Қант қымбаттамаса, арзандамайды. Өткен айда қанттың бір келісі орта есеппен 537 теңгеге дейін өсті. Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, қант былтырға қарағанда 86 пайызға қымбаттаған. Qazaqstan.kz-тің дерегінше, әсіресе, Алматы, Қонаев, Атырау қалаларында шекер құны шарықтады. Бір келісі 554-581 теңгеден сатылып жатыр. Елімізде биыл 149 мың тоннадан аса қант өндірілді. Алайда өзіміздің өнім мамырға дейін сұраныстың тек жартысын ғана қамтып келген. Қалғаны импорттың үлесі. Шет мемлекеттерден биыл 210 мың тоннадан аса қант сатып алынды. Бұған дейін «Атамекен» палатасының өкілдері әр гектардан 40 мың тонна қант алынатынын айтқан. Сондықтан суармалы қант қызылшасы алқабын 100 мың гектардан аса ұлғайтуды ұсынып отыр. Сонда ішкі нарықтың 80 пайызын қантпен толық қамтуы мүмкін. Бұған дейін Қант өндірісіне құнт керек екенін жазған болатынбыз.