Депутаттар уақытылы аяқталмаған мектеп құрылысын бақылауға алды
Депутаттар уақытылы аяқталмаған мектеп құрылысын бақылауға алды
337
оқылды
Ақмола облысында 17 тамыздан бастап «AMANAT» партиясының депутаттары халықпен кездесулерді бастады. Жұмыс сапары барысында депутаттар ел арасындағы толғағы жеткен түйінді мәселелерге барынша назар аударды. Әсіресе партияның басым бағыттарының бірі «Өзгерістер жолы: Әр азаматқа лайықты өмір» сайлауалды бағдарламасының жүзеге асыру барысы мен сапасын бақылау күн тәртібіне енген. Елорданың іргесіндегі Аршалы ауданына қарасты Жібек жолы ауылында халықтың жанайқайын тудырған жауыр мәселелер көп. Әсіресе жолы мен жарығы, ауыз су тапшылығы жергілікті жұрттың шымбайына батқан. Сондай-ақ 2020 жылы басталған 300 орындық мектеп биылғы оқу жылына тапсырылуы тиіс болғанымен жобаға түзету енгізілуіне байланысты кешеуілдеуі тұрғындардың наразылығын тудырған. Мердігер құрылыс материалдарының қымбаттауынан жобалық-сметалық құжаттарды қайта түзетуге мәжбүр болғанымен түсіндірмек болды. Ал құрылысқа арнайы барған депутаттардың пікірінше мемлекеттік сатып алу заңының шикілігі осындай олқылыққа душар еткен. мектеп «Біз партияның сайлауалды бағдарламасы аясында қолға алынған құрылыс нысандарына мониторинг жүргізу барысында мемлекеттік сатып алу туралы заңының шикілігінен туындаған біршама олқылықтарды байқадық. Сондықтан біз тек мониторинг жүргізіп, нысанды уақытында тапсырмаған мердігерді жазалауды мақсат тұтпаймыз. Негізгі мақсатымыз заңдарды жетілдіру. Қандай заңда нендей кемшіліктердің барын анықтауға тырысып отырамыз. Мәселен, бүгінде Мемлекеттік сатып алулар туралы Заңның жетілмегендігін байқадық. Одан қалды құрылыс нысандарын салуды жоспарлау жүйесі де жетілмеген. Олай дейтінім, мердігермен әңгімелесу барысында жобалық-сметалық құжаттаманың әуелде-ақ сапасыз әзірленгенін, геологиялық барлаумен байланысты проблемалар анықталғанын білдік. Келесі сессиядағы жұмыс аясында біз осы мәселелерді көтеретін боламыз», – дейді Мәжіліс депутаты Юлия Кучинская. Ал құрылыстың бас мердігері «Достар» компаниясының өкілі Аслан Нәбиев алдағы желтоқсанда нысанның пайдалануға берілетініне сендірді. «Бүгінде алаңішілік желілерді тарту жұмыстары аяқталды. Су құбыры мен кәріз жүйесі тартылып, қазандық орнатылды. Осы күндері мектептің алаңын абаттандыру, сондай-ақ футбол, баскетбол спорт алаңдары бойынша жұмыс істеп жатырмыз. Нысанның шатырын салу жұмыстары аяқталу үстінде. Желілер бойынша электр сымдары толығымен тартылды. Қазір де ішкі әрлеу жұмыстары жүріп жатыр», – дейді Аслан Набиев. Мәжіліс депутаты Мәди Елубаев аталған мектептің құрылысы Жібек жолы ауылындағы үш ауысымда оқуды жоюды шешуге ықпал ететінін жеткізді. Мәжіліс депутаттарының пікірінше елорда маңындағы аса маңызды мәселе халықтың аталған елді мекендерде ресми тіркелмегендігінің кесірінен туындаған. Мәселен, Жібек жолы ауылындағы жергілікті халықтың саны ресми дерек бойынша 10 мыңның айналасында болса, шынтуайтына келгенде, тұрғындар саны одан екі есе көп. Бұл өз кезегінде елорда айналасындағы ауылдарда әлеуметтік инфрақұрылымдар мен нысандардың жетіспеушілігіне алып соққан. Сондықтан, халық қалаулылары алдағы уақытта агломерацияларды дамыту туралы заңды жетілдіру қажет деген пікірде. Жалпы, Жібек жолы ауылдық округінде бүгінде бір емес, екі мектептің құрылысы жүруде. Екеуі де 300 орынға шақталған. Мәжілісмендер Жібек жолы ауылындағы мектептің құрылысы баяу жүргендігін анықтап, оның жылдың соңына дейін жылдам әрі, сапалы орындалуын бақылауда ұстайтындарын айтты.