Бүгінде елімізде «AMANAT» партиясының «Бақытты отбасы» жобасы аясында «Баланы мектепке даярлайық!» атты жалпыреспубликалық қайырымдылық акциясы өтіп жатқаны белгілі. Бұл күндері партия мүшелері оқушыларға мектеп формасы мен оқуға қажет құрал-жабдық тарту етіп жатыр. Биыл аталмыш акция шеңберінде 30 мыңнан аса жеткіншекті қамту жоспарланған. Партияның Орталық аппарат басшысы Мәди Оспанов бірнеше отбасыға барып, балаларға мектеп формасын, спорт киімін, сөмке, кеңсе тауарларын және басқа да керек-жарақтарды табыстады.
– Басты мақсат – көпбалалы және аз қамтылған отбасылардың балаларын оқу жылына дайындауға көмектесу. Бір отбасыға барғанымызда, әкесінің де, анасының да есту қабілетінен айырылғанын және жақында үйлерінің шатыры өртеніп кеткенін білдік, сондықтан қосымша қолдау көрсетіп, жөндеу жұмысын жасап беруді шештік, – дейді Мәди Оспанов.Өз кезегінде көпбалалы ана Әсем Жайлаубекова партияға алғысын білдірді.
– Үш балам мектепке барады. Оның бірі биыл алғаш рет мектеп табалдырығын аттағалы отыр. Керек-жарақтарына кемінде 100 мың теңге қажет болған. Одан бөлек, ересек балаларым да бар. Партияның арқасында бүкіл қажетті құрал-жабдықтарымызды түгендеп алдық, – деп ағынан ақтарылды ол.Сондай-ақ «AMANAT» партиясының Республикалық қоғамдық қабылдау бөлмесінің жетекшісі Әлия Садырбаева төрт қызы мектепке баратын отбасыға партия атынан оқу құралдарын тарту етті.
– Екі аптадан соң жаңа оқу жылы басталады. Бұл – оқушы тәрбиелеп отырған әрбір шаңырақ үшін айтулы оқиға. Өзімнің де бес балам мектепке барады, баланы мектепке дайындаудың қаншалықты қиын екенін білемін. Әрқайсысына мектеп формасы, спорт киімі, аяқкиім, сөмке, күнделік, дәптер, басқа да қыруар зат керек. Ата-ананың оны сатып алуға мүмкіндігі болса жақсы.Бірақ, өкінішке қарай, мүмкіндігі жоқ ата-аналар көп. Сондықтан «AMANAT» партиясының «Бақытты отбасы» жобасы аясында жыл сайын «Баланы мектепке даярлайық!» акциясы өткізіледі. Бізге, Республикалық қоғамдық қабылдау бөлмесінің қызметкерлеріне 6 қызы бар отбасыға көмектесудің сәті түсті. Олардың төртеуі мектепке барады екен. Біз оның әрқайсысына заттарды мұқият таңдадық. Ал кішкентай Жаңыл үшін ерекше сый жасағымыз келді – ол биыл алғаш рет мектеп табалдырығын аттайды. Оған біз дәмді торт пен шар сыйладық. Ал отбасы мүшелеріне жеміс-жидекке толы себетті тарту еттік, – деп атап өтті Әлия Садырбаева.Ал Қызылорда қалалық мәслихатының депутаты, «AMANAT» фракциясының мүшесі Ділмұхамед Абизов 500 балаға мектеп формасын алып берді.
– Қазір еліміздің барлық өңірінде «Баланы мектепке даярлайық!» атты акция өтіп жатыр. Қалалық мәслихаттың депутаты ретінде мен де осы іс-шараға атсалысқым келді. Сондықтан DALATEX тігін фабрикасында өндірілген 100 мектеп формасын Шиелі ауданының мектептеріне, ал 400 форманы қала мектептеріне сыйға тарттым. Сонымен қоса, мектеп формасының бағасын тұрақтандыру және оның қолжетімділігін қамтамасыз ету үшін 7000 теңге тұратын 600 мектеп формасы сатылымға шығарылды, – деді Ділмұхамед Абизов.