Алматыда өзінің жаңа туған сәбиін 2 млн теңгеге сатып жібермек болғандар ұсталды
Алматыда өзінің жаңа туған сәбиін 2 млн теңгеге сатып жібермек болғандар ұсталды
Фото: polisia.kz
Алматыда 24 жастағы келіншек пен онымен бірге тұратын 21 жастағы ер адам туғанына алты күн болған сәбиді 2 млн теңгеге сатпақ болған. Аталған қылмысқа қатысы бар деген күдікпен жеті адам қамауға алынды. Бұл туралы Алматы қалалық полиция департаменті бастығының орынбасары Дидар Аханов мәлімдеді.
«Жұп әлі тумаған баланы сатып алушыларды екі ай бұрын іздей бастаған. Баланы Алматы қаласының тұрғындары алғысы келген. Олар 48 жастағы У. есімді азамат пен 46 жастағы Е. есімді әйел. Тараптар 2 миллион теңгеге келіскен. Мәміле өткен демалыста жасалған. Алайда, Криминалдық полиция мен Ұйымдасқан қылмыспен күрес басқармалары қызметкерлерінің қаланың әр жерінде бір уақытта жүргізген арнайы іс-шарасы күдіктілердің жоспарын бұзды. Алдымен қыздың биологиялық ата-анасы ұсталды. Одан кейін нәрестені сатып алмақ болған адамдар және делдал ерлі-зайыптылар ұсталды. Одан соң ақшалай сыйақы үшін баланың құжаттарын рәсімдеу міндетін өз мойнына алған 56 жастағы А. есімді азаматшаны ұсталды», – деді Дидар Аханов.
Полиция мәліметінше, сатып алушылар мен делдалдар нәресте мен мәміленің қалған сомасын бір-біріне беру кезінде ұсталған.
«Кездесу кезінде делдалдардың қолында тағы екі сәби болған. Болжам бойынша 3 және және 7 айлық балалар. Ер адам бұлар өздерінің балалары екенін айта бастады. Алайда, олар балалардың жеке басын куәландыратын құжатты көрсете алмады. Осылайша, осы арнайы іс-шараның нәтижесінде күдіктілерден үш сәбиді алып қалды. Олар медициналық мекемеге тексеруге және қажет болған жағдайда көмек көрсету үшін жеткізілді. Күдіктілер бұл балаларды «тірі» тауар ретінде пайдалануы мүмкін екенін жоққа шығармаймыз. Тергеу міндетті түрде шындықты анықтайтын болады», – деп мәлімдеді Дидар Аханов.
Алматы қалалық полиция департаментінің тергеу басқармасының мәліметінше, аталған дерек бойынша ҚР ҚК-нің 135-бабы 2-бөлігінде көзделген қылмысқа сәйкес, сотқа дейінгі тергеу басталды. Қазір күдіктілер уақытша ұстау изоляторына қамалды.