Стадион - спорт күніне лайықты тарту
Стадион - спорт күніне лайықты тарту
219
оқылды
Спорт күні қарсаңында Сарқан қаласындағы Н.Островский мектеп-лицейінің оқушылары мен ұстаздары үлкен қуанышқа кенелді. Жергілікті бюджеттен бөлінген 35 миллион теңгеге тұрғызылған су жаңа стадион спортты серік еткендер үшін есігін айқара ашты. Тозығы әбден жеткен, жабдықтары қирап біткен, стадион деп айтуға келмейтін  ескі алаңда спорттық жарыстар өткізіп, жаттығып жүрген оқушылар ендігі жерде барлық жағдайы ойластырылған, талапқа сай жабдықталған стадионда асыр салатын болды.  Жаңа спорт алаңының жалпы аумағы 1800 шаршы метр. Мұнда жасанды көгал жабындысы төселген футбол алаңы, жүгіруге арналған резеңке жолақтар жасалған. Бұдан бөлек, баскетбол және волейбол алаңдары жабдықталған. Биылғы маусымда басталған стадион құрылысын «Millennium Story Group» ЖШС құрылысшылары жүргізіпті. Уақыт өтке келе кемшіліктер көрініс бермесе, әзірге бәрі керемет.  width= Сарқан ауданының әкімі Талғат Қайнарбековтың айтуынша, биылғы «Балалар жылы» аясында Сарқан қаласымен қатар, шалғайда орналасқан Қарабөгет, Көкөзек, Алмалы, Қарғалы ауылдарында заман талабына сай 2 шағын, 2 үлкен –  4 футбол стадионы, 5 стрит-воркаут және 8 балалар алаңы салынып, жыл соңына дейін қолданысқа беріледі. Осы жазда Сарқанда спорты серік еткендер мен салауатты өмір салтын ұстанатындарға арналып тағы бір үлкен жаңалық жүзеге асқан. Атап айтқанда, маусым айының соңында аудан орталығында  жеке кәсіпкерлердің бірі  өз қаражатына 300 адамдық «Жетісу» бассейн орталығын ашқан еді.  Орталықта  келушілердің жас ерекшелігіне қарай ойластырылып, жабдықталған үш бассейн жұмыс істейді. Енді, міне, мектеп жанындағы заманауи стадион пайдалануға берілді.  width= Биылғы  Спорт күніне арналған шаралардың аясында Сарқандағы «Жастар» саябағында ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесі өткізіліп, келушілерге нарықтағыдан төмен бағада 3 тонна көкөніс, 1 тоннаға жуық ет, 300 литр сүт пен сүт өнімдері және басқа да азық-түліктер саудаланды.

Болат Абаған, Жетісу облысы