Тарифтердің тұрақсыздығы тұралатып кетпесін!
Тарифтердің тұрақсыздығы тұралатып кетпесін!
© коллаж: Елдар Қаба
434
оқылды
Теміржол тарифтерінің үздіксіз өсуі және вагондардың жетіспеушілігі тасымал­данатын тауар бағасының қымбаттауына әкеліп соқтырады. Бұл жүк жөнелтушілерді ғана емес, теміржолға қатысы бар барлық аралас салалардағы мыңдаған компа­нияны шығынға ұшыратады. Ал ол тұтастай алғанда ел экономикасына салмақ тү­сі­ріп, онсыз да ырық бермей бара жатқан инфляцияны үдете түседі.

Тасымал құны өскелі жатыр

Жалпы, бір нәрсені еске мық­тап түйіп алған жөн: осынау ұлан-ғайыр даланың кеңдігіне байла­нысты біздің елде тауардың өзін­дік құнында тасымалдау құрам­дастығының үлесі үлкен. Сон­дықтан ішкі және халықаралық жүк тасымалының бағасы көп­теген саланың дамуына тікелей ықпал ететін басты тетіктің бірі болып саналады. Ал енді теңізге шығатын дәлізі жоқ, автожол инфрақұрылымы жетілмеген, экономикасы шикізатқа тәуелді Қазақстан үшін теміржол көлі­гінің маңызы тіпті орасан. Өйт­кені республика аумағындағы және транзитпен өтетін жүктің 70 пайызы теміржол арқылы жүзеге асырылады. Теміржол тарифі екі фак­тор­дан жасақталады: біріншісі – локомотив жетегі мен тасымалдау құны, яғни «ҚТЖ-Жүк тасымалы» ЖШС қызметінің бағасы, екін­шісі – «Қазтеміртранс» АҚ немесе басқа шағын логистикалық ком­паниялардың вагондарын жалдау құны. Егер осы екі кәсіпорынның тарифтері қымбаттаса, ол сөзсіз тасымалдау бағасына әсер етеді. «ҚТЖ-Жүк тасымалы» ЖШС баспасөз қызметінің жетекшісі Любовь Подоляк 28 тамыз күні ұжымның жалпы жиналысы өте­тінін, сонда тарифті өсіру мә­се­лесі қаралатынын жеткізді. Алдын ала айта кетейік, тарифтің қым­баттайтыны сөзсіз, тек әзірге оның нақты қанша пайызға өсе­тіні ғана белгісіз. Ал «Қазте­мір­транс» АҚ 1 қыркүйектен бастап тарифтің көтерілетінін ресми жариялап та қойған. Бұл екеуі де «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы» АҚ-ның еншілес ұйымдары. Парламент Мәжілісінің де­путаты Дәния Еспаеваның ай­туынша, қосымша шығындардың шығуына байланысты жүк жө­нелтушілер өз кезегінде тауар­ларына үстеме қосуға мәжбүр болады.
– «ҚТЖ»ҰК»АҚ-ның жүк тасымалы мен вагондарды беру бойынша баға саясатын мемлекет бақыламайды. Ол өзінің нарық­тағы монополиялық жағдайына сүйеніп, тарифті үздіксіз өсіру арқылы өндірушілерді тығырыққа тіреп отыр. Одан бөлек, теміржол қызметтерінің қымбаттауына вагондарды жалға алушы аралық логистикалық компаниялардың делдалдығы да ықпал етеді. Қазір «ҚТЖ» өндірісті ұтымды ұйым­дастырып, өзінің экономикалық жетістіктерін арттырудың орнына бар проблемасын экспорт­тау­шы­лар мен басқа да жүк жөнелту­ші­лердің иығына артып қойған»,– дейді мәжілісмен.

 Ескірген парк тапшылық туғызады

Бүгінде еліміздегі локомотив-вагон паркінің 70-80 пайызының тозығы жеткен. Оны жаңартуға «ҚТЖ»ҰК»АҚ-ның өздігінен шамасы келмейді. Компания жа­ңадан локомотивтер сатып алу үшін 2032 жылға дейін 1,6 млрд доллар табуы тиіс. Ал осы ол­қы­лықтың бір кетігін тасымалдау тарифін көтеру арқылы толты­ра­мын деу қаншалықты орынды? Жүк жөнелтушілер кейде ло­комотивті пайдалану бағасы та­сымал құнының 40 пайызына дейін жетеді деп шағымдануда. Қазір локомотив тапшы­лы­ғынан вагондар шойынжолдың үстінде көп уақыт бос тұрып қал­са, оған төленетін айып мөлшері де өзгерген. Ақпан айынан бастап «Қазтеміртранс» АҚ басқа тариф енгізді. Егер оған дейін бос тұрған вагондардың 1 сағаты үшін 205 тең­ге төлеп келсе, енді қанша са­ғат тұрғаны есепке алынбайды, айып санкциясы тәулігіне 12 500 теңге болып бекітілген. Жүк жө­нелтушілер вагондар «ҚТЖ-Жүк тасымалы» ЖШС-ның локомотив бермеуі себебінен тұрып қалса да айыппұл төлеуге мәжбүр болады. Мәселен, вагондарды үш ай ұста­ған ақтөбелік компания KZ LOGISTICS COMPANY ЖШС-на 5 млн 237 мың теңге айып төлеген. Мұндай мысал көп. Осыдан бірнеше жыл бұрын Қазақстанның вагон паркі түгел­дей «ҚТЖ»ҰК»АҚ-ның қолас­тында болғанда жылжымалы құ­рамның тапшылығына қатысты еш проблема туындаған жоқ-ты. Кейін бар вагон паркі «Қазтемір­транс» АҚ-ға берілді, ал тасы­мал­даушы ретінде «ҚТЖ-Жүк тасы­малы» ЖШС жарияланды. Осы кезде вагондарды «Қазтемір­транс»АҚ-дан жалға алға алып, жүк жөнелтушіге үстемелеп са­татын делдарлар да пайда бола кетті. Бірте-бірте вагон паркі жалға алу шарты негізінде жекенің қолына біржолата өтіп кетті. Бұл жайт теміржол тарифтерінің жиі өсуіне, вагондардың тапшылы­ғына әкеліп соқтырды. Ал «жұ­мыртқадан жүн қырыққан» ара­лық компаниялардың пайда бо­луы жемқорлық тәуекелдерді туын­дататын төте жол екені жа­сырын емес. Мұндай жағдайда қолда барда қоныштан басып қалуды көздейтін пысықайлардың жекелеген өндірушілердің, жүк жөнелтушілердің сойылын соғып кетпесіне кім кепіл?

Жұмыртқадан жүн қырқатын делдал көп

Ақпан айында өткен Үкімет­тің кеңейтілген отырысында бұл мәселені Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев та көтеріп, теміржол көлігімен тасымалдау саласында түрлі делдалдың, монополиялық операторлардың, қажеті жоқ агенттердің көбейіп кеткенін айтып, мәселені біржақты шешуді тапсырған болатын. Сарапшылардың айтуынша, те­міржолда тарифті өсірмей-ақ шы­ғындарды үнемдеудің ішкі резерві көп. Оған тасымалдау ба­ғасын ондаған есе, тіпті жүз есеге дейін көтеріп жіберетін соңғы шақырымдарды айтсақ та жет­кілікті. Бұл мысалда жеке компа­ниялар шағын теміржол үзіктерін меншігіне алып, одан жүк өткізген жөнелтушілердің жонынан таспа тіліп отырған. Үкімет бұл шала­ғайлықты шешкендей болып еді, енді міне тариф қымбатшылығы тасымалдаушының тамағына кесе-көлденең тас болып тығы­лып тұр. Айта кетейік, теміржолмен та­сымалдау құны қымбаттаған сайын жүк жөнелтушілер авто­көлікке ауысып кетуі мүмкін. Мұн­дай жағдайда күрежолдың бойында абажадай жүк артқан даңғарадай фуралар қаптайтын болады. Ол жол үстіндегі басқа кө­ліктердің қозғалысына қиын­дық туғызып қана қоймай, аз уақыт ішінде асфальтты шұрық тесіп, іске алғысыз қылып тас­тай­тыны анық. Мұндай жағдайдан көршіміз Ресей де өтті, таяудан Иран да бастан өткерді. Ислам мемлекетінде теміржол тарифтері қымбаттағанда жүк жөнелтушілер жаппай автотасымалға ауысып, жолдарын талқандап алған. Со­ның салдарынан онсыз да санк­циядан көз ашпай отырған ел миллиардтаған доллар шығынға батты. Оның шығыны, әрине мемлекеттің мойнына артылады, мәселенің осы жағын да ойлап қойған артық болмас. Қазір бәрі қымбаттап жатқан заман, әсіресе азық-түлік бағасы шырқап тұр. Егер осыған темір­жол тарифтерінің өсуін қоссақ, бұл инфляцияның өршуіне ай­рықша екпін бере түседі. Өйткені тасымал тарифінің артуы барлық тауардың – бір бөлке наннан бастап даңғарадай жиһаздар мен жабдықтардың бағасына үстеме болып қосылады. Халықтың тұр­мысы қиындап, өндіріс пен ауыл шаруашылығы шатқаяқтап жат­қанда ол жығылған үстіне жұ­ды­рық болып тимей ме?!