Премьер-Министр Әлихан Смайылов жұмыс сапарымен Павлодар облысына барды. Бұл туралы Үкіметтің баспасөз қызметі хабарлады.
Өңірде Үкімет басшысы өнеркәсіп пен ауыл шаруашылығының даму қарқынымен, әлеуметтік инфрақұрылымды жаңғырту барысымен танысты. Сондай-ақ облысты кешенді дамыту мәселелері жөнінде кеңес өткізді.
Әлихан Смайылов, ең алдымен, мемлекеттен қолдау алып, 1 700 га жерде заманауи суару технологияларын қолдана отырып, картоп өсірумен айналысатын «AgroTrade PV» ЖШС шаруа қожалығына барды. Сонымен қатар кәсіпорында қуаттылығы 10 мың тонна көкөніс қоймасы салынды, сондай-ақ қазіргі уақытта жылына 10 млн тонна сүт өндіретін тауарлы-сүт фермасының құрылысы жүріп жатыр. Жобаға салынған инвестициялардың жалпы көлемі 11 млрд теңге болды, оның 7,6 млрд теңгесі «Аграрлық несие корпорациясы» желісі бойынша жеңілдікпен несиелендіру және 2,7 млрд теңгесі субсидиялау есебінен салынды.
«Қазіргі азық-түлік қауіпсіздігі мәселелерінің шиеленісуі және тамақ өнімдері бағасының өсуі аясында бүкіл әлемде заманауи су үнемдеу технологиялары қолданылатын ауыл шаруашылығы жобаларын дамытуға баса назар аудару керек. Мұндай жобаларды басқа өңірлерде де қолға алу қажет деп санаймын. Мемлекеттік қолдау арқасында бұл үлкен әлеуметтік және экономикалық нәтиже бермек, — деді Премьер-Министр.
«Шығарындыларды азайту және өндіріс қалдықтарын қайта өңдеу – облыс тұрғындары үшін бүгінгі таңдағы ең өзекті мәселелердің бірі, сондықтан бізге осы бағытта елеулі нәтижелер қажет. Ірі кәсіпорындар алдыңғы қатарлы экологиялық таза және қол жетімді технологияларға көшуі керек. Тау-кен металлургия және энергетикалық өнеркәсіп кәсіпорындары өндіріс қалдықтарын азайту, қайта өңдеу және қайта пайдалану жөніндегі стратегияны әзірлеуі қажет», – деді Әлихан Смайылов.Облыс әкімдігіне Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігімен және кәсіпорындармен бірлесіп, шығарындыларды азайту мен өнеркәсіптік қалдықтарды қайта өңдеудің заманауи технологияларын қолдану бойынша ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізу тапсырылды.
«Біз отандық құрылыс материалдарын өндірушілердің белсенділігін қолдаймыз. Мұндай кәсіпорындар бізге құрылыс шығындарын едәуір азайтуға және әлемдік бағалардың ауытқуына тәуелділікті төмендетуге мүмкіндік береді», – деп түйіндеді Премьер-Министр.