Елордада оқушы көп, мектеп аз
Елордада оқушы көп, мектеп аз
Нұр-Сұлтан қаласында 115 мектеп және 182 мың оқушы бар. Оның ішінде 8 мектеп – үшауысымды. Осыған дейін елордадағы үшауысымды мектеп саны 11 болған. Былтыр 5 мың   орынды 6 мектеп ашқан соң, саны 8-ге қысқарды. Мәселені шешу үшін әкімдік 2023 жылға дейін 50 мектеп салуды жоспарлап отыр. Астанада жалпы білім беретін мектеп саны – 87. Оған қоса, 17 жеке, 3 НЗМ мен 4 республикалық мектеп бар. Бәрінің проб­лемасы түптеп келгенде бала санына тіреледі. Өйткені елордада 14 мектепте бала саны шамадан тыс көп. Мысалы, 1 200 орынды мектеп болса, ондағы бала саны    2 500-ден асып жығылады. Яғни, оқушы санын 2-ге бөлгенде орын санынан басым. Бұған не себеп және қалай шешуге болады? Мектеп мәселесі жыл сайын Үкімет отырысынан бастап, әкімнің есеп беру жиынында жалғасады. Мектеп жетіс­пеуі­нің себебі – бала саны көп. Мәселен, өткен жылы 18 мың бүлдіршін мектеп та­балдырығын аттаса, биыл оның саны 24 мыңға жеткен. Бұл Нұр-Сұлтан қаласында барлығы 17 мың орын жетпейтінін көр­сетеді. Мәселе шешімін табу үшін алдағы бес жылда 37 мектеп салынуы керек. Ал қала әкімі жақында берген есебінде 2023 жылға дейін 50 мектеп салуды жоспарлап отырғанын айтты. Демек, басшы білім саласының ты­нысын ашпақ. Не­ліктен тынысқа теңе­дік? Себебі 30-дан аса бала отырған сыныпта сапалы білім алуға бола ма? Оның үстіне кадр жетіспейтіні тағы бар. Сөмке толы оқулығын көтерген бала мектепке кірерде гардеробта, үзіліс кезінде асханада кезекке тұрумен уақыты өтеді. Кей мектепте класс жетпегендіктен, кабинет системасы жоқ. Мәселен, 78 мектеп-гимназияда 1 845 бала білім алады. Оқу орны 1 200 орынды, әр сыныпта 13-14 парта. Орта есеппен әр сыныпта 25 бала оқиды. Директордың оқу ісі жөніндегі орынбасары Раушан Қанатқызының айтуынша, бастауыш сыныпта бала саны көп. Арасында 32 оқушы оқитын сынып бар. Бірақ маман бұл көрсеткіштің керім екеніне сендірді. Өйткені елорданың кей мектебінде бір сыныпта 40-қа жуық бала оқиды-мыс. Ал №53 мектеп-лицейде 1 200 орын, 3 308 оқушы бар. Мектеп қызметкерінің сөзінше, кабинет жетпейді. Сондықтан олар мектеп дәлізін пластик шынымен бөліп, сонда сабақ береді. Бір айта кетер­лігі, бұл – аралас мектеп. Бір ғана 11-сы­ныпта барлығы 169 бала оқиды. №59 мек­теп-лицейдің де үшауысымды екені әмбеге аян. Білім ордасы сайтында мек­тепте 3 587 бала барын көрсеткен. Бала санының көптігі білім сапасына әсер ететінін ата-аналар да қостап отыр. Мұның бәрі айналып келіп мұғалімге салмақ салады. 30 баланың шуына шыдап, жазған жұмысы мен бағалау жүйесі тапсырмаларын тексерудің өзі – машақат. Осындайда жаңа білім бағдарламасымен бағалаудың жеңілдей түскенін қоса кеткен жөн. Бұл да болса ұстаздың мәртебесін көрсетсе керек. Әкімнің сөзінше, 2020 жылы 10 мың орынды 12 мектеп салынады. 23,7 мың орынды 16 мектептің құрылысы басталады. Ол тек мемлекетке иек артпай, жеке инвесторларды тартуды көздеп отыр. Сол үшін құны 77 млрд теңге болатын 24 мектеп инвесторлардың көмегімен бой көтереді. Сондай-ақ Алтай Көлгінов кеңесте жеке инвестиция бойынша 22 мың оқушыға лайықталған 22 мектеп салу қолдау тапқанын атап өтті. Сонда жоспар аясында 5 жылда 60 мың орынды 50 мектеп салынады. Ал мектеп көбейсе, маман тапшылығы білінеді. Қазір елордада 17 мың мұғалім қызмет етеді. Егер жаңадан ашылатын мектептерді есептесек, астанаға 1 000-ға жуық мұғалім керек. Алдағы уақытта кадр тапшылығының алдын алу мақсатында 350 орынды мұғалімдерге арналған жа­тақ­хана қолданысқа беріледі. Оған қоса, ма­ман даярлауға грант бөлінеді. Педаго­ги­калық мамандықты таңдайтындарға талап күшейіп, шекті балл көтеріледі. Мектептегі орын жетіспеушілігі мәсе­лесі тек қана туу көрсеткішіне байланысты емес. Өйткені Нұр-Сұлтан қаласына еліміздің әр аймағынан көшіп келетіндер көп. Сондықтан туу мен көшіп келуді қоса алғанда жыл сайын бала саны 20 мыңға өседі. Мысалы, елордада 2011-2012 оқу жы­лында 79 мың оқушы болса, 2017-2018 жылы бала саны 143 мыңға жетті. Ал қазір 182 мың оқушы бар. Сол себепті мектеп мәселесін тезірек шешпесек, жағдай қиындай түседі. Ел астанасының аумағына үңілсең, не көп – ғимарат көп. Бірақ мектеп салар жер тапшы екен. Кейде әйгілі ғимаратты тұр­ғызуға 10 жыл жұмсағанша, білім ордасын көбейтсек қайтер еді деп ойланасың.   Айбике ЖАНАСЫЛ