Арнайы аймақтардың адымы ашылатын түрі жоқ
Арнайы аймақтардың адымы ашылатын түрі жоқ
© коллаж: Елдар Қаба
862
оқылды
Кейінгі он жылда арнайы экономикалық аймақтарға жалпы көлемі 4,2 трлн теңге­ден астам қаржы құйылды. Оның тек үштен бірі ғана жекеменшіктің ақшасы, мұның ішінде шетелдік инвестиция тіпті мардымсыз – 0,37 пайыз. Бұл өндіріске жаңа технологияларды енгізуге мүмкіндік бермеді. Соңғы үш жылда АЭА-да өндірілген тауарлардың көлемі жалпы ішкі өнімнің 1,5 пайызынан аспайды, ал олардың экспорттағы үлесі 0,1 пайызды ғана құрады. Сонда мұншама көп ақшаға салынған арнайы аймақтардың ел экономикасына пайдасынан гөрі зияны көп емес пе деген заңды сұрақ туындайды?   Үкілеген үміт ақталмады Республика аумағында 13 ар­найы экономикалық аймақ (АЭА) құрылған. Оларда 303 жоба бо­йынша 136 түрлі өнім шы­ғары­ла­ды, мұның 30-дан астамы (тік­ұшақтар, бронетранспортерлер, локомотивтер, жолаушы вагон­дары, түнгі көру құрылғылары, винтовкаға арналған оптикалық көздеуіш, премиум-құбырлар, мақта целлюлозасы, поли­про­пилен жіптері және басқалары) индустрияландыру бағдарламасы бойынша жүзеге асырылуда. Сонымен қатар 50-дей бірегей ақ­параттық-технологиялық ше­шімдері мен қызметтері көрсе­тіледі. АЭА-да 20 мыңнан астам адам жұмыс істейді. Үкімет арнайы экономикалық аймақтарды құру барысында бір­қатар шартты ұстанды: бірін­шіден, қатысушылар өнім өңдеу­дің 3-деңгейінен бастап, кейін одан арғы неғұрлым жоғары дең­гейіне көшуі керек. Екіншіден, ол нақты өңірдің транзиттік әле­уетін толықтай пайдалану үшін географиялық тиімді тұста ор­наласуы тиіс. Үшіншіден, өңірдің басқа құрамдас салаларын ілгері сүйреуші локомотив болуы шарт. Төртіншіден, мұнда инновация­лық технологиялар мен жаңа жабдықтар әкелінуі қажет. АЭА-ты құру туралы шешімді Үкіметтің ұсынысы бойынша тек Мемлекет басшысы ғана қабылдайды. Ал оның жұмысын жергілікті әкім­шіліктер басқарады. Арнайы экономикалық аймақ интегралды және салалық болып екіге бөлінеді. Интегралдықта ша­­руашылық тұтастай жиынтық күйінде қарастырылса, салалықта оның жекелеген түріне басым­дылық беріліп, жеделдете дамы­тылады. Әу баста АЭА сырттан инвес­тициялар мен жаңа техноло­гия­ларды тартудың пәрменді ала­ңына айналуы тиіс болатын. Өйт­кені оның аумағында орна­ласқан кәсіпорындарға мемлекет тарапынан көптеген жеңілдіктер ұсынылады. Кәсіпорын ашқан инвесторға барлық инфрақұры­лымы жүргізілген жер телімі тегін беріледі. Компаниялар мүлік салығынан, жер салығынан және корпоративті табыс салығынан босатылады. Мұндағы зауыт-фабрикаға электр қуаты арзан­датылған тарифпен есептеледі. Одан бөлек, өнім өндірушілер импорт алмастыруға қатысқан жағдайда өндіріске қажетті та­уарларды, оның ішінде шикізатты, құрал-жабдық пен техниканы шетелден қосымша құн салығы мен баж салығын төлемей әкеле алады. Міне, мемлекеттен осын­шама қолдау көріп отырған АЭА-тар еліміздің экономикалық және технологиялық дамуының драй­вері болуы тиіс еді, бірақ ол үміт ақталмады.   Даму драйверіне айналмады Мұны Республикалық бюд­жеттің атқарылуын бақылау жө­ніндегі есеп комитеті жүргізген мем­лекеттік аудиттің қоры­тын­дысы нақты көрсетіп берді. Мәселен, 2001-2021 жылдар аралығында АЭА-ға 4,2 трлн теңге инвестиция салынды. Мұның тек 1,2 трлн теңгесі ғана өндіріске бағытталған.
«АЭА инфрақұрылымын салуға жұмсалған бюджеттің 1 теңгесі өнеркәсіпке 3,1 теңге инвестиция тартты, оның 1 тең­гесі жекеменшіктің және 0,37 пайызы шетелдің қаржысы. Нә­тижесінде, шетелдік инвестиция үлесінің төмендігі жаңа техноло­гияларды енгізуге және экспорт­тық тауарлар өндірісін дамытуға мұрша бермеді», – деді Есеп комитетінің төрағасы Наталья Годунова.
Мәселен, АЭА аумақтарында өндірелетін өнімнің тек 3,5 па­йызы ғана экспортқа шыға­ры­лады. Ол жалпы ел экспортының 0,1 пайызын ғана құрайды. Ал арнайы аймақтарда өндірілген тауарлардың көлемі жалпы ішкі өнімнің 1,5 пайызынан аспайды. Сондай-ақ 2017-2020 жылдары АЭА экспортының құрылымында төмен қайта бөлу өнімінің үлесі (60%) және квазимемлекеттік компаниялардың импорттық жиынтықтауыштардан құрасты­рылған өндірісінің үлесі (20%) басым болды. Бұл жайттар АЭА-дың басым бөлігінде қосылған құны үлкен, жоғары технология­лық өндірісті дамытуға бағыт­тал­ған нақты бағдардың жоқтығын көрсетеді. Парламент Сенатының депу­таты Ерік Сұлтановтың айтуын­ша, АЭА-ды инфрақұрылыммен қамтамасыз ету мәселесі де ерек­ше назар аударуды қажет етеді.
«Пайдалануға берілген 13АЭА-ның тек 3-і ғана қажетті коммуникациялармен толық қамтамасыз етілген. Бұл жалпы арнайы экономикалық аймақ­тардың шамамен 60 пайыздай жерінің бос жатуына алып келді. Ол жаңа инвесторларды тартуға және серпінді жобаларды құруға тежеу болып отыр», – дейді сенатор.
Бұдан бөлек, мемлекет арнайы аймақтарды дамытуға қолдау көрсетіп отырғанымен, бұл жерде адами факторларды да санаттан шығарып тастауға болмайды. АЭА аумағында кәсіпорын ашу үшін рұқсат құжаттарын, жер учаске­лерін, жеңілдіктерді алуы кезінде, сондай-ақ «бір терезе» қағидаты бойынша қызметтер көрсетіл­генде жүйенің қанына сіңген бюрократтық кедергілерден әлі де арыла алмай келе жатқанымыз шындық. Мұның бәрі әлеуетті инвестордың тауын шағып, бетін қайтарады. Ерік Сұлтанов аталған келе­ңіздіктерді жою үшін АЭА аумақ­тарындағы инфрақұрылым ны­сандарының құрылысын аяқтау бойынша егжей-тегжейлі жоспар әзірлеу керектігін айтты.
«АЭА алаңдарында жобалар­ды іске асыруға отандық кәсіп­керлерді, оның ішінде стартап-жобаларды белсенді тартып, олар­ға қолдау көрсету қажет. Оның ішінде терең өңдеу дәрежесі бар жоғары технологиялық өнді­рістерді, тұрақты жұмыс орын­да­рын құруға, қызметкерлерді оқы­туға, біліктіліктерін арттыруға жағдай жасаған жөн. Бұл үшін жұмыс істеп тұрған білім беру мекемелерінің базасында дуальді оқытуды ұйымдастыру керек. Сондай-ақ өндіріске берілетін жеңілдіктердің мерзімі салынған инвестицияның, төленетін салық пен шығарылатын өнімнің көле­міне қарай саралануы тиіс», – дейді сенатор.
  Өндірісті өркендетуге кедергі көп Сенат депутаты Мұрат Бақ­тияр­ұлының айтуынша, АЭА ау­мағындағы кәсіпорындар мем­лекеттік тапсырыстарға зәру. Сондықтан оларды ұзақмерзімді мемлекеттік тапсырыспен қамта­масыз етудің маңызы зор.
«АЭА-ға қатысушылардың қызметін ынталандыру үшін им­порттық өнімдерді алмастыратын ұзақмерзімді мемлекеттік тап­сырыстарды, ғылыми техникалық бағдарламаларды әзірлеу, аралас және кластерлік өндіріс құру, «бір терезеден» басқару прициптері осы кезге дейін бірде-бір норма­тивтік құқықтық актілерде қарас­тырылмаған»,– дейді М.Бақ­тиярұлы.
Өңдеу секторында осы кезге дейін мемлекеттік кепілдік беріл­ген ауқымды тапсырыстар тек шетелдік инвесторлармен ғана жасалған. Олардың қатарында отандық тұлға жоқ. Өйткені жер­гілікті компаниялар үшін еш­қан­дай ынталандыру тетігі жа­сал­маған. Ұлттық компаниялардың АЭА-да шығарылатын өнімге деген сұранысы көп бола тұра, олар өндірушілермен ең болмаса бір жылға кепілдік беретін ке­лісімшартқа отырмайды. Себебі оларға жергілікті өнімнен гөрі бағасы арзан шетелдік тауарды алған анағұрлым тиімді. Демек, инвесторларды іздегеннен гөрі, әрбір АЭА-ға ұзақмерзімді тап­сырыстардың тетіктерін енгізу қа­жет. Ол реттелгенде импортал­мастыру, әртүрлі саладағы ша­руашылық байланысын қалпына келтіру, мемлекеттің инвести­цияға салатын салмағын төмен­дету, экономикада өңдеу саласы­ның үлесін арттыру сияқты мәсе­лелер де оң шешімін табар еді. Одан бөлек, АЭА кәсіп­орын­дары арасында кластердің жоқ­тығы үлкен проблемаға айналған. Мысалы, Қазақстанда өндірілген шикізаттар сыртқа кетіп жатыр. Сөйте тұра, «Оңтүстік» АЭА өз өн­дірісіне қажетті тауарды сырт­тан тасымалдайды. Ал «Инно­вациялық технологиялық парк» АЭА мемлекет тарапынан бері­летін ғылыми-техникалық даму және жаңа технология жасау тап­сырыстарынан құр алақан қалған. «Сарыарқа» АЭА болса өзін ме­талл өнімдермен қамтамасыз ете алмай отыр. Сондай-ақ облыстық әкім­діктер де экономикалық аймақ­тарды дамытуға белсенді ара­ласып отырған жоқ. Сырттан ин­вестор шақыруға, тартымды жобалар жасауға, оның жұмы­сына жер­гілікті шағын және орта бизнес нысандарын тартуға құл­шын­бай­ды. Бұл жергілікті кәсіп­орындарды қосымша табыс кө­зінен айырып отыр. Соның сал­дарынан өңір­лердің респуб­ли­калық бюджеттен бөлінетін суб­сидияға тәуелділігі бұрын­ғы­сын­ша жоғары деңгейден төмендемей тұр. Ал АЭА жұ­мысы жандан­ған­да, ол өңірлердің да­муына қуатты серпін берер еді.