Жамбыл облысындағы Шөлдала шекара заставасында қайтыс болған атыраулық Бекбол Досболұлының туыстары сарбаздың өз-өзіне қол жұмсағанына сенбейді. Белгілі болғанындай, Бекбол Досболұлы Атырау облысы Қызылқоға ауданының орталығы Миялы ауылынан әскер қатарына сәуір айында шақырылған екен.
Жауынгер Бекбол әкесі Досбол Мирашұлымен соңғы рет 19 тамыз күні кешкі сағат жеті шамасында сөйлескен. «Маған дауысы біртүрлі болып көрінді. «Көңіл күйің жоқ қой» дегенімде, «бәрі дұрыс» деді. Екеуміз телефонмен сөйлескеннен кейін арада екі-үш сағат өткенде, қайғылы хабар келді. Шыны керек, не айтарымды да, не ойларымды да білмей отырмын. Менің балам өз-өзіне қол жұмсайтын адам емес», – дейді қан жылап отырған әке. Марқұм болған сарбаздың туыс ағасы Қанат Қожахметов Бекболдың саналы, өз ісіне жауап беретін, жайдары азамат болғанын айтады. «Достарының алды болды. Үнемі күлімдеп жүретін ақжарқын бала еді. Туыстарының арасында да сыйлы болды. Аттың құлағында ойнаған, өнерлі жігіттің армандары, алға қойған мақсаттары көп еді. Бекболдың өз-өзіне қол жұмсауы мүмкін емес», – деді Қанат Қожахметов.Кеше марқұмды туыстары 22 тамыз күні жерледі. Сарбаздың денесі Жамбылдан Атырауға ұшақпен, одан Миялы ауылына дейін тікұшақпен жеткізіліпті. Туысы Қанат Қожахметовтің айтуынша, қазіргі уақытта қылмыстық іс қозғалып жатыр. Мәйітке сараптама жасалған. Қорытынды бір айдан соң шығады.
Баян ЖАНҰЗАҚОВА, Атырау облысы