Елімізде діни экстремизм мен терроризмнің алдын алу бойынша кешенді жұмыстар атқарылып жатыр. Соның арқасында халқымыздың көп бөлігі қажетті ақпараттармен қамтылған. Алайда шалыс басқандарды түбегейлі азайды дей алмаймыз. Теріс ағымға түсіп алданудың себебі көп. Діни экстремизм мен терроризмнің алдын алу бойынша республикалық деңгейде ақпараттық-түсіндіру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Дін мәселелері бойынша халықпен идеологиялық жұмыс жүргізу үшін құрамында 2899 адам бар 232 өңірлік ақпараттық-түсіндіру тобы жұмыс істейді. Дін істері комитетінің мәліметінше, жалпы алғанда ақпараттық түсіндіру топтарының қызметі олардың деструктивті және радикалды идеологияның әсеріне ұшырау тұрғысынан неғұрлым осал азаматтардың мақсатты санаттарымен атаулы жұмыс жүргізуге бағытталған. Атаулы жұмыстар арнайы әзірленген алгоритмге сәйкес, он мақсатты санатты қамтиды, оның ішінде жастардың түрлі топтары, діндар азаматтар, жұмыссыздар мен өзін-өзі жұмыспен қамтығандар, әйелдер, мешіт жамағаттары, сауда саласының қызметкерлері, жазасын өтеушілер және олардың отбасы мүшелері бар. Былтыр ақпараттық түсіндіру мүшелерінің қатысуымен 2 млн-нан астам адам қамтылған 28 мыңнан аса түрлі форматтағы іс-шаралар ұйымдастырылса, оның ішінде жастардың қатысуымен 10 мыңнан аса іс-шара өткізіліп, 1,1 млн-нан астам адам қатысқан. Бүгінде еңбектеген баладан еңкейген қартқа дейін ғаламтор желісін пайдаланады. Соған байланысты қазір әлеуметтік желі пайдаланушылар арасында дұрыс емес ақпарат тарап, әртүрлі заң бұзушылыққа жол беретін, пайдасы жоқ топтар құрылып, оны пайдаланушылардың саны да арту үстінде. Бұл өз кезегінде әлі ой-қабілеті толығымен қалыптаспаған жастардың дұрыс тәрбие алуына кері әсерін тигізетіні белгілі. Қоғамды алаңдататын мәселелердің бастысы – жастардың теріс ағымға арбалуы. Себебі әлеуметтік желінің қолжетімділігі теріс ағым идеологиясының кеңінен таралуына тиімді болып отыр. Әлеуметтік желілер әсіресе жастарды тура жолдан тайдыратын теріс ағымдардың негізгі құралына айналды. Радикалды діни топтардың түрлі айла әдістерді қолдану арқылы жастарды өз қатарларына тарту түрлері аз емес. Әсіресе, жастарға ықпал ету мақсатында пайдаланушы саны көп Facebook, ВК, Instagram, YouTube желілері бойынша және түрлі мессенджерлар арқылы, экстремистік және террористік идеяларды насихаттайтын аудио және бейне роликтер, әдебиеттерді тарату мен насихаттау, мотиваторлық жариялымдарды кеңінен шығару арқылы өз идеологияларын таратуда. Діни радикализм мен экстремизм идеологиясы қоғам санасына әлеуметтік желілер мен электронды қосымшалар, әртүрлі сайттарда көрсетілген теріс мәліметтер арқылы ақпараттық-психологиялық әсер етуде. Соның салдарынан дұрыс ой-қабілеті қалыптаспаған жастардың санасында отанға деген сенімсіздікті, отансүйгіштік сезімнің болмауын, отбасы ішіндегі келеңсіздіктерді, қоғамның екіге бөлінуін тудырады. Осыған орай биыл әлеуметтік желілердегі заңға қайшы 36 484 материал бұғатталды. Оның 35 мыңнан астамы – терроризм, діни және этникалық экстремизм идеологиясын таратуға, 332-сі – есірткі құралдарын насихаттауға, 3 531-і – порнографияны, қатыгездік пен суицидті насихаттауға, 32-сі – ар-намысқа тіл тигізуге, 111-ге жуығы – жалған ақпарат таратуға қатысты.
– Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі ғаламторда қолжетімді ресурстар мен әлеуметтік желілерді тәулік бойы қадағалайды. Заңнаманы бұзу фактілері анықталған жағдайда интернет ресурстың әкімшілігіне ескертулер мен хабарламалар жолданады. Ескертулер түзетілмеген болса, интернет-ресурс сот шешімімен заңнамада белгіленген тәртіппен бұғатталады. Жарияланған материалдарда қылмыстық іс-әрекеттің белгілері анықталса, олардың авторлары мен таратушылары қылмыстық жауапкершілікке тартылады, – дейді Премьер-Министрдің орынбасары Ералы Тоғжанов.Оның айтуынша, заңға қайшы контенттің таралуына жол бермеу мақсатында уәкілетті органдар ВКонтакте, Одноклассники, Mail.ru, Livejournal, Facebook, Instagram әлеуметтік желілерінің әкімшілігімен тығыз ынтымақтастық орнатқан. Әлемнің барлық елдері тыйым салынған материалдарды таратумен белсенді күресіп, бұғаттап жатыр. Бірақ бір уақытта барлық контентті толықтай бұғаттап, өшіріп тастау мүмкін емес. Себебі радикалдардың өзі оларды күн сайын желіге жүктеп отырады. Сарапшы Серікбол Биляловтың айтуынша, мемлекеттік ұйым тарапынан радикалды контенттерді анықтап, бұғаттауға кемі 2 тәулік уақыт қажет. Процесс оны анықтаудан басталып, сараптама жүргізу, бұғаттау үшін қадағалау органдарының тексерісіне бағыттаумен жалғасады. Аталған процедура барлық елдің бақылау органдарында жүзеге асырылады. Контенттің өсуі радикалды ағымдардың өз идеологияларының көбеюіне мүдделі болуында жатыр, бүгін бір контентті өшірсең, сол күні басқа бір платформада екінші бір контент жүктеледі.
– Қазір барлық заманауи террористік ұйымдардың өздерінің медиа орталықтары, электронды басылымдары бар, олар бюрократиялық кідірістерсіз, өте жоғары кәсіби деңгейде аудио, видео, ақпараттық материалдар әзірлеп, таратады. Әлеуметтік медиа платформаларда жаңа арналар мен аккаунттар құратын радикалдар да, олардың ақпараттық жақтаушылары мен «жанашырлары» да жинақталған радикалды мазмұнды контент таратушылар, – дейді Серікбол Билялов.Ал дінтанушы Наурыз Ғайнижамал БАҚ өкілдерін террористер туралы материал жазғанда абай болуға шақырады. Оның айтуынша, халықты таңғалдыру – ақпаратты адамның есінде қалатындай етіп жеткізудің бір тәсілі. Көп жағдайда бұқаралық ақпарат құралдары терроризм проблемасын айтамыз деп отырып, керісінше, террористік ұйымдар мен олардың көшбасшыларына деген қызығушылықты арттырады. БАҚ қызметкерлері сенсация іздеп, оқырмандарды қызықтыра отырып, лаңкестік әрекеттерді ұйымдастырушылар мен оның қанды орындаушыларының «батырлығын» көпке көрсетіп, террористер өміріне қызығушылықты арттырады. Ақпараттық технологиялардың дамуына байланысты діни экстремизм мен терроризм қатерін іс жүзінде 100% жою мүмкін емес, осының әсерінен интернет – әлеужеліге қолжетімділігі бар кез келген жанның радикалды идеологиясын жеткізуіне мүмкіндік беретін ғаламдық қауіпке айналды. Бүгінде Қазақстан үшін терроризм қаупі басқа елдермен салыстырғанда төмен деңгейде, бұған уәкілетті мемлекеттік органдардың баяндамалары мен әлемдік рейтингте Қазақстан позициясының жылдан жылға жақсарып келе жатқаны дәлел бола алады. Аталған жетістіктер құқық қорғау және күш құрылымдарының, сондай-ақ мүдделі мемлекеттік органдардың кәсіби міндеттерін тиімді ұйымдастыруынсыз мүмкін болмас еді.
– Интернеттен шыққан радикализм идеологиясын насихаттау жастарға үлкен қауіп төндіретінін түсіну қажет. Мұндай мазмұндағы контенттердің барлығын бұғаттау мүмкін емес болғандықтан, қосымша ақпараттық-түсіндіру жұмыстары жүргізіледі. Бүгінде Дін істері жөніндегі өңірлік басқармалар мен Дін проблемаларын зерттеу орталықтары халық арасында діни экстремизмнің алдын алу, Интернет және әлеуметтік желілерден діни білім алу қаупін түсіндіру бойынша ақпараттық-түсіндіру жұмыстары бойынша үлкен жұмыс жүргізуде, – деді Наурыз Ғайнижамал.Ендеше жастардың діни сауатын жетілдіру жұмыстарын тек қана білім беру ошақтарымен, орталықтармен ғана шектеп қоймай, олардың бос уақытын көп арнайтын әлеуметтік желілерді құнды да бай, тағылымды бағдарламалармен, ақпарат көздерімен толықтыру қажет. Сондай-ақ жастар көп қолданатын әлеуметтік желілерге дәстүрлі дін мен салт-дәстүрдің құндылықтарын дәріптейтін парақшаларды мазмұнды материалдармен толықтырып, оқырмандар санын арттырып, мағыналы жарияланымдарды шығарып отыру артық етпейді. Сонда теріс ағымды таратушыларға біршама тойтарыс беруге болады.