Балаларға базарлық
Балаларға базарлық
367
оқылды
Елордадағы EXPO халықаралық көрме орталығының алаңында «KIDS EXPO. Балалар әлемі» көрме-жәрмеңкесі басталды. Балалар жылы аясында ұйымдастырылған жәрмеңке әлі үш күнге созылады. Көрмеге келушілер балалар үшін қажетті құрал-жабдықтар ғана емес, білім алуы мен қызығушылықтары бойынша түрлі үйірмелерді таңдауына да мүмкіндік алып отыр. Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің қолдауымен QazExpoCongress ұлттық компаниясы ұйымдастырған шараның мақсаты – қала тұрғындары мен қонақтары үшін жаңа оқу жылына қажетті құрал-жабдықтың барлығын сатып ала алатын алаңға айналдыру. Мұнда бес күн бойы кітап, кеңсе, тоқыма, білім беру, ойын-сауық индустриясының қатысушылары өз тауарларын ұсынып қана қоймай, іскерлік байланыс орната алады. Кәсіпкерлер мен тұрғындар тарапынан да қызығушылық тудырған жәрмеңкені ұйымдастырушылар енді жыл сайын өткізуді жоспарлап отыр. «QazExpoCongress Ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамы Басқарма төрағасының бірінші орынбасары Дәулет Еркімбаевтың сөзінше, жәрмеңкеге 100-ге жуық компания қатысуда. Оның ішінде 22-сі отандық тауарлар болса, 30-ға жуық кәсіпкерлік төмендетілген бағаға келісім берген. Мәселен, қызыл белгісі бар орындардан келушілер киім-кешектер мен кеңсе тауарларын нарықтағы бағадан бірнеше есе арзан бағаға сатып алуға болады. Мұнда әдеби кітаптар, мектеп оқулықтары мен кеңсе тауарларынан бастап мектеп формасына дейін, тіпті білім беру орталықтарына дейін өз қызметтерін ұсынуға қолайлы жағдай жасалған. Мәселен, Теміртау қаласындағы «Фортуна» киім фабрикасының мектеп формалары бес мың теңгеден басталады.
«Сондай-ақ білім орталықтары да қызметтерін ұсынып, таныстырылым жасап жатыр. Көрме аясында балаларымен келген ата-аналар үшін ыңғайлы атмосфера қалыптастыруды да ойластырдық. Мәселен, келушілердің уақытын тиімді өткізу мақсатында мүмкіндігінше спорттық шаралар да қатар ұйымдастырылды. Ата-анасы қажетті заттарын таңдағанша, балалары сурет салып, спорт клубтарының жаттықтырушыларынан шеберліктерін шыңдауға мүмкіндік алып отыр. Әртүрлі мәдени іс[1]шараларды да өткізуді қолға алдық. Іскерлік бағдарламаларды да кіргізіп отырмыз. Ата-аналар мен кәсіпкерлер өз өнімдерін қалай таныстыруға болатыны жөнінде мамандардан кеңес алуға қолайлы жағдай жасадық», – дейді Дәулет Қуандықұлы.
Бес күнге жалғасатын мұндай ауқымды жәрмеңке алғаш рет өтіп отырғанын айтып өткен жөн. Бұған дейін ұйымдастырылған көрмелер тек аудан көлемінде өтіп келсе, осы жолы әкімдік QazExpoCongress ұлттық компаниясының ауқымды жәрмеңке ұйымдастыру туралы бастамасына қолдау білдірген.
Нұр-Сұлтан қаласы Инвестициялар және кәсіпкерлікті дамыту басқармасы басшысының орынбасары Еркеғали Қарбозовтың айтуынша, көрмеге кәсіпкерлер де өз үлестерін қосып жатыр. Мысалы, 93 кәсіпкердің 28-і тауарларын нарықтағы бағадан 10-20 пайыз төмен бағада сатуда. Көрменің ерекшелігі сол, Балалар жылы аясында жәрмеңкені мерекелік көңіл күймен өткізу жоспарланыпты. Бір бұрышта «Астана» футбол командасының футболшылары шеберліктерін көрсетсе, енді бір жерде кітаптардың тұсаукесерлері өткізілуде. «Мұндай ауқымды шараны демалыс орны секілді ұйымдастыру бірінші рет болып отыр. Бұл жерде елорда кәсіпкерлері ғана емес, республиканың әр түкпірінен келген кәсіпкерлер бар», – деп атап өтті Еркеғали Қарбозов.
Төмен бағаға келіскен кәсіпкерліктер әкімдік тарапынан ынталандыруға ие болады. Әкімдіктің алғыс хатынан бөлек, «Мектепке жол» қайырымдылық акция барысында демеушілерге жәрмеңкеге қатысушы кәсіпкерлердің өнімін алу ұсынылмақ. Былтыр осы акция барысында 8 мың оқушыға мектеп сөмкесі таратылған. Оның ішінде оқушылардың барлық қажетті құрал-жабдықтары бар. Биыл да әкімдік кәсіпкерлердің есебінен 10 мың балаға көмек беретін болады. Ал бюджет есебінен былтыр 14200 балаға көмек берілсе, биыл әлеуметтік аз қамтылған 16720 отбасыға 40 мың теңге қаражат қарастырылған.
Көрмеге келіп қажетті құрал-жабдықтарын алып жатқандардың қарасы көп. Солардың бірі – елордалық Алмагүл Сатанқызы. «Екі баламмен келдім. Әдетте базар аралап болғанша балалардың да мазасы кетіп, өзіміз де шаршаушы едік. Біз қажетті заттарды алып болғанша балалар да өз қызығушылықтары бойынша мерекелік шараларға қатысып жатыр. Бізге ұнағаны сол, кеңсе тауарларын нарық бағасынан төмен бағаға сатып алып қана қоймай, білім орталықтары мен түрлі үйірмелердің ұсынысын тыңдап, балаларды өз қалауы бойынша үйірмеге тіркеуге мүмкіндік мол», – дейді ол.
Көрме әлі үш күнге жалғасады. Осы аралықта ұйымдастырушылар күн сайын жаңа мерекелік шара ұйымдастыруды қолға алмақ. Жәрмеңке барысында келушілер үшін арнайы ақпараттық, мәдени және спорттық бағдарлама ұйымдастырылып, оған қазақстандық және халықаралық сарапшылар қатысады. Сондай-ақ EXPO алаңында білім беру мекемелерінің педагог[1]психологтары үшін панельдік сессиялар, кітаптардың тұсаукесері, оқыту әдістері, мектептер, сондай-ақ тренингтер мен мастер-кластар, конкурстар, балалар мен мектеп киімдерінің көрсетілімдері өткізіледі.