Кейінгі он жылда арнайы экономикалық аймақтарға жалпы көлемі 4,2 трлн теңгеден астам қаржы құйылды. Оның тек үштен бірі ғана жекеменшіктің ақшасы, мұның ішінде шетелдік инвестиция тіпті мардымсыз – 0,37 пайыз. Бұл өндіріске жаңа технологияларды енгізуге мүмкіндік бермеді. Соңғы үш жылда АЭА-да өндірілген тауарлардың көлемі жалпы ішкі өнімнің 1,5 пайызынан аспайды, ал олардың экспорттағы үлесі 0,1 пайызды ғана құрады. Сонда мұншама көп ақшаға салынған арнайы аймақтардың ел экономикасына пайдасынан гөрі зияны көп емес пе деген заңды сұрақ туындайды? Үкілеген үміт ақталмады Республика аумағында 13 арнайы экономикалық аймақ (АЭА) құрылған. Оларда 303 жоба бойынша 136 түрлі өнім шығарылады, мұның 30-дан астамы (тікұшақтар, бронетранспортерлер, локомотивтер, жолаушы вагондары, түнгі көру құрылғылары, винтовкаға арналған оптикалық көздеуіш, премиум-құбырлар, мақта целлюлозасы, полипропилен жіптері және басқалары) индустрияландыру бағдарламасы бойынша жүзеге асырылуда. Сонымен қатар 50-дей бірегей ақпараттық-технологиялық шешімдері мен қызметтері көрсетіледі. АЭА-да 20 мыңнан астам адам жұмыс істейді. Үкімет арнайы экономикалық аймақтарды құру барысында бірқатар шартты ұстанды: біріншіден, қатысушылар өнім өңдеудің 3-деңгейінен бастап, кейін одан арғы неғұрлым жоғары деңгейіне көшуі керек. Екіншіден, ол нақты өңірдің транзиттік әлеуетін толықтай пайдалану үшін географиялық тиімді тұста орналасуы тиіс. Үшіншіден, өңірдің басқа құрамдас салаларын ілгері сүйреуші локомотив болуы шарт. Төртіншіден, мұнда инновациялық технологиялар мен жаңа жабдықтар әкелінуі қажет. АЭА-ты құру туралы шешімді Үкіметтің ұсынысы бойынша тек Мемлекет басшысы ғана қабылдайды. Ал оның жұмысын жергілікті әкімшіліктер басқарады. Арнайы экономикалық аймақ интегралды және салалық болып екіге бөлінеді. Интегралдықта шаруашылық тұтастай жиынтық күйінде қарастырылса, салалықта оның жекелеген түріне басымдылық беріліп, жеделдете дамытылады. Әу баста АЭА сырттан инвестициялар мен жаңа технологияларды тартудың пәрменді алаңына айналуы тиіс болатын. Өйткені оның аумағында орналасқан кәсіпорындарға мемлекет тарапынан көптеген жеңілдіктер ұсынылады. Кәсіпорын ашқан инвесторға барлық инфрақұрылымы жүргізілген жер телімі тегін беріледі. Компаниялар мүлік салығынан, жер салығынан және корпоративті табыс салығынан босатылады. Мұндағы зауыт-фабрикаға электр қуаты арзандатылған тарифпен есептеледі. Одан бөлек, өнім өндірушілер импорт алмастыруға қатысқан жағдайда өндіріске қажетті тауарларды, оның ішінде шикізатты, құрал-жабдық пен техниканы шетелден қосымша құн салығы мен баж салығын төлемей әкеле алады. Міне, мемлекеттен осыншама қолдау көріп отырған АЭА-тар еліміздің экономикалық және технологиялық дамуының драйвері болуы тиіс еді, бірақ ол үміт ақталмады. Даму драйверіне айналмады Мұны Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитеті жүргізген мемлекеттік аудиттің қорытындысы нақты көрсетіп берді. Мәселен, 2001-2021 жылдар аралығында АЭА-ға 4,2 трлн теңге инвестиция салынды. Мұның тек 1,2 трлн теңгесі ғана өндіріске бағытталған.
«АЭА инфрақұрылымын салуға жұмсалған бюджеттің 1 теңгесі өнеркәсіпке 3,1 теңге инвестиция тартты, оның 1 теңгесі жекеменшіктің және 0,37 пайызы шетелдің қаржысы. Нәтижесінде, шетелдік инвестиция үлесінің төмендігі жаңа технологияларды енгізуге және экспорттық тауарлар өндірісін дамытуға мұрша бермеді», – деді Есеп комитетінің төрағасы Наталья Годунова.Мәселен, АЭА аумақтарында өндірелетін өнімнің тек 3,5 пайызы ғана экспортқа шығарылады. Ол жалпы ел экспортының 0,1 пайызын ғана құрайды. Ал арнайы аймақтарда өндірілген тауарлардың көлемі жалпы ішкі өнімнің 1,5 пайызынан аспайды. Сондай-ақ 2017-2020 жылдары АЭА экспортының құрылымында төмен қайта бөлу өнімінің үлесі (60%) және квазимемлекеттік компаниялардың импорттық жиынтықтауыштардан құрастырылған өндірісінің үлесі (20%) басым болды. Бұл жайттар АЭА-дың басым бөлігінде қосылған құны үлкен, жоғары технологиялық өндірісті дамытуға бағытталған нақты бағдардың жоқтығын көрсетеді. Парламент Сенатының депутаты Ерік Сұлтановтың айтуынша, АЭА-ды инфрақұрылыммен қамтамасыз ету мәселесі де ерекше назар аударуды қажет етеді.
«Пайдалануға берілген 13АЭА-ның тек 3-і ғана қажетті коммуникациялармен толық қамтамасыз етілген. Бұл жалпы арнайы экономикалық аймақтардың шамамен 60 пайыздай жерінің бос жатуына алып келді. Ол жаңа инвесторларды тартуға және серпінді жобаларды құруға тежеу болып отыр», – дейді сенатор.Бұдан бөлек, мемлекет арнайы аймақтарды дамытуға қолдау көрсетіп отырғанымен, бұл жерде адами факторларды да санаттан шығарып тастауға болмайды. АЭА аумағында кәсіпорын ашу үшін рұқсат құжаттарын, жер учаскелерін, жеңілдіктерді алуы кезінде, сондай-ақ «бір терезе» қағидаты бойынша қызметтер көрсетілгенде жүйенің қанына сіңген бюрократтық кедергілерден әлі де арыла алмай келе жатқанымыз шындық. Мұның бәрі әлеуетті инвестордың тауын шағып, бетін қайтарады. Ерік Сұлтанов аталған келеңіздіктерді жою үшін АЭА аумақтарындағы инфрақұрылым нысандарының құрылысын аяқтау бойынша егжей-тегжейлі жоспар әзірлеу керектігін айтты.
«АЭА алаңдарында жобаларды іске асыруға отандық кәсіпкерлерді, оның ішінде стартап-жобаларды белсенді тартып, оларға қолдау көрсету қажет. Оның ішінде терең өңдеу дәрежесі бар жоғары технологиялық өндірістерді, тұрақты жұмыс орындарын құруға, қызметкерлерді оқытуға, біліктіліктерін арттыруға жағдай жасаған жөн. Бұл үшін жұмыс істеп тұрған білім беру мекемелерінің базасында дуальді оқытуды ұйымдастыру керек. Сондай-ақ өндіріске берілетін жеңілдіктердің мерзімі салынған инвестицияның, төленетін салық пен шығарылатын өнімнің көлеміне қарай саралануы тиіс», – дейді сенатор.Өндірісті өркендетуге кедергі көп Сенат депутаты Мұрат Бақтиярұлының айтуынша, АЭА аумағындағы кәсіпорындар мемлекеттік тапсырыстарға зәру. Сондықтан оларды ұзақмерзімді мемлекеттік тапсырыспен қамтамасыз етудің маңызы зор.
«АЭА-ға қатысушылардың қызметін ынталандыру үшін импорттық өнімдерді алмастыратын ұзақмерзімді мемлекеттік тапсырыстарды, ғылыми техникалық бағдарламаларды әзірлеу, аралас және кластерлік өндіріс құру, «бір терезеден» басқару прициптері осы кезге дейін бірде-бір нормативтік құқықтық актілерде қарастырылмаған»,– дейді М.Бақтиярұлы.Өңдеу секторында осы кезге дейін мемлекеттік кепілдік берілген ауқымды тапсырыстар тек шетелдік инвесторлармен ғана жасалған. Олардың қатарында отандық тұлға жоқ. Өйткені жергілікті компаниялар үшін ешқандай ынталандыру тетігі жасалмаған. Ұлттық компаниялардың АЭА-да шығарылатын өнімге деген сұранысы көп бола тұра, олар өндірушілермен ең болмаса бір жылға кепілдік беретін келісімшартқа отырмайды. Себебі оларға жергілікті өнімнен гөрі бағасы арзан шетелдік тауарды алған анағұрлым тиімді. Демек, инвесторларды іздегеннен гөрі, әрбір АЭА-ға ұзақмерзімді тапсырыстардың тетіктерін енгізу қажет. Ол реттелгенде импорталмастыру, әртүрлі саладағы шаруашылық байланысын қалпына келтіру, мемлекеттің инвестицияға салатын салмағын төмендету, экономикада өңдеу саласының үлесін арттыру сияқты мәселелер де оң шешімін табар еді. Одан бөлек, АЭА кәсіпорындары арасында кластердің жоқтығы үлкен проблемаға айналған. Мысалы, Қазақстанда өндірілген шикізаттар сыртқа кетіп жатыр. Сөйте тұра, «Оңтүстік» АЭА өз өндірісіне қажетті тауарды сырттан тасымалдайды. Ал «Инновациялық технологиялық парк» АЭА мемлекет тарапынан берілетін ғылыми-техникалық даму және жаңа технология жасау тапсырыстарынан құр алақан қалған. «Сарыарқа» АЭА болса өзін металл өнімдермен қамтамасыз ете алмай отыр. Сондай-ақ облыстық әкімдіктер де экономикалық аймақтарды дамытуға белсенді араласып отырған жоқ. Сырттан инвестор шақыруға, тартымды жобалар жасауға, оның жұмысына жергілікті шағын және орта бизнес нысандарын тартуға құлшынбайды. Бұл жергілікті кәсіпорындарды қосымша табыс көзінен айырып отыр. Соның салдарынан өңірлердің республикалық бюджеттен бөлінетін субсидияға тәуелділігі бұрынғысынша жоғары деңгейден төмендемей тұр. Ал АЭА жұмысы жанданғанда, ол өңірлердің дамуына қуатты серпін берер еді.