Садақадан сыбаға дәметеді
Садақадан сыбаға дәметеді
1,520
оқылды
Әлеуметтік желіде әншісі мен әртісі, жазылушысы көп блогер­лер қайырымдылық үшін ха­лық­тан қаражат жинауды әдетке ай­налдырды. Жетім мен жесірдің жасын сүртіп, мұқтаж жандардың қажеттілігіне қарайласу – қайыр­лы іс. Алайда сауапты істі биз­нес­тің көзіне айналдырып, қайы­рым­ды­лықты қарақан басының қамы үшін жасайтындар да бар. Қолданыстағы заң бойынша қайырым­дылық жасаушыларға есеп беру міндет­телмейді. Тіпті пайыз алып, пайда көріп жатқандарға да тыйым салынбаған. Бұл сауапты іс жасаймын дегендердің ар-ұятына келіп тіреледі. Заңгер Болатбек Ержанның сөзінше, кез келген адамның қайырымдылық жасауына рұқсат етілген. Сол себепті сауапты іске деп ақша жи­нағын ашқандар мен аударым үшін жеке есепшотын пайдаланғандардың артынан шам алып жүрген құзырлы орынды көрмейсің. Содан кейін бе, соңғы уақытта желіде «жақсылық» жасаушылар мен қайырымдылық қылуға «құмартатындар» саңырауқұлақтай қаптады. Салдарынан мұқтаж жандардың материалдық және қаржылық жағдайын қажетіне пайда­ланып, үстінен пайыздық үлесін алатын­дардың әрекетіне тосқауыл жоқ. Өйткені біздегі заң қайырымдылық жасаушыларға мұқтаж адаммен ауызша және жазбаша келісім жасауды өз ұятына қалдырады. Құжаттың осы бір осал тұсын тиімді пай­даланатындар жасаған «жақсылығы» үшін үстемесін, жарнамасын істеп бергені үшін жарнасын алудан арланбайды.   Бизнестің бір түрі
Блогер Батыржан Ибрагим «Қайы­рымды ісім үшін қанша пайыз алатынымды сұраған талай мұқтаж адамдар болды» деп отыр. Сөйтсе, өзі секілді әлеуметтік же­лідегі блогерлер мен танымал тұлғалар сауапты ісінің сыбағасын сұрайтын кө­рінеді. «Мен секілді қайырымдылықпен айналысып жүрген адамдар мұқтаж адам­дарға шығып, «жақсылығы» үшін үстеме пайызын алуға алдын ала келісіп алады екен. Мысалы, мұқтаж жанға 1 млн теңге жинап берсе, соның 100 мыңын өзіне алып қалады. Не болмаса, жарнамасын жасап бергені үшін мұқтаж жанның өзінен 50 немесе 100 мың теңге алады. Бұл қайы­рымдылық емес, кәдімгі бизнестің бір түрі», – дейді Батыржан Ибрагим.
Сонымен бірге ол сауапты іс жасау құжат жүзінде іске асқаны дұрыс еке­нін айтады. Ал ауызша келісім алып, ақша жинап беру дегеннің артында үлкен дау туындауы мүмкін. Сол үшін блогер мұқтаж жанның өзінен немесе қамқоршы туған-туыстарынан жазбаша түрде рұқсат ала­тынын жеткізді. «Қаржы жинамас бұрын көмекке мұқтаж адамның заңды өкілінен жазбаша куәлік аламын. Олар ақша жи­науға, фото-бейнесуреттерін қолдануға рұқсат беретіндерін жазбаша көрсетіп бергенде ғана іске көшеміз. Бірақ ауызша келісіп алу, не болмаса үстемені талап ету дұрыс емес», – дейді Батыржан Ибрагим.   Судың да сұрауы бар
Блогер айтқандай, сұрауы бар ақшаны сауапты іске жұмсамайтын, пайыздан пайда көруді ғана ойлайтындардың өзі опық жеуі мүмкін. Себебі келер айдан бас­тап қайырымдылықпен айналысатындар мұқтаж адаммен үшжақты келісімшарт жасауға міндеттеледі. Келісімшартсыз жи­налған қаражат заңсыз болып есептелмек. Яғни жаңа заң бойынша қайырымдылық мақсатында халықтан қаражат жинайтын блогерлер алдын ала көмекке мұқтаж кі­сімен немесе ұйыммен келісімшартқа қол қоюы тиіс. Бұл туралы жақында Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі Аза­маттық қоғам істері комитетінің төрағасы Мадияр Қожахмет айтқан еді. Оның айтуынша, блогерлер, заңға бағынбай, келісімшарт жасамай, қайырымдылық іс үшін деп халықтан ақша жинаса – алаяқ­тық әрекет болып есептеледі. «Екіжақты келісімге келу қайырымдылық жасау ке­зінде түсініспеушілік, дау-дамай туындаған жағдайда мәселені заңмен реттеу үшін енгізіліп отыр. Келісімге келсе қайырым­дылық үшін жиналған қаржыға қатысты ешқандай артық сұрақ туындамайды», – дейді ол.
Себебі қазір қайырымдылықтың атын жамылып, қара басының қамын күйтте­гендер көбейіпті. Мысалы, блогер мұқтаж адамға қайырымдылық жасау үшін 7 млн теңге қаржы жинап беруге келіседі. Бірақ қайырымды жандардан 15 млн теңге жиналады. Өз кезегінде блогер көмекке мұқтаж жанға қажетті 7 млн тең­гені ғана беріп, қалған соманы өз қалта­сына салады екен. [caption id="attachment_214155" align="aligncenter" width="1917"]садақа © коллаж: Елдар Қаба[/caption] Елімізде бүгінге дейін блогерлердің халықтан қайырымдылық үшін қаржы жинау мәселесі назардан тыс қалған. Ен­дігі жерде блогер қандай да бір қайырым­дылық қордың атынан жақсылық жасамақ болса, онда сол ұйым мен блогер арасында келісім жасалуы тиіс. Ал егер блогер өздігінен қайырымдылықпен айналысса, онда көмек көрсететін адаммен келісімнің болуы міндетті.   Жиналған қаржыны бәске тіккен
Dauletten қайырымдылық қорының басшысы әрі блогер Дәулет Төлеутайұлы «кейбір адамдар «қайырымдылық жа­саймыз» деп алады да, елге дұрыс есебін бермейді. Қайырымдылықты кәсіптің кө­зіне айналдырып алғандардың бары рас» дейді. Оның айтуынша, оқырман­дардың көптігі арқылы пайда тапқысы келетіндер де ақша жинағын ашып, сауапты істі табыс көзіне айнал­дырған. Тіпті кейбір блогерлер халықтың сеніміне кіріп, түрлі алаяқтық әрекеттерге де барады екен. «Мысалы, бізге де оқыр­мандардан түрлі хаттар келіп жатады. Жақында бір кісі жылап хабарласты. Сөйтсе, бір блогер қайырымдылық жа­саймын деп, ақша жинағын ашқан. Со­ңында жиналған ақшаны спорт ойындары жарысына бәске тігіп жібереді. Жиналған ақша ауырған балаға мүлдем аударылмай қалған. Ата-анасы шыр-пыр болып ха­барласатын ондай оқиғалар өте көп. Он­дай кезде біздің қолымыздан бар келетіні – жылаған жанды жұбатып, ақыл-кеңе­сімізді айту ғана. Ол кісіге де полицияға жүгіну керек екенін айтып бағыт-бағдар бергенім бар. Бірақ қолданыстағы заң әлсіз болған соң, «қайырымдылық» жа­сайтындардың іс-әрекеті бақыланбай­ды», – дейді ол. Сондықтан жаңа заң кеш болса да күшіне енгелі жатқаны қуантатынын айтқан блогер «Біз бұрыннан бері осы мәселені көтеріп келеміз. Қайырым­ды­лыққа жиналатын қаражат жеке рекви­зиттерге емес, заңды түрде ашылған қорға аударылғаны дұрыс. Жаңа заң «ауырдың асты, жеңілдің үсті» арқылы мұқтаж жан­дардың арқасында табыс тапқысы кел­гендерге тұсау болады. Жеке адамдардың «жақсылығы» үшін жауапкершілікті арт­тыруға себеп» деп отыр Дәулет. Блогердің сөзін­ше, қазір келісімшарт жасау да көп уа­қытты алмайды. Бұл құжат мұқтаж жан­дардың құқығын қорғап, сауапты істің соңы сөзбұйдаға салынбауына кепілдік болуы тиіс. «Сол үшін үшжақты келісімді құптаймын. Біздің қор 2 жарым жыл бұ­рын мемлекеттік тіркеуден өтіп, заңды түрде ашылған. Қорымыз заңды реквизит­термен жұмыс істейді. Қайырымды іспен айналысатын еріктілер мен танымал жан­дар біздің қормен келісімшартқа отырып, сауапты істерін істеуге қарсылық жоқ. Керісінше «жақсылық жасаймын» деген жандарды қолдамасақ, қашпайтынымыз рас. Бастысы, заңды әрекет ету керек», – дейді Дәулет Төлеутайұлы.
Бұл өзгеріс алақан жайып, мұңын шаққан жандарға ғана емес, құзырлы орындарға қайырымдылық қор ретінде тіркеліп, заң аясында жұмыс істеп жат­қандарға да жақсы жаңалық болғалы тұр. Өйткені қолданыстағы құжат бойынша, қайырымдылық қор ретінде тіркелген­дер мұқтаждың несібесін жемеуге мін­деттеледі. Ендеше мұқтаж жандарға қол ұшын созар қайырымдылық та сауатты жүргізіліп, абзалы сауапты істің сауабын алуға асыққаннан артығы жоқ.