ҚМДБ елордадағы Бас мешіт әдебін сақтамаған қызға қатысты пікір білдірді
ҚМДБ елордадағы Бас мешіт әдебін сақтамаған қызға қатысты пікір білдірді
Әлеуметтік желіде Нұр-Сұлтан қаласындағы Бас мешіттің сыртында билеп жүрген жас қыздың видеосы тарады. Мешіт ауласында ерсі әрекеттер жасап, күзетшілердің ескертуіне құлақ аспаған қыздың кім екені анықталмаған. 21 тамызда сағат 18:48-де Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы жанындағы Республикалық Бас мешітке келген қыз құлшылық үйінің ішкі тәртібі мен әдебін өрескел бұзып, имам жұмысына, намаз оқушылардың құлшылығына кедергі келтірді.
«Дін қызметкерлері оған мешіт әдебі туралы түсіндірді. Алайда имам кеңесіне бағынбаған ол «мен Мәһдимін, оны осы жәрде дәлелдеуім керек» деп қарсылық танытқан. Мешіт қызметкерлері ер азаматтар намаз оқитын орынға әйелдердің келуіне болмайтынын жеткізіп, оны сыртқа шығаруға мәжбүр болады. Ол мешіт ауласында ерсі әрекеттер жасап, күзетшілердің ескертуіне құлақ аспаған. Күзетшілер оны мешіт ауласынан шығаруға мәжбүр болған», - делінген хабарламада.
Мешітте әдеп сақтамаған қыздың жеке тұлғасына қатысты мәлімет жоқ. Осы ретте ҚМДБ мешітке келуші азаматтарды құлшылық үйінде қарапайым адамгершілік әдептерді сақтауға шақырады.