Үкімет жыл басында әлеуметтік маңызды азық-түлік бағаларын тұрақтандыру мақсатында бірқатар көкөніс түрлерін экспорттауға тыйым салған болатын. Оның ішінде картоп та бар. Бірақ фермерлер құзырлы органдармен бір ай бойы айқасып жүріп, ел ішінде «екінші нанның» қоры жеткілікті екенін дәлелдеп, шектеуді алдыртып тастаған. Енді, міне, отандық өндірушілер картопты шетелге шығаруға күзге салым тағы да тосқауыл қоя ма деп қауіптеніп отыр. «Жұт жеті ағайынды» деген, кейінгі жылдары елді қымбатшылық иектеп жүр. 2021 жылы көкөніс бағасы шырқап кетті, әсіресе картоптың әр келісінің құны 600 теңгеге жетті. Сарапшылар мұны Ресейдегі құрғақшылықпен байланыстырады. Өйткені терістіктегі көршінің бізден картоп алмағанына 10 жылдан асқан, ал былтырғы біздің дүкендерге жасаған «жорығы» жаппай дүрбелең туғызып, баға ырық бермей кетті. ӨЗІМІЗДІ-ӨЗІМІЗ ҚАМТАМАСЫЗ ЕТУГЕ ШАМАМЫЗ ЖЕТЕДІ Жоғарыдағы жайтқа қарамастан, Қазақстан соңғы жылдары картоп шаруашылығын үдетіп тұр. Мәселен, былтыр 300 мың тонна экспорттап, 26 мың тонна импорттаған. Ал осыдан бес жыл бұрын ғана ішкі нарықтағы картоптың дені сырттан тасымалданатын. Қазір енді әлемдік картоп экспортшыларының алғашқы ондығына кіріп үлгерді. Сөйте тұра, отандық өндірушілер әлі де мемлекетке үрке қарап отыр. Егер экспортқа тағы тыйым салынатын болса, сыртқы нарықтан біржолата айырыламыз ба деп қауіптенеді. Өйткені, былтырғы тыйымнан кейін қазақ экспортшылары дәстүрлі нарығының елеулі бөлігін жоғалтып алды, енді соның орнын толтыруға мүдделі.
«Қазақстанның өзін-өзі картоппен қамтамасыз етіп, экспортқа 330 мың тонна шығаруға шамасы келеді. Бірақ біздің есебіміз бен Үкімет есебінің айырмашылығы жер мен көктей. Олар ішкі нарық үшін қажет деп белгілеп отырған көлемі екі Қазақстанды картоппен қамтамасыз етуге жетеді. Мемлекеттік органдар экономиканың дамуын көрсету үшін көрсеткіштерді қолдан өсіріп жазады. Сондықтан өнімнің артығын экспорттау керек. Әйтпесе, ол бағаға кері әсер етіп, фермерлерді шығынға батырады», – дейді Қазақстан картоп өсірушілері және көкөніс өсірушілері одағының басқарма төрағасы Қайрат Бисетаев.Биыл картоп өндірушілер саны артып, егістік алаңдары ұлғайған. Олардың ішінде әрқайсында 25-30 мың гектардан алқабы бар ірі өндірушілер де, 1-2 мыңнан 5-10-15 мың гектар алқабы бар шағын фермерлер де кездеседі. Ірі өндірушілер негізінен еліміздің солтүстік өңірлерінде орналасқан. Сарапшылардың айтуынша, егер ауа райы қолайлы болса, олар 1,5 миллион тонна картоп жинап алатын түрі бар. Ал ішкі тұтыну көлемі – 615 мың тонна. Сондықтан өзімізден артылғанды сыртқа сатып, пайда табуға кедергі келтіретіндей ешқандай фактор көріп тұрғанымыз жоқ. Сондай-ақ картоп алқаптары ұлғаюымен бірге, оны өндіруге кететін шығын да арта түскен. Жанар-жағармай, тыңайтқыш, пестицидтер мен техниканың бөлшектері қымбаттаған. Мәселен, тұқымдық картоп өсірушілердің бір гектарға жұмсалатын ақшасы 1,5 миллионнан 2,5 миллионға дейін өскен. Бұл тек тікелей шығындар. Оған фермерлер техникасын жаңарту үшін және өнімді сақтайтын қойманы салу үшін алған ұзақмерзімді несие мен лизингті қосыңыз. Одан бөлек, Ресей-Украина арасындағы жағдайға байланысты логистика құны 30-40 пайызға көтерілген. Мұның бәрі тауардың өзіндік құнын еселей түсетіні белгілі.
«Сақтандырушылар Ресей мен Беларусь аумағынан өтетін жүкті сақтандырғысы келмейді. Ал жақсы сапаға үйренген әрі технологиясы еуропалық тұқымға бейімделген фермерлердің басқа сұрыпқа ауысып кетуі оңай шаруа емес. Сондықтан олар Кәрі құрылықтан элиталық тұқым тасымалдағанда көп шығынға батады. Ал тұқымды әр екі жыл сайын ауыстырып отырмаса, ол үшінші жылы асханалық картопқа айналады»,– дейді Қ.Бисетаев.СЫРТҚЫ НАРЫҚТАН АЙЫРЫЛУҒА БОЛМАЙДЫ Қазақстан картобы негізінен Өзбекстанға жөнелтіледі. Құрғақшылыққа байланысты былтыр Ресейден де сұраныс көп болды. Бірақ биыл өздерінде картоп жақсы шықты да, олардың қазақстандық өнімге деген сұранысы жоғалды. Ал Түркіменстанға экспорттың тек 10 пайызы ғана жөнелтіледі. [caption id="attachment_213851" align="aligncenter" > © коллаж: Әсел Балтақызы[/caption] Жалпы, өзбек нарығы үлкен, олар жылына 400-500 мың тонна картоп импорттайды. Олар өнімді Қазақстаннан басқа, Пәкістаннан, Ресейден, Қырғыз Республикасынан алып келген. Дегенмен, өзбек ағайындар импортталатын картоптың ішінде біздің өнімнің сапасын жоғары бағалайды. Бірақ былтыр жыл аяғындағы экспорттық тыйым Өзбекстан үшін де күтпеген жаңалық болған сияқты. Тығырыққа тап болған ала шапанды ағайын ғайыптан тайып бұрын-соңды бұл бағытта жұмыс істемеген Иранмен келісім жасап, сөз байласып келді. Соның салдарынан 2020 жылы 270 мың тонна қазақ картобын импорттаған өзбектер, 2021 жылы тек 130 мың тонна өнім сатып алды. Бұл біздің экспортқа қатты соққы болып тиді, оның көлемі екі есе қысқарды. Ал Өзбекстан бізден алмаған көлемді Иранның өнімімен толтырды. Сөйтіп, Үкіметтің жағдайды жеріне жеткізіп ойластырмауының салдарынан Қазақстан өз нарығын жайдан-жай Иранға бере салып, қолымызға түсіп тұрған табыстан айырылдық.
«Қазақстанда барлық ауылшаруашылық тауарлары экспортқа бағытталғанына қарамастан, біздің биліктің ұстанған саясаты тек ішкі нарыққа бейімделген. Үкімет фермерлердің басқа нарықтардан да табыс табуына жағдай жасағаны жөн. Бұл экспорттық бағыттағы отандық өндірушілердің саны мен сапасын арттыра түседі. Міне, осында жағдайда ішкі баға арзандайды», – дейді Қайрат Бисетаев.Әйтпеген жағдайда қолайлы бизнес климаттың қалыптасуы қиын және ол аграрлық саланың тәуекел-қаупін арттырады. Бұл өз кезегінде әлеуетті инвесторлардың ауылшаруашылық саласын қаржыландырамын деген ниетінен қайтарады. Ал картоп экспортына кезекті рет тыйым салынуы фермерлерге қатты соққы болып тиетіндігі сонша, тіпті олардың кейбіреулері бұл соққыдан кейін оңалмастай болып тұра алмай қалуы да мүмкін. Оның айтуынша, Үкімет көрші мемлекеттермен келіссөз үстеліне отырып, өзара сауда айналымын ұлғайтуы қажет. Сол арқылы бизнестің дамуына жағдай жасалады. Ал егер басқа мемлекеттер тарапынан отандық өнімдерге қолдан түрлі кедергілер қойылып жатса, оған да тиісінше қарымта жауап қайтаруымыз керек. Отандық бизнесті сыртқы нарықты белсенді игеру мен ішкі нарықты сауатты қорғау арқылы ғана дамыта аламыз. Бір айта кетерлігі, былтырғы баға жоғарылығы Түркістан мен Жамбыл облыстарының диқандарын картопты ертелетіп жетілдіруге үйретті. Олар шілде айынан бастап егістік алқабынан әкелінген картоптарын келісін 80 теңгеден сата бастады. Бұл ішкі бағаны тұрақтандыруға игі әсер етті. Ең бастысы, енді оңтүстіктің фермерлеріне бір маусымда екі немесе үш рет өнім жинауға ешкім бөгет жасамаса болғаны. Әйтпесе, енді бірнеше жылдан кейін «екінші нанның» бағасы одан да қатты қымбаттап кетуі де ғажап емес.
«Картоп – маусымдық өнім. Фермерлер көктемге дейін қыстан қалған тұқымдық картоптан арылып қалуға тырысады, ал күзде егістік алқабын жинап алады, осы кезеңдерде өнімнің көптігінен баға арзандайды. Ал мамыр айын[1]да (көктем ерте келсе, одан да ерте) қолдарындағы тұқымды жерге сіңіргендіктен, нарықта картоп жетіспеушілігі сезіліп, оның бағасы қалайда қымбаттайды. Бұл уақытта солтүстік өңірлерге оңтүстіктің өнімдері әлі жете қоймайды. Осы өлара уақытта қымбатшылықтың алдын алу үшін тоңазытқыш жабдығы бар көкөніс қоймаларын салу қажет. Жалпы, қандайда бір тыйым салу шаралары баға теңгерімін сақтау үшін қолданатын ұтымды шешім емес», – дейді Қазақстан картоп өсірушілері және көкөніс өсірушілері одағының басқарма төрағасы Қ Бисетаев.Ал енді, экспорттық шектеуден фермерлердің нарықты жоғалту қаупі өз алдына, жалпы кәсібін тұралатып алуы да ғажап емес. Өйткені шаруашылығын дамыту үшін олар мемлекеттен, банктерден несие алады, онысын болашақ астық түсімімен жабамын деп ниет етеді. Егер егістік алқабынан алынған мол өнімі сыртқа сатылмаса, ал ішкі нарық оны игеруге дайын болмаса, оны сақтайтын сайлы қоймасы болмаса, картобы шіріп, банкротқа ұшырамай ма? Ал бір құлдыраған дүниені қайта қалпына келтіру оңай шаруа емес. Сондықтан әлеуметтік маңызды азық-түлік тағамдарының бағасын тұрақтандыру үшін оның экспортына тыйым салу жекелеген шаруа адамына, тұтас ел экономикасына қаншалықты кері әсер ететінін егжей-тегжейлі саралап алған жөн.