Жуырда АҚШ әкімшілігі әскери бюджетті 2021 жылы 740,5 млрд долларға жеткізу туралы ұсыныс айтты. Бұл мәлімдемені АҚШ қорғаныс министрінің орынбасары міндетін атқарып жүрген Элейн Маккаскер мәлімдепті. Сөйтіп, АҚШ әскерилері екінші дүниежүзілік соғыстан кейінгі ең мол қаржыға ие болатын түрі бар. Мұндай соманы АҚШ Корея мен Вьетнам соғысы кезінде де әскери мақсатқа арнамаған. Демек, жаһандағы елдердің АҚШ-тың әскери бюджетіне қарап, айылын жимасқа амалы қалмайтын сыңайлы. Жалпы, АҚШ әскери бюджетінің мол екенін жұрт жақсы біледі. Мәселен, 2018 жылы Пентагонның бюджеті – 599,6 млрд доллар, 2019 жылы 614,4 млрд доллар болса, 2020 жылы 633,3 млрд доллар деп белгіленген. Ал 2021 жылға бірден 100 млрд доллардан артық қаржы бөлгені ойландырады. Ең қызығы, Пентагон 2021 жылы тек ядролық арсеналды модернизация жасау үшін 28,9 млрд доллар бөлмек. Одан бөлек, тек гипердыбыстық зымырандар технологиясы үшін 3,2 млрд доллар қарастырған. Әрине, алып елдің қолындағы қаржысын қалай жұмсаса да, өз еркі екені даусыз. Дегенмен біздің назарымыз гипердыбыстық зымыран технологиясына ауа берді.
«Тентек шоқпар жинайды»
Пентагон бюджетінде гипердыбыстық зымыран технологиясы үшін арнайы қаржының қарастырылуы жаһанда қаруланудан жаңа жарыс басталғанын байқатады. Ендігі «сән» гипердыбыстық технология болайын деп тұр. Өйткені мұндай зымырандарға қарсы қорғаныс жүйесін құру мүмкін емес деседі білетіндер. Ал Ресей, Қытай тәрізді АҚШ-тың ең басты қарсыластары гипердыбыстық әскери техникалар жасағанын біраз жыл бұрын мәлімдеп тастаған. Енді бұл бәйгеге АҚШ білекті сыбана кіріскен жайы бар. Дегенмен аталған технологияның өте күрделі екенін ғалымдар жақсы біледі. Соған қарамастан Ресей президенті В.Путин 2018 жылы гипердыбыстық зымыран жасалғанын айтты. «Авангард», «Кинжал» деп аталатын зымырандар атмосфераның түрлі қабатында емін-еркін қалықтап, қорғаныс жүйелерді «алдап соғады» екен-мыс. Ал Қытай тіпті сағатына 27 мың шақырым жылдамдықпен ұшатын пилотсыз ұшатын аппаратты сынақтан өткізгенін мәлімдеп жібергені бар. Xingkong-2 деп аталатын құрылғының техникалық сипатын ешкім білмейді. Алайда адамзаттың Жер атмосферасындағы ең жоғары жылдамдығы сағатына 6 мың шақырым жылдамдықпен ұшқан ұшақтар болғанын ұмытып кеткен тәрізді. Ұшқыссыз демесіңіз, Xingkong-2 де ұшақ. Ал мұнда 27 мың шақырым дейді. Әрине, Бейжіңнің жетістігіне күмәнданғымыз келмейді. Бәлкім, мұндай аппараттар тым биіктен барлау жасауға жарауы мүмкін. Бірақ ядролық бомбалар мен зымырандарды тасымалдауға қаншалықты жарайтынын ешкім білмейді. Өйткені гипердыбыстық зымыран мен пилотсыз ұшақтардың құрылысы мен қызметі бөлек. Сондықтан Ресей мен Қытайдың нақты ақпаратынан гөрі үгіт-насихаты басым мемлекеттік телеарналары өздерінің жетістіктерін барынша зорайтып көрсеткісі келген болуы мүмкін. Әйтеуір, әлгі гипердыбыстық зымырандардың қайда, қашан сыналғанын үгітшілерден басқа әзірге ешкім айтып бере алмай отыр. Демек, зымыранға қарсы қорғаныс жүйесін жетілдіріп жатқан АҚШ-қа әлеуетті қарсыластарының жауабы осы гипердыбыс технологиясына ұқсап тұр. Ал ғарыш пен атмосфераның арасында емін-еркін жүрген құрылғы жайлы айтар болсақ, ол – Boeing X-37B кемесі. Екі жыл бойы ғарышта болған, бірақ қандай миссия орындағаны белгісіз осынау аппаратты мини-шаттл деуге болатын сияқты. Көптеген сарапшы дәл осы Boeing X-37B кемесін әскери мақсаттағы құрал деп бағалайды. Бәлкім, нағыз гипердыбыстық құралдары осы кемеде болуы мүмкін. Алайда ешқандай дәлел жоқ. Қысқасы, үш алып гипердыбыс жарысына кірісіп кетті. Жалпы, адамзат баласы дыбыс жылдамдығын басып озуды біраздан бері біледі. Тіпті, дыбыстан жылдам ұшақтармен жолаушы да тасымалдаған. Әйгілі Concorde пен «Ту-144» ұшақтары дыбыстан бірнеше есе жылдам ұшатын. «Ту-144»-тің Мәскеу мен Алматы арасында жолаушы тасығанын ел біледі. 1975-1978 жылдары «Ту-144» Мәскеу мен Алматының арасында 55 рейс жасаған. Бұл ұшақ көбіне сағатына 2000 шақырым жылдамдықпен ұшып жүрді. Ал француздар мен ағылшындар бірлесіп жасаған Concorde ұшақтары сағатына 2170 шақырым жылдамдықпен ұшатын. Олар 1976 жылдан 2003 жылға дейін жолаушы тасыған. Демек, дыбыстан жылдам ұшу адамзатқа таңсық емес. Әрі дыбыс жылдамдығы бірнеше есе басып озған құралдар бар. Мәселе олардың қандай биіктікте ұшатынында болып тұр.Физиктер мұны «миф» деп жүр
Физиканы оқығандар білуі тиіс, дыбыс жер бетінде, су астында, түрлі газдар мен металдарда, бұйымдарда түрлі жылдамдықпен тарайды. Мәселен, атмосфераның жер бетіне жақын бөлігінде дыбыс секундына 331 метр жылдамдықпен «жүреді». Ал шыны арқылы секундына 4 800 метр, темір арқылы 5 950, литийде 6 000 метр жылдамдықпен таралады. Сол сияқты атмосфераның жоғары қабатында да оның таралу жылдамдығы бөлек. Демек, гипердыбыстық қару мен технологияға қатысты әңгімеде нақты бір өлшем жоқ деген сөз. Әдетте, мамандар «Мах саны» деген өлшемді жиі қолданады. Австриялық ғалым Эрнест Мах қозғалыстағы газдың ішінде жүрген дененің жылдамдығын есептейтін формула ойлап тапқан. Сол ғалымның атымен аталатын формула газдың ішінде қандай да бір дене қозғалса, ол дыбыстың жылдамдығынан қаншалықты асып түседі, соны анықтауға көмектеседі. Ғалымдар ұшақтың да, зымыранның да дыбыстан жылдам ұшуын осы Мах саны арқылы есептейді. Ал гипердыбыс дегеніміз – дыбыстың бес есе жылдамдығына тең. Бірақ дыбыстың таралатын ортасына байланысты болғандықтан, оның өлшемі әр ортада әртүрлі. Яғни, жер бетінде гипердыбыс деп оның секундына 1 500-1 600 метр жылдамдықпен тарауын айтса, литийде 30 мың метр жылдамдық болуы керек еді. Алайда атмосфераның металл емес, газдан құралғанын ескерсек, әңгіме әлгі зымырандардың жылдамдығына қатысты тек «Мах санының» қанша болатынында болып тұр. Әскерилер айтып жүрген гипердыбыстық зымырандар атмосфераның төменгі қабатында ұшатын болса, шындықтан гөрі әпсана деп ұға беріңіз. Өйткені секундына 1 500 метр жылдамдықпен ұшатын зымырандар қазір де бар. Көбі баллистикалық зымырандар. Ал егер әскерилер айтып жүрген гипердыбыстық кеңістікке келсек, онда әлемде бірлі-жарым тәжірибелер жасалғаны болмаса, тұтас елді қаруландыратындай зымырандар мен құрылғылар жоқ. Әдетте, гипердыбыстық кеңістік ретінде атмосфераның жоғарғы қабатын, нақтырақ айтқанда, шамамен 100 шақырымдық биіктікті айтады. Бұдан кейін ғарыш басталады. Демек, әлгі супер қару ғарыштан төмен, атмосферадан жоғары ұшуы керек. Сондықтан Израиль ғалымы Давид Лемперт гипердыбыстық қару жоқ деп санайды. Бірақ сынақтан өтіп жатқан нұсқалар болуы мүмкін екенін жоққа шығармайды. Әрі гипердыбыстық қаруларға қатысты әңгімелердің көбі миф екенін, мұндай мәлімдемелер мен хабарларға физиктер күле қарайтынын тілге тиек еткені бар. Өйткені ауаның түрлі қабатынан емін-еркін өтетін, атмосферада жанып кетпейтін қозғалтқыш пен зымыран корпусын жасау тым күрделі іс. Ғарыш зымырандарының өзі Жер атмосферасына кірген бетте жанып кететінін ескерсек, әскери зымырандарды өте берік композиттік материалдармен қаптау тым қымбатқа түседі. Ал зымыран дегеніңіз – потенциалды қарсыластың түрлі нысандарын атқылауға арналған қару. Бір зымыранмен ештеңе шешілмейтіні тағы бар. Демек, тұтас армияны жасақтау үшін жүздеген, тіпті мыңдаған зымыран керек. Алайда олар арзан емес. Тұтастай алғанда, жаһандағы барлық елдердің әскери бюджетіне тең қаржысы бар Пентагонның өзі гипердыбыстық зымыран технологиясы үшін небәрі 3,2 млрд доллар қарастырғанын ескерсек, атышулы қаруға қатысты мәселенің шындығынан гөрі мифі басым. Тек әскерилер ғалымдарды қамшылап, «тез жасап беріңдер» деп жатқанға ұқсайды. Ал Пентагон бюджетіндегі өзекті тақырып ядролық арсеналды модернизациялауға бақандай 28,9 млрд доллар бөлгені болса керек. Бірақ ол мүлдем басқа тақырып.P.S. ______________________________________________
КСРО-ны экономикалық тұрғыда қалжыратып, құрдымға кетірген тәсілдің бірі ретінде АҚШ-тың 1983 жылы қабылдаған «жұлдыз соғысы» бағдарламасы айтылады. Бәлкім, «гипердыбыстық текетірес» те алпауыттың бірінің экономикалық қуатын әлсіретуге бағытталмасына кім кепіл?! Бірақ бұл тәсіл кімге бағытталды? Сол қызық.