапсырмалар берген болатын. Сол тапсырмалардың бастысы – Қордай ауданындағы этникалық дүнгендерге қазақ тілін оқыту. Себебі қазақ тілі қоғам санасындағы мемлекетшіл түсініктің қалыптасуына, ынтымақтастықты сақтауға ықпал етуі тиіс. Мемлекеттік тілді білу – аксиома. Шетелдерде мемлекеттік тілді білуге міндеттейтін заң жобасы кездесе қоймайды, есесіне тұрақтылықты сақтау үшін адамдар мемлекеттік тілде сөйлейді. Сонда Тілдерді дамытудың мемлекеттік бағдарламасы қаншалықты өз нәтижесін беріп жатыр? Ақиқатында, халықтың 95 пайызы мемлекеттік тілді үйренді ме? Осы сауалды Мәдениет және спорт министрлігі Тіл саясаты комитетіне жолдаған едік. – Осы уақытқа дейін мемлекеттік тілді дамыту үшін көптеген бағдарлама қабылданды. Тілдерді дамытудың мемлекеттік бағдарламасы аясында 2011-2020 жылғы кезеңді қорытындылап жатырмыз. Көпшілік бағдарламаның 95 пайызға орындалмағанын айтып уәж келтіреді. Істің атқарылуы бүкіл елдің мемлекеттік тілде сөйлеп кетуімен өлшенбейді. Еркін сөйлей алатындар бір бөлек, бұл пайыздық көрсеткішке түсіне алатын адамдар да қосылады. Тілді дамытудың 2020-2025 жылдарға арналған бағдарламасы әзірленіп жатыр. Тіл осылай тоқтаусыз үрдіс арқылы дамып отыратынын ұмытпауымыз тиіс. Қазіргі кезде республика халқының 43,1 пайызы қазақ тілін кәсіби, 12,7 пайызы еркін кәсіби, 22,9 пайызы еркін дәрежеде меңгерген. Ал 5,6 пайызы тілде еркін сөйлеп қана қоймай, түсіндіре алатын деңгейде, – деді комитетке қарасты Тіл саясаты басқармасының бас сарапшысы Қанағат Оразова.ТҮЙІН:
Тілдік кемшіліктерді тізбей-ақ, орыс мектептерінде қазақ тілінің оқытылуына жалғыз оқулықтың емес, қоғамның да септескені жөн. Бұл – өзге ұлт өкілдері мен орыстілді қауымды кемсіту емес, бастысы – біртұтас, татулық пен ынтымағы жарасқан мемлекетшілдік жолындағы мұрат. Қазақ тілінің болашағы барын ұғыну – қоғамның түсіністігі. Барлық тілді үйренуге болады, алайда «Өзге тілдің бәрін біл, өз тіліңді құрметте» дейтін Қадыр ақынның сөзін ұмытуға болмас.