«Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы» заңның басты мақсаты – азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау, сыбайлас жемқорлық көріністерінен туындайтын қауіп-қатерден ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, жемқорлыққа байланысты құқықбұзушылықтың алдын алу, олардың жолын кесу және ашу. Білім беру жүйесінде сыбайлас жемқорлықты жою, білім беру жүйесі арқылы сыбайлас жемқорлықтан бас тартатын ортаны қалыптастыру. Бұл салада қоғам өмірінде түбегейлі шешімі табылмай тұрған мәселе, ол – коррупция. Елімізде осы мәселеге арнайы қабылданған заңдар да, атқарылып жатқан жұмыстар да баршылық, бірақ бұл мәселе әлі толық шешімін тапқан жоқ. «Қазақстан – 2050» Стратегиясы – қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты. «Қазақстан жолы – 2050: бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты Қазақстан халқына Жолдауында Тұңғыш Президент – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев 2050 жылға дейінгі одан әрі дамудың стратегиялық бағытын айқындап берді. «Қазақстан – 2050» Стратегиясының мақсаттарына сыбайлас жемқорлықпен ымырасыз күрес жүргізу арқылы ғана қол жеткізуге болады. Елбасы айтып өткендей: «Мемлекет пен қоғам біртұтас майдан құрып, жемқорлыққа қарсы шығуы тиіс. Жемқорлық – жай құқықбұзушылық емес. Ол мемлекеттің тиімділігіне деген сенімді сетінетеді және ұлттық қауіпсіздікке төнген тікелей қатер болып табылады» делінген. Әлемнің көптеген елі секілді, біздің мемлекетіміз де сыбайлас жемқорлықтың алдын алып, оның тамырына балта шабуға бағытталған мақсатты жұмыстар жүргізіп келеді. Бүгінгі педагогика ғылымдарының алдында тұрған зор міндеттің бірі – саналы ұрпақ тәрбиелеу, жастардың қоғамдық өмірден еш уақыт қол үзбей, өз елін сүюге, салт-дәстүр, әдет-ғұрпын сақтауға, өз тілін мақтан ете отырып, өзге тілді меңгеруге ықпал жасау. Егер біз жемқорлықты түбегейлі жоюды міндет етіп алсақ, ел болашағын әлемге таныту – бүгінгі ұрпақтың үлесінде деп білемін. Қазақ ұлттық өнер академиясының ректоры, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Ақан Әбдуалиев Президент Жолдауында айтылған сыбайлас жемқорлықтың себептері мен алғышарттарын анықтап, оларды жою жұмысын күшейту туралы айта келіп, елдегі сыбайлас жемқорлық деңгейін төмендету бағытында алдымызда әлі талай үлкен міндеттер тұр, талай сын кезеңдерден өтуге тура келеді және сапалы нәтижеге қол жеткізуіміз қажет деді. Т.Жүргенов атындағы ҚҰӨА мектеп-интернат, колледж аясында 2019-2020 жылдарға арналған «Саналы ұрпақ» клубының жобасы жасалып, бекітілді. Жобаның миссиясы: Қазақстанда тұратын патриоттар және бәсекеге қабілетті сыбайлас жемқорлықтан азат жастар. Біз елдегі сыбайлас жемқорлық деңгейін төмендету бағытында елеулі қадам жасаудамыз. Басты назар көбіне сыбайлас жемқорлықтың салдарымен күресуге аударылып отыр. Студенттер мен оқушыларға және де өзге тұлғаларға арналған хаттар мен өтініштер үшін «Сенім жәшігі» ашылды. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы білім беру мен тәрбиелеу үлгісі бойынша өткізілген тақырыптар төңірегінде іс-шаралар атқарылды. «Заң және оны сақтау қажеттігі», «Жемқорлық қайдан пайда болады?», «Барлық нәрсені ақшаға сатып алуға бола ма?», «Талап пен қалау арасындағы қарама-қайшылықтарды қалай шешуге болады?», «Шынайы болу дегеніміз не?», «Әділетті заң», «Сыбайлас жемқорлық дегеніміз не?» тақырыптарында студенттерге сыбайлас жемқорлықтың соңы неге апаратыны туралы сюжет көрсетілді. Алдағы уақытта «Балалық шақтан жемқорлықсыз өмір» тақырыбында суретшілермен көрме ұйымдастырылады және колледжіміздің актер мамандығы «Ар-ождан – адамның ішкі төрешісі» атты тақырыпта концерттік көріністер көрсетіледі және т.б іс-шаралар орындалады. Сыбайлас жемқорлықпен күресу барлық азаматтың борышы деп білемін. Тек таза және адал еңбек қана өскелең ұрпақ үшін табыстың, жоғары жетістіктің, білім мен материалдық игіліктің басты өлшеміне айналуы тиіс. Ұлт болашағы жарқын болсын десек, саналы ұрпақ тәрбиелейік! З.ЖҰМАХМЕТОВА, Т. Жүргенов атындағы ҚҰӨА мектеп-интернат колледж басшысы, Білім беру ісінің құрметті қызметкері