Нұр-Cұлтанда апатты үйде тұратын 300 отбасына жаңа баспана беріледі
Нұр-Cұлтанда апатты үйде тұратын 300 отбасына жаңа баспана беріледі
© Sputnik
166
оқылды
Кейінгі 3 жылда апатты үйлерден 700-ге жуық отбасы көшірілді. Бағдарлама басталғалы шамамен 4 мың 200 отбасы қоныс аударған. Бұл туралы қала басшысы Алтай Көлгінов мәлімдеді.
«Биыл апатты жағдайдағы ескі үйлердің арасында қауіпті күйдегі 18 үйдің тұрғындарын көшіреміз. Онда 300-ден астам отбасы тұрады. Мұндай көппәтерлі және жеке үйлердің проблемасы негізінен электр сымымен, кәрізбен, сумен, шатырмен, іргетасымен байланысты. Тіпті пәтер ішінде пеш те орнатылған, дәретханасы сыртта орналасқан тұрғын үйлер де бар. Бірқатар апатты үйлердің тұрғындарымен кездестім. Мәселен, Сарыарқа ауданында тұратын тұрғындармен (Рауан тұйық көшесі, 15, 16, 17) кездесуде көшу мәселесі талқыланды. Олардың баспанасы апатты ескі үйлер тізіміне енгізілген: қазіргі уақытта оларға арнап жаңа тұрғын үй кешені салынып жатыр, оны жыл соңына дейін аяқтауды жоспарлап отырмыз. Тұрғын үй кешенінің құрылысы аяқтала салысымен Рауан тұйық көшесі 15, 16, 17 мекенжайында тұратын тұрғындарды көшіреміз», – деп жазды қала әкімі Instagram парақшасында.
Көлгіновтің айтуынша, қазір астананы дамыту бағдарламасы аясында тұрғындарды қауіпті үйлерден көшіру жұмысы жүріп жатыр. Бүгінде қалада 200-ден астам апатты үй бар. Әкім олар бойынша тиісті жұмыс жоспарлы түрде жүргізілетінін айтты.
«Сонымен қатар, Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша баспана жағдайын жақсарту үшін тұрғын үй кешенін жөндеу, лифтілерді ауыстыру, жеңілдікті әлеуметтік тұрғын үй құрылысы, ұзаққа созылған құрылыстарды аяқтау бойынша жұмыс жалғасып жатыр», – деп атап өтті Алтай Көлгінов.