Басшылардың есебі шындыққа жанаспайды
Басшылардың есебі шындыққа жанаспайды
Жамбыл облыстық мәслихатындағы «AMANAT» партиясы депутаттық фракциясының кезекті отырысы өтті. Облыстық мәслихаттағы депутаттық фракция же­тек­шісі Мұқаш Ескендіровтің төра­ға­лы­ғы­мен өткен жиында мектептерді күрделі жөн­­деу және құрылыс барысы, студент­тер­дің колледждер мен жоғары оқу орындары жа­тақ­ханаларындағы орын­дар­мен қамта­ма­сыз етілуі, жанар-жағармай өнім­дерімен қам­тамасыз ету, азық-түлік өнім­дерінің ба­ғасын тұрақтандыру сынды өзекті мә­се­лелер талқыланды. Аталған мәселелер бойынша салалық бас­қарма басшыларының есебі тыңдалды. Де­генмен баяндамашылар сөз еткен статистикамен шын мәніндегі көрсеткіштің ара­сында айырмашылық бар. Мектептер құ­ры­лысына зерделеу жүргізген депу­тат­тардың дерегі басқаша. Олар облыстық Білім басқармасының аймақтағы колледж жа­тақханасы, Ақтас ауылындағы жеке кә­сіпкер салып берген ғимаратты бастауыш мек­теп ғимараты ретінде мемлекет мен­ші­гіне алу мәселесін осы уақытқа дейін шеш­пегенін сынады. Алда жиын-терінге аз уақыт қалды. Ди­қандардың ендігі міндеті – бітік шыққан егін­ді төгіп-шашпай қамбаға тасу. Бұл орай­да жанар-жағармай қолбайлау бол­мауы керек. Фракция отырысында жауап­ты мамандар жанар-жағармайдан мә­селе туындамайды деп сендіріп бақты. Ен­дігісін уақыт көрсетеді. Сондай-ақ азық-түлік бағасын тұрақ­тандыру да қызу талқыланды. Ол бойынша Үкімет пен партия бірлесіп ілкімді жұмыс іс­теп-ақ жатыр. Байқағанымыз, азық-түлік ба­ғасы райынан қайта бастаған. Алдағы мақсат – оның бағасын тұрақтандыру. Фракция отырысында депутаттар анық­­­талған олқылықтар бойынша ұсыныс­тарын жеткізді.