Әскерде сарбаздар өзіне-өзі неге қол салады? – Қорғаныс министрлігінің жауабы
Әскерде сарбаздар өзіне-өзі неге қол салады? – Қорғаныс министрлігінің жауабы
Фото: yandex.ru
Соңғы кездері әскердегі сарбаз өлімі азаймай отыр. Өзіне-өзі қол жұмсау фактілерінің жиілеуі туралы Қорғаныс министрлігі ресми мәлімдеме жасады, – деп хабарлайды Aikyn.kz.
«Әскери қызметшінің өлімі тек Қарулы күштерде ғана емес, басқа да әскер түрлерінде орын алып отыр. Бағыныстылардың өмірі мен денсаулығына ҰҚК Шекара қызметі, ІІМ Ұлттық ұланы, Мемлекеттік күзет қызметі және Төтенше жағдайлар министрлігі де жауапты» делінген ресми хабарламада.
Бейбіт уақытта аталған күштік құрылымдар Қарулы күштердің құрамына кірмейді. Қорғаныс министрлігі олардың қауіпсіздігін бақыламайды.
«Өзіне-өзі қол жұмсау – сияқты шарасыз қадамға бару ол адамның туыстары мен жақындары үшін үлкен қайғы. Командирлерге де жауынгерден айырылу ауыр шығын. Қарулы күштерде болған әрбір жағдайды әскери полиция қызметкерлері және басқа да қылмыстық қудалау органдары мұқият тексереді. Тексеру нәтижелері өзіне-өзі қол жұмсау көп жағдайда әскери қызмет өткерумен байланысты емес екенін көрсетті. Әскерге шақыруға дейінгі кезеңде әскери қызметшілерді осындай әрекетке итермелейтін әртүрлі өмірлік жағдайлар кездесетінін ескеру керек», – деп жазылған министрліктің ресми мәлімдемесінде.
Қазіргі уақытта Қорғаныс министрлігінің бастамасымен «Өмірді сақта» кешенді бағдарламасы әзірленіп жатыр. Бұған дейін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев сарбаз өлімінің себебін жан-жақты тексеруді тапсырғаннан кейін де әскерде өлім-жітім азаймағанын жазған болатынбыз.