Қарағанды облыстық полиция департаментінің қызметкерлері Ұлытау облысы Жаңаарқа ауданына қарасты Қызылжар елді мекенінде соңғы бірнеше жыл ішінде аталған екі облыс аумағында Қызыл кітапқа енген киіктерді заңсыз атумен айналысқан қылмыстық топтың мүшелерін ұстады, - деп хабарлайды Polisia.kz сайты.
Қылмыстық топ мүшелері мерзімді түрде киіктерді атып, мүйіздерін Қытайға жөнелту мақсатында оңтүстік өңірге сатып отырған. Олар қылмыстық жолмен алынған киік мүйізінің бір келісін 80-100 мың теңге аралығында сатқан.
«Қазіргі уақытта полиция қызметкерлері алты тінту жұмыстарын жүргізіп, қылмыстық топтың үш мүшесі (34 пен 46 жас аралығында) ұсталып, үшеуіне іздеу жарияланды. 150 келі, яғни 732 дана киік мүйізі тәркіленді. Сондай-ақ, күдіктілерден таразы, пышақ суық қаруы, тіркелмеген қару және авто-мототехника тәркіленіп алынды», - деп хабарлады Қарағанды облыстық полиция департаменті бастығының орынбасары Әбіл Әбілдин.