Қаңтар оқиғасы кезінде арандап қалған кейбір азаматтар қылмыс жасауға дейін барған. Ішкі істер министрлігі Тергеу департаментінің бастығы Санжар Әділов Қаңтар оқиғасына тікелей қатысы бар күдіктілерді анықтау әлі аяқталмағанын айтты, – деп хабарлайды Aikyn.kz. AstanaTV-ның дерегінше, полиция 4 мың 600-ден астам қылмыстық істің 971-ін тергеп болған. 609 іс сотқа жіберілді.
ІІМ Тергеу департаментінің бастығы Санжар Әділов: «Сот шешімімен 539 айыпталушыға үкім шықты, олардың 425-інің бас бостандығы шектелді. 104-і ауыр және аса ауыр қылмыс жасағаны үшін бас бостандығынан айырылды. Тергеушілерінің өндірісінде 276 іс бар», – деді.Бұрын сотталмаған, шығынды өз еркімен өтеген 421 күдікті ешқайда кетпеу туралы қолхатпен, кепілмен немесе үйде қамауда ұстау сияқты бұлтартпау шарасымен босатылды. Жаппай тәртіпсіздік кезінде құқық қорғау органдарының қызметкерлеріне қарсы күш қолданған азамат 3 жылға бас бостандығынан айырылды. Ал бүлік кезінде ұрланған 2087 қарудың қайда кеткені әлі белгісіз. Полиция бүгінгі дейін 873 қаруды тауып, тәркілеген.