Жеңіс Қасымбек қарайған қарды ағарта ала ма?
Жеңіс Қасымбек қарайған қарды ағарта ала ма?
131
оқылды
Қарағанды облысының әкімі Жеңіс Қасымбек «АрселорМиттал Теміртау» басшылығын экологияны жақсарту жөніндегі жоспардың орындалуын жеделдетуге шақырды. Кәсіпорын шығарындыларын азайту  мәселесі Теміртау қаласында өткен «жасыл кеңесте» талқыланды. Теміртаудың аспанын түтін торлап, ауа­сының ластануына бірден-бір себепкер – «АрселорМиттал Теміртау». Мұны «Эко­Мұ­ра­жай» мамандары жүргізген картография­лық зерттеулер растап отыр. Сарапшылар жерсерігі арқылы жасалған түсірілімдерге және ауаны талдауға, есептеулердің қоры­тындысына сүйеніпті. Экологтер металлур­гиялық комбинат орналасқан Шығыс өнер­кәсіп ауданында ауадағы қара метал­лургияға тән, шығарындылардың көзде­рінде алынған үлгілермен сәйкес келетін заттарды анықтады. Бұл жағдайды түзету үшін 2019 жылы Теміртауда экологиялық жағдайды жақсарту жөніндегі жоспар әзірленді. Ол өндірісті жаңғыртуды, оның табиғи газға ішінара көшуін, сондай-ақ қаланы көгалдандыруды қамтиды. «Біз АрселорМитталда экологияны жақ­сарту жөніндегі ниеті бар екенін көріп отыр­мыз. Олар тиісті құжаттарға, мемо­ран­думға қол қойды. Біз аталмыш жобаның іске асырылуы қандай сатыда екенін білгіміз келеді. Жыл соңына дейін не болатынын, келесі жылы не күту керегін білу қажет. Біз зиянды шығарындылардың нақты қаншалықты азайғанын көргіміз келеді. Теміртаудың экологиялық жағдайы осы кәсіпорынның жұмысына байланысты» деп атап өтті кеңесте Жеңіс Қасымбек. Айта кетейік, Теміртау – ауаға тарайтын зиянды қалдықтар көлемі жағынан еліміз­дегі экологиялық қалалардың көшін бастап тұр. Экология, геология және табиғи ре­сурстар министрлігінің мәліметінше, Те­мір­таудағы қалдықтар адам басына шақ­қанда бір жарым тоннадан келеді екен. Бұл – өте үлкен көрсеткіш. Себебі «АрселорМиттал Теміртау» АҚ иелігіне Қарағанды облы­сын­дағы сегіз көмір шахтасы және Қарағанды, Ақмола, Қостанай облыстарындағы төрт темір рудасын өндіру кен орындары кіреді. Осыған орай, Теміртау қаласын ластайтын қалдықтардың шамамен 80-90 пайызын «АрселорМиттал Теміртау» АҚ шығарады. Дегенмен кәсіпорын осыдан біраз уақыт бұрын Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігімен меморандумға қол қойған-ды. Аталған құжатқа сәйкес, «АрселорМиттал Теміртау» атмосфераға зиянды заттардың шығарылуын 2024 жылға дейін 30 пайызға азайтуы тиіс. Меморандум жасала салысымен министр Мағзұм Мыр­зағалиев «30 пайыз аз көрсеткіш емес, бірақ қуанарлық жағдай да емес, себебі біз шығарындылардың көлемін 30 пайыздан да артық қысқартуға мүмкіндік бар деп санаймыз» деп мәлімдегені есте. Теміртауда өткен «жасыл кеңесте» облыс әкімі Ж.Қасымбек кәсіпорын басшылығын міндеттеме бойынша жұмыс қарқынын жеделдетуге шақырды. Оған қоса, Қара­ған­ды облысының Экология департаменті мен «Қазгидромет» РМК филиалы Теміртау қаласында «қара» түсті қар жауғаны туралы БАҚ-та жарияланған ақпаратты назарға алғаны белгілі болды. Рас, түтінге тұншыққан Теміртау тұр­ғын­дарына қара қардың жауғаны таңсық емес. Қаланың экологиясын жақсарту туралы та­лап бұрынғы әкімдердің тұсында да бірнеше рет қойылған. Аймақтың көмірі мен темірін өндіріп жатқан алып кәсіпорын – «Арсе­лор­Миттал Теміртау» АҚ қожайын­дарына эко­логияны жақсарту жұмысын жеделдеткізуге Жеңіс Қасымбектің  жігері жете ме? Ол – уақыт еншісінде.   Дастан ДУМАНҰЛЫ