Бүгін Мәжіліс депутаты Самат Мұсабаев «AMANAT» партиясының Маңғыстау облыстық филиалында өңірдегі құрылысшылар мен жобалаушы ұйым өкілдерімен, мемлекеттік және жеке сараптама қызметін көрсететін ұжым өкілдерімен кездесті.
Жиында құрылыс саласының мамандары жобалық, сметалық құжаттың дұрыс жасалмайтынын айтып, әр тарап өздерінің уәждерін жеткізіп, құрылыс саласындағы кемшіліктерді талқыға салды.
Компания басшылары құрылыс материалдарының қымбаттағанын, салдарынан құрылыс жұмыстарының кешігіп жатқанын, сондай-ақ оны жалғастыру үшін бюджеттен қосымша қаржы бөлінсе деген ұсыныстарын айтты.
«Басты мәселе – жобалық, сметалық құжаттың дұрыс жасалмауы. Бұған кім кінәлі: құрылысшы ма, жобалаушы ұйым ба, әлде сараптау ұйымы ма? Жиында осы мәселе ұзақ талқыланды. Бұдан кейінгі үлкен мәселе – құрылыс материалдарының қымбаттауы. Бүгінде осы қымбатшылық әсерінен тоқтап қалған құрылыстарды жүргізу үшін бюджетті қайта қарау керек», – деді Самат Мұсабаев.