Күнсұлу Закария "QazBioPharm" ұлттық холдингінің басшысы қызметіне тағайындалды
Күнсұлу Закария "QazBioPharm" ұлттық холдингінің басшысы қызметіне тағайындалды
385
оқылды
ҚР Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният «QazBioPharm» Ұлттық холдингі» АҚ бас директорының лауазымына Күнсұлу Закарияны ұсынды.
«Министрдің 2022 жылғы 18 тамыздағы бұйрығымен Холдингтің бас директоры лауазымына биология ғылымдарының докторы, профессор Күнсұлу Закария тағайындалды. Күнсұлу Дальтонқызы әл-Фараби атындағы ғылым және техника саласындағы Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, Жаратылыстану ғылымдары академиясының мүшесі, Ресей Жаратылыстану академиясының корреспондент-мүшесі, СOVID-19 коронавирус инфекциясына қарсы QazCovid-in (QazVac) қазақстандық вакцинасын әзірлеушісі», – деді Ажар Ғиният.
Министр Президент Қ.Тоқаев «QazBioPharm» жаңа холдингінің алдына биологиялық қауіпсіздікті, еліміздің биофармацевтика нарығының тұрақты дамуы мен жетілуін қамтамасыз ету, биофармацевтика ғылымы мен өнеркәсібін дамытуды ынталандыру, иммунобиологиялық препараттар бойынша импортқа тәуелділікті азайтуға қатысты міндеттер қойғанын атап өтті. Ажар Ғиният ұлттық холдингтің қайтадан сайланған басшысына сәттілік пен табысты еңбек тіледі. Бұған дейін Күнсұлу Закария ҚР ДСМ «Биологиялық қауіпсіздік проблемасын ғылыми-зерттеу институты» РМК бас директорының міндетін атқарған болатын. Ол биологиялық қауіпсіздік, биотехнология және микробиология саласындағы мойындалған маман ретінде белгілі. Күнсұлу Дальтонқызының жетекшілігімен биотехнология, биологиялық қауіпсіздік және микробиология саласындағы құрамына 200-ден аса ғылыми жоба мен 22 халықаралық жоба кіретін 10 ғылыми-техникалық бағдарламаның орындалуын үйлестіру, мониторинг және бақылау жүзеге асырылды. Оның ішінде «Қазақстан Республикасының ветеринариялық қауіпсіздігі: эпизотологиялық мониторинг, аса қауіпті жұқпалы аурулардың алдын алуға және диагностикаға арналған арнаулы құралдардың сынағы, енгізілуі және коммерциализациясы» ҒТБ; «Қазақстан Республикасының биологиялық қауіпсіздігі: қауіпті бағалау; оны ескерту мен жоюдың ғылыми-теникалық негіздері» ҒТБ, «Возрождение» аралы аумағының қазақстандық бөлігін шаруашылық айналымға қосуды ғылыми-практикалық сүйемелдеу» ҒТБ, «COVID-19 коронавирус инфекциясына қарсы вакцина әзірлеу» ҒТБ-ға жетекшілік етті.