Түркістандық тұрғын көлігінде қолдан жасалған қосауыз мылтық алып жүрген - видео

Түркістандық тұрғын көлігінде қолдан жасалған қосауыз мылтық алып жүрген - видео

Түркістанда көлікте қолдан жасалған қосауыз мылтық алып жүрген жүргізуші ұсталды. Тәртіп сақшылары қауіпсіздік белбеуін тақпаған жүргізушіні байқап, «Skoda Superb» маркалы көлікті тоқтатқан. Жүргізушінің құжаттарын тексеру кезінде көлік ішінен қаруды байқапты. Артынша оқиға орнына бірден жедел-тергеу тобы шақыртылған.

«Жүргізушіден жауап алу барысында қару қасындағы жолаушыға тиесілі екені анықталды. Ал, күдікті қаруды тауып алғанын жеткізді. Куәлардың қатысуымен тәркіленген қару, қосауызды 16 калибрлі қолдан жасалып, нөмірі өшірілген шолақ мылтық болып шықты. Айғақ ретінде алынған қаруға сот-баллистикалық сараптама тағайындалды» делінген Түркістан облысы полиция департаментінің баспасөз қызметінің хабарламасында.
Оқиға ҚР ҚК 287-бабы бойынша тіркелді. Қазір күдіктіге қатысты сотқа дейінгі тергеу амалдары жүріп жатыр.