«AMANAT» партиясының «Баланы мектепке даярлайық!» акциясына партия белсенділері де үлес қосуда. Солардың бірі – Таңат Байкенжеев. Кәсіпкер өз қаражаты есебінен әлеуметтік жағдайы төмен, көпбалалы отбасылардан шыққан 20 балаға мектепке қажетті оқу құралдары толтырылған сөмкелерді сыйға тартты.
«Бір отбасындағы бірнеше баланы мектепке дайындау ата-анаға салмақ түсіретіні анық. Әлбетте, мұндай жағдайда әке-шеше барлық баласын бірдей жаңа оқу жылына сақадай-сай етіп даярлай алмайды. Сондай-ақ әлеуметтік көмекті қажет ететін аз қамтылған отбасы мен жетім, жартылай жетім жеткіншектер де бар. Оларға көп болып көмек көрсету игі іс», – дейді партия белсендісі Таңат Байкенжеев.Қамқорлыққа ие болған бүлдіршіндер мен олардың ата-аналары да зор қуанышқа бөленді.
«Менің үш балам бар. Олардың екеуі мүмкіндігі шектеулі балалар санатында. Жаңа оқу жылында балаларға қуаныш сыйлағаны үшін партия басшылығына және қамқор жандарға аналық ризашылығымды білдіремін», – деп Жанат Аязбай алғаусыз алғысын жеткізді.Кәсіп иесі бұған дейін де партия бастамасына үнемі қолдау білдіріп келеді. Атап өтейік, «AMANAT» партиясының дәстүрлі «Баланы мектепке даярлайық!» акциясы «Бақытты отбасы» партиялық жоба аясында биыл 15 тамыз бен 25 тамыз аралығында республика бойынша жүргізілуде. Партияның облыстық филиалы акция аясында 1 000-ға жуық оқушыны кеңсе заттары салынған сөмкелермен қамтамасыз етуді жоспарлап отыр.
Ербақыт ЖАЛҒАСБАЕВ, Қызылорда облысы