Дайындық ойдағыдай ма?
Дайындық ойдағыдай ма?
239
оқылды
Педагогтердің республикалық тамыз конференциясында Премьер Министрдің орынбасары Ералы Тоғжанов жаңа оқу жылының басталуына қызу дайындық қажеттігін айтты. «Оның ішінде аз қамтылған отбасы балаларын мектепке дайындау мәселесі маңызды. Бұл мәселе Үкіметте бірнеше рет қаралып, жауапты мемлекеттік органдарға тиісті тапсырма берілді. Әкімдіктер балаларды мектепке дайындау үшін отбасыларға қолдау көрсетуі, мектепке дайындығын қамтамасыз ету жұмысын ұйымдастыруы қажет», – деді ол. Әлеуметтік жағдайы төмен отбасыдан шыққан мектепке баратын балалардың жалпы саны – 475 мың. Оларға заңнамаға сәйкес, жалпы білім беру қорынан киім, мектеп құралдарын сатып алуға көмек көрсетіледі. Алайда Батыс Қазақстан және басқа да бірқатар облыста балаларға материалдық көмек көрсетуге бөлінген қаражат көлемі бекітілген нормадан төмен болған. Оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбетовтың айтуынша, биыл осы бағыт бойынша екі жаңа өзгеріс енгізілді. Біріншіден, биыл материалдық көмек ата-ананың жеке есепшотына түседі. Енді ата-аналар мектеп формасы мен кеңсе тауарларын өзі сатып ала алады. Бұрын сатып алуды әкімдік жүргізетін және киімнің өлшемі мен сапасына қатысты көп наразылық болатын. Екіншіден, бұрын бір балаға бөлінетін қаржы әр өңірде әрқалай – 17 мыңнан 40 мыңға дейін болса, биыл оның мөлшері ең төменгі күн көріс деңгейінен, яғни 37 389 теңгеден аз болмауы керек. Алайда еліміздің 6 өңірі балаларға мектеп формасын және кеңсе тауарларын алуға жеткіліксіз қаражат бөліп отыр. Бұл мәселе аймақ әкімдіктері мен құзырлы мекемелердің бақылауына берілді. Жаңа оқу жылында мектеп формасына қойылатын талаптар өзгертілмеді. Яғни, оқушылар бұрын киген немесе алдын ала сатып алған формасын қолдана алады. Осыған орай, әкімдіктерге қажетті қаражатты бөле отырып, мектеп формасы мен кеңсе тауарларының қолжетімді болуы үшін кешенді жұмыс жүргізу бойынша тапсырма берілді. Жаңа оқу жылында 900 мыңға жуық бала бір мезгіл тегін тамақпен қамтылады. 7 өңірде 1-4 сыныптар, Ақмола және Маңғыстау облыстарында барлық 1-сынып оқушысына тегін ыстық тамақ беріледі. «Қазақстан халқына» қоры есебінен аз қамтылған отбасының үлгерімі нашар 350 мың бала «Цифрлық ұстаз» жобасы арқылы қосымша білім ала бастайды. Мүгедектігі бар, есту, көру, сөйлеу қабілеті бұзылған, психикалық даму күйзелісі бар балалар үшін 98 арнайы мектеп-интернатқа жабдықтар алу көзделді. «Мектепке жол» қайырымдылық акциясы аясында түрлі ұйымдар, бизнес және белсенді азаматтар 500 мыңға жуық баланы мектепке даярлауға көмектесуде.

Асыл ТҰМАР